Достастықтағы бірегей кәсіпорын
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:20
ТМД аумағындағы рентген аппараттарын шығаратын бірегей кәсіпорын – «Ақтөберентген» акционерлік қоғамы жаңа жылға мол тартумен келді. Бұрынғы жылдарға қарағанда, өндіріс көлемі кеңейіп, өндірістік көрсеткіштерде ілгерілеу болды. Жаңа технологиялық жобаларды жүзеге асыруда зауыттың инженер-техник қызметкерлері жыл өткен сайын белсенділік танытуда. Соның нәтижесінде кәсіпорын қазір әлемдік стандарттарға сай өнімдер шығарып,
Сәрсенбі, 9 қаңтар 2013 7:20
ТМД аумағындағы рентген аппараттарын шығаратын бірегей кәсіпорын – «Ақтөберентген» акционерлік қоғамы жаңа жылға мол тартумен келді. Бұрынғы жылдарға қарағанда, өндіріс көлемі кеңейіп, өндірістік көрсеткіштерде ілгерілеу болды. Жаңа технологиялық жобаларды жүзеге асыруда зауыттың инженер-техник қызметкерлері жыл өткен сайын белсенділік танытуда. Соның нәтижесінде кәсіпорын қазір әлемдік стандарттарға сай өнімдер шығарып, салалас өндіріс орындары арасында көш бастауда. 2007 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-тың қолдауымен Еуропаның бірқатар елдерінде, Канада мен Жапонияда шығарылған заманауи құралдармен жабдықталған кәсіпорын өндірістің жаңа деңгейіне өткен болатын. Инвестициялық жобаның 2006-2008 жылдардағы бірінші кезегін жүзеге асырудың нәтижесінде акционерлік қоғамның өндірістік базасы ауыр рентген техникасының бұрынғыдан да көп түрін дайындауға мүмкіндік алды. Осында шығарылатын «АРМАН» рентген аппараттары мен «ФлюАРком» флюорографиялық кабинеттері әр емханада, әр ауруханада тұр десек, артық емес. 20-30 жылдан бері шығарылып келе жатқан «АРМАН» маркалы аппараттар Қазақстанның ғана емес, Ресейде де, Украинада да сұранысқа ие.
Мұнда сондай-ақ, италиялықтармен бірлесіп «АРДИАГНОСТ» диагностикалық кешені шығарылады. Үкіметтің дағдарыстан кейінгі уақытта экономиканы диверсификациялай отырып, шикізатқа бағыныштылықтан кетуді ұстанған дағдарысқа қарсы бағдарламасының аясында кәсіпорында өндірісті ұйымдастыру және ауыр медициналық рентген техникасы саласының тармағын құру жобасы жасалған. Акционерлік қоғам өзінің өндірістік базасында өте күрделі жоғары технологиялы медициналық рентген техникасы – компьютерлік томография дайындауды қолға алды. Еліміздің машина құрылысы саласындағы инновациялық, серпінді бағдарлама болып есептелетін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында дайындалған он алты қималы алғашқы қазақстандық компьютерлік томография Ақтөбедегі емханалардың біріне орналастырылды. Бұл жобаны жүзеге асыру, яғни кәсіпорынның өте қарапайым және жеңіл палаталық аппараттарды өндіруден рентген-диагностикалық кешендер мен компьютерлік томография секілді күрделі өнімдер мен ақпараттық жүйелерге ауысуы Қазақстандағы машина құрылысы саласына тың серпін берді. Қазір бәсекеге қабілеттілік деңгейінің көрсеткіші бойынша бұл зауыттың өнімдері медициналық мақсаттағы рентген-диагностикалық аппараттар дайындау саласында бұрынғы кеңестік елдердің кәсіпорындары арасында үздік бестікке кіреді.
Кәсіпорын сандық компьютерлік технология, жоғары жиіліктегі қуат беретін құрылғылар, микропроцессорлық және есептеу техникасы саласындағы озық жетістіктер негізінде рентген-диагностикалық медициналық аппараттар түрін көбейтуді, оларды одан әрі жетілдіруді көздеуде. Қазір «Ақтөберентгеннің» өнімдерін әлемнің жиырмадан астам елі пайдаланып отыр. Олардың арасында «ЖЕҢІС», «САНЖАР» стационарлық рентген флюорографиялық аппараттары, бірінші медициналық жәрдем көрсететін жылжымалы «АРГАЛЕН» кешені, бактериологиялық жылжымалы «АРРАЗИ» зертханасы, жылжымалы дезинфекциялаушы «АРХИМЕД» кешені және басқаларының техникалық параметрлері бойынша деңгейі посткеңестік кеңістіктегі елдердегі кәсіпорындары шығаратын осындай өнімдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, анағұрлым сапалы. Мұнда Денсаулық сақтау министрлігінің апаттық медициналық қызметі үшін жылжымалы госпиталь жасау жүйеге түсті. Көп функциялы жылжымалы медициналық кешен төтенше жағдай болған аймақта, қайғылы жағдайлар орын алған ошақтарда қолданылады. Кәсіпорынның «Қазақстан Республикасының 2015 жылға арналған көлік стратегиясын» жүзеге асыру барысында жасалған серпінді өнеркәсіптік жобасы – «АРСКАН» инспекциялық-тексеру кешенінің жобасы дайындалды. Бұл кешеннің базасында жүк көліктерін ашып-жаппай-ақ кедендік тексеруден өткізуге болады екен.
Маммографиялық, хирургиялық, урологиялық, стоматологиялық және басқа мамандандырылған рентген-диагностикалық техникалардың тағы бір толқынын одан әрі өндіру, жасау, шығару кәсіпорынның күнделікті жоспарындағы жұмыстар. Жалпы, кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Акционерлік қоғам жұмысшыларының орташа еңбекақысы 90 мың теңге шамасында. Оларға еңбек және өндірістік жағдай туғызылған, әлеуметттік қолдау да жақсы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».