Бұл туралы, әсіресе, Маңғыстау ауданының Ұштаған ауылына қатысты айтуға болады. Тарихы қалың, 1928-30-жылдары ТОЗ негізінде құрылған ауыл – тәуелсіздікпен бірге түлеп, дамудың тың жолын тапқан ауылдардың бірі. Шағын мектебінен «Заманымыздың заңғар жазушысы» атанған Әбіш Кекілбай аттестат алған Ұштаған – бүгінде 2 мыңға жуық тұрғынның құтты мекені.
Ауылда орта мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, мектеп жанындағы интернат және «Қазтелеком», Қазпошта, «ҚазТрансГазАймақ», МРЭК, ІІБ-нің, «Жасыл әлем» ЖШС, «Дария» МКК бөлімшелері жұмыс істейді. Ауылға қарай мысықтабандап бет алған іргедегі сусыма құмның көшкіні қаупін тойтару маңызды жұмыстардың бірі болды. 2007 жылдан бастап «Алматы географиялық институты» жүргізген зерттеу нәтижесінде 2009 жылы «Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының» тапсырысымен «Жасыл ел» МКК құрылып, оның Ұштағандағы бөлімшесі арқылы құм сілемдерін өсімдік жамылғысымен көмкеру жұмыстары жүргізіле бастады. Орталық бақтың шығыс, батыс бағыттарындағы аумақтарға қоршау, екпелерді егу, және өсімдік жамылғысын қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы көлемі 1330 га болатын аумаққа жылына 100 мың түпке дейін жүзген, сексеуіл, жыңғыл, басқа да бұта тектес өсімдіктер отырғызылады.
Алыстағы ауыл деген атты жамылып, өз-өзінен оқшауланып қалмай, жаңғыруға ұмтылған ауыл газбен, сумен және тоқпен толықтай қамтылған. Ақтөбе ауылдық округінде
«Балапан» бағдарламасы бойынша құрылысы 2015 жылы салынған 80 орындық нысан балабақшаға сұранысты толық қамтып отыр және мамандары жеткілікті, балалардың тәрбиеленуіне мүмкіндігінше жағдай жасалған.
2015 жылы шілде айында мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында типтік жобадағы 40 орындық дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Амбулатория құрамында 10 төсектік күндізгі бөлім бар, келушілерге 3 жоғары білімді дәрігер, терапевт, педиатр, гинеколог, 13 арнаулы орта білімді мейірбике қызмет көрсетеді.
Бұдан он үш жыл бұрын пайдалануға берілген орта мектеп – «үлгі тұтарлық мектептер қайсы?» дегенде, алдымен ұсынылатын облыстағы алдыңғы қатарлы мектептердің санатында. Мектеп жылыжайын гүлдендіріп, ауылдың өткен тарихы мен табиғатын, қарапайым еңбек адамынан бастап, ірі тұлғалары мен басшы-қосшыларына дейін түгендеген, әр жылдардағы мектеп түлектерін тізбелеген, киелі жерлер, тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы экспонаттар мен деректерді шоғырландырған өте бай мұражайды ауыл туралы үлкен кітап деуге болады. Табалдырығынан аттай қадам басып, қайта айналып шыққанда Ұштаған туралы кітап оқып бітіріп немесе деректі фильм көріп шыққандай, сондай-ақ аталған ауылдың әр жылдарда өмір сүрген тұрғындарымен тілдесіп шыққандай әсерде болдым.
– 2016 жылы шағын Жарма елді мекеніне «Шөлтөбе – Ұштаған – Жарма» бағытымен газ тартылды. 2016-2017 жылдары «Жол картасы», «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларымен табанжол (тротуар), орталық бақты абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округты аудан орталығымен байланыстыратын автомобиль жолына 1982 жылы асфальт төселген еді. Өткен жылы басталған Шетпе – Ұштаған тас жолының 60 шақырымы, ауылдық жолдардың 4,8 шақырымына жөндеу жұмыстары биыл жалғасын табуда, – дейді ауыл әкімі.
Ауыл бойынша жолаушылар тасымалдау Ұштаған – Шетпе – Ұштаған, Ұштаған – Ақтау – Ұштаған бағыттары бойынша жүзеге асырылады және тасымалдаудың негізгі көлемін жеке кәсіпкерлер орындайды.
Ауыл тұрғындары үшін басты мәселенің бірі болып келген байланысқа қатысты күрмеу де шешімін тапты. Қазіргі таңда 240 сыйымдылықтағы АТС қондырғысы жұмыс істейді. 2012 жылы Ұштаған ауылына, 2014 жылы Жарма, Сазды елді мекендеріне «KCEII», «Beeline» ұялы байланыс операторлар қызметі қолданысқа берілді. «DAMA» спутниктік байланыс орнатылып, ұштағандықтар оптика-талшықты байланыс арқылы интернетпен қамтылған.
