Азия Кемелбек – 4 баланың анасы. «Серпін» бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан отбасымен Қостанай облысының Кеңарал ауылына көшкен. Елбасының «Нұр Отан» партиясы съезіндегі сөзінен соң, көп балалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек алатынына сенімді еді. Алайда сенімі алдап тұр. «Мен сәуірден бастап аталған жәрдемақыға құжат қабылдайтынын естіп, жұмыстың арасында сұранып, ауылдан ауданға (Қостанай облысына қарасты Федоров ауданы) бардым. «Серпіндіктер» бірнеше дипломы мен сертификаттары бар күйеуіме жұмыс тауып береміз деген уәдесін орындай алмай отыр. Бір айлыққа қарап отырмыз. Сондықтан маған жәрдемақы берілетініне сенімді болдым. Бірақ аудан әкімдігіндегілер үш жүз бірдеңе теңге асып тұрғанын айтты. Біз 4 балам, екі ересек бір ғана мектеп мұғалімінің жалақысына телміріп отырсақ та күн көрісіміз төмен деңгейдегі отбасына жатпайды екенбіз», деп ашынады ана. Оның айтуынша, мамыр айының 20-сы күні кенжесі 1 жасқа толған екен. 1 жасқа дейінгі төленетін мемлекеттік жәрдемақы кіріс болып есептелген көрінеді. Әкімдік қызметкерлері көп балалы анаға баласы бір жасқа толып, кіріс кіру тоқтатылғаннан кейін келуге кеңес берумен шығарып салыпты.
Сабылтқан субсидия сомасы
Осы мәселемен 111 сенім телефонындағы арнайы мамандар да жауап бере алатын болғандықтан, сонда хабарласып мән-жайын сұрадық. Ондағы Адель есімді қызметкер Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау шарттары бойынша балаға 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы кіріс болып есептелетінін айтты. «Алайда әр бала 18 жасқа толғанша берілетін бұл көмек көрсетілуі үшін отбасына төленетін ай сайынғы субсидия кіріс көзі ретінде саналмауы керек. Бірақ оны тек жергілікті атқарушы органдағы арнайы комиссия ғана шешеді», деді. Жедел желідегі маманның кеңесіне сүйенсек, кейіпкерімізге енді қазанның 1-не жақын ғана бару керек. Өйткені сол уақытта кенжесі үшін берілген жәрдемақы мен күйеуінің стипендия алмағанына 3 ай толады екен. Ал атаулы әлеуметтік көмекті отбасының соңғы үш айлық кірісі бойынша есептеп тағайындайды. Бірақ ана сол қазан айында барса, үйге берілетін субсидияның алдынан тағы шықпасына кім кепіл?
Кейіпкеріміздің күйеуіне хабарластық, ол: «Әйелім баламен үйде отырғанда мен жұмыс істеп жүрдім. Оқу кезінде балаларды ауылдан әжесі келіп қарап берді. Енді мынау 21 мыңға қол жеткізе алмай жүрміз ғой. Ең болмаса, сол жарым жұмыссыз кезде жетіспеушіліктен алған несиені кеше Президенттің Жарлығы арқасында жауып алсақ деген үмітіміз бар еді. Бірақ кеше әйеліммен өзім жұмыспен қамту орталығына барғанда көз жеткіздім: қолымызға тимейтін субсидияны санап отырғанда несиені кешіретініне мүлде сенбей қалдым», деп қынжылады. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны жүргізіп жатқандар көшетін кезде екеуіне де жұмыс тауып беретінін айтқан. Бірақ әйелі мектепке кіргенімен, өзіне тек мектептің көмір жағатын жұмысы бұйырыпты. «Есектің артын жусаң да мал тап» деген аталы сөзге тоқтаған отағасы қызмет таңдамай істепті. Бірақ күн жылынғанда ол да тоқтаған.
Мәселенің мәнісін білмекке бел буып, Қостанай облысындағы Федоров ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығына қоңырау соқтық. Атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне жауапты маман Татьяна Волоткевич сәуірде енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттен төленетін субсидия кіріс болып есептелетінін жеткізді. «Отбасының кірісіне мұғалім болып жұмыс істейтін әйелінің айлығы, жалдауға берілетін субсидия сомасы, сонан соң аз уақыт қызмет еткен күйеуінің жалақысы қосылды. Бұл – құжат тапсыруға келген уақыттан үш ай алдыңғы кіріс бойынша есеп. Соның барлығын қосқанда бұл отбасындағы бір адамға арналған күнкөріс мөлшері 26 мың 893 теңгені құрады. Ал ең аз күнкөріс мөлшері – 20 мың 789 теңге. Сонда оларда отбасындағы бір адамға 6 мың 109 теңге артық», дейді аталған маман. Т.Волоткевич кейіпкеріміз 3 айдан кейін құжат тапсырса, АӘК алудан мүмкіндігі бар екенін айтады. Өйткені сол уақытта субсидияның төлену мерзімі бітеді, ал күйеуінің қысқа мерзімді курстан алған стипендиясы кіріс көзі болып есептелмейді екен. Алайда қазір жұмыс іздеп жүрген жолдасы қандай да бір кіріс көзін тапса және отбасының ортақ қаржысы 124 мың 734 теңгеден (отбасында балаларымен қосқанда 6 адам, бір адамға – 20 мың 789 теңге) бір тиын асып кетсе, АӘК-ні ала алмайды. Ескерте кетейік, әр өңірде кедейлік шегінің мөлшері әртүрлі.
Ал көп балалы ана жоғарыдағы кеңеске күдікпен қарайды: «Бұл бір бітпейтін үш ай болды ғой. Сәуірде барғанда үш айдан соң келуге кеңес берді. Шілдеде құжат тапсырайық десек, келесі үш айда келу керектігін айтады. Ол кезде де бір кедергі кесе көлденең тұрса, таңғалмаймыз», дейді үмітінен күдігі басым кейіпкер.