Туған ауылына көмек беруді парыз санаған кәсіпкер түлектер – Сүлеймен Қоқанов халық игілігіне ауылдан мешіт салып берсе, Асылбек Жолдыбаев өз қаражатына ауылішілік 4,8 шақырым жолға асфальт төсеп, жерлестерін қуанышқа бөледі. Таяуда Асқар Өтепбергенов атындағы орта мектептің 1982 жылы туған түлектері ауылдың орталық саябағына көркем безендірілген қақпа орнатты. Ауыл жастары бірін бірі толықтыратын демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Мысалы, 1978 жылы туған мектеп түлектері ауылдағы орталық алаңға ашық сахна орнатса, 1980 жылы туғандар ауылдың кіреберісіне айшықты ауыл атауын, 1981 жылы туған жастар кіреберіс қақпа, ал 1965 жылы туған мектеп түлектері орталық көшеге «Түлектер паркін» ұйымдастырып, ауылдың ажарын ашып, көшенің көркін кіргізді.
Ауыл әкімі іргелес ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына «Өзенмұнайгаз» АҚ, «СӨТБ» ЖШС, «Кезби» ЖШС сынды компаниялардың көмегі көп болғандығын ризашылықпен атады. Аталған компания басшылығы ел үшін жасалған өтінішті аяқасты етпей Епік жерінде жаңа фонтан қазып, мал басын өсуіне кедергі болып отырған су тапшылығы мәселесін шешуге көмек қолын созумен қатар, Үштаған-Жаңаөзен бағытында Желтимес тауынан жаңа жол салуға жәрдем берген. Жаңа жол аталмыш ауыл мен мұнайлы қала арасындағы қатынас қашықтығын 35 шақырымға қысқартуға қол жеткізді.
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Облыстағы ауылға қатысты түрлі байқауларда тұрақты түрде топ жарып, атауы мақтаумен ауызға алынатын ауылға журналистік қызығушылықпен іссапарға барғанда бұл жетістіктің сырын табуға ұмтылдым. 2013 жылы «Үздік аула» облыстық телевизиялық байқауында үштағандық Ә.Нұрлыбаевтар отбасы бас жүлдеге ие болса, 2019 жылы Н.Нұрсебеповтер «Мерейлі отбасы» байқауында облыс бойынша 1 орынға ие болды. Ал Ақтөбе ауылдық округі 2006 жылғы «Үздік ауыл» облыстық конкурсының, 2017 жылы «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсының жеңімпазы атанды. Көп нәрсе аудан орталығы Шетпеден 60 шақырым қашықтықта жатса да тірлігін тап-тұйнақтай етіп, ақшаңқан үйлерін сәнмен сап түзетіп, түтіні түзу ұшқан ауылдың әкімі Жанбибі Тұрарбекқызының іскерлігіне байланысты екендігі аян. Салыстырмалы түрде аудан орталығынан дәл осыншалықты қашықтықтағы өзге ауылдардың бірқатарының тірлігінің кетеуі кетіп, тоқырауы тоқтаған емес, тіпті облыс орталығы Ақтау қаласымен қанаттасып жатқан кейбір ауылдар тұрғындарының айтар арыз-шағымы таусылған емес. Маңғыстау облысындағы жалғыз әйел әкім – әйел затының қалай ел басқарып, қалай халыққа адал қызмет ететіндігін бір өзі дәлелдеп келеді. Әрине, қалың халықтың көңілінен шыға қою қиын, әйтсе де оны халыққа қызмет етсем, елдің сенімін ақтасам деген ең биік мұрат қанаттандыратын секілді. 2010 жылы әкімдікке тағайындалып, 2013, 2017 жылдары сайлау бойынша қайтадан ауыл тізгінін қолына ұстаған ол енді ауылда тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға қолайсыз әсерін болдырмаудың тиімді жолы ретінде полигон салу және ауылдың барлық үйлері орталықтанған су желісіне қосылғандықтан, тұрмыстық су қалдықтарын жинақтау үшін кәріз су құбырын тарту мәселелерін шешуді мақсат етіп отыр. Жасаймын деген ниет болса, әр мәселенің шешімін табатыны анық.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауыл мәселесіне айрықша мән беріп, заманауи ауыл, қуатты өңірлерді қалыптастыруға бағыт бергенін, ауылды жерлерді кешенді түрде дамытып, заманауи өмірдің стандарттарына жақындату, алдыңғы кезекте ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға күш салу керектігін, сапалы автожолмен, ауызсумен қамтамасыз етіп, көгалдандыру жұмыстарын жолға қою қажеттігін тапсырған белгілі. Осы орайда өзінің үлгілі тірлігімен, көрікті бейнесімен, тазалығы, тұрмысы бір-біріне жарасымды үйлескен Ұштаған ауылы мен оның әкімінің жоқтан бар жасап, елге болсын дейтін ниетпен жұмыс жасайтын іскерлігі өзге ауылдарға үлгі бола алады.
Сейсенбі күнгі жұмысты ауылдағы ардагердің үйіне бас сұғып, хал-жағдайын сұраумен бастаған әкім Ж.Молдашева ауыл аналары арасында байқау ұйымдастырып, алдыңғы орындарды иеленген екі әжені арнайы жолдамамен теңіз жағалауындағы «Сая» демалыс базасына аттандырып салды.