Қазақстан • 09 Шілде, 2019

Елдіктің ерен үлгісі

327 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанның астанасы ретінде іргетасы берік бекіген Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде дүйім жұртты жасампаздыққа жетелеген, жер-жаһан тамсанған жауһарға айналды.

Елдіктің ерен үлгісі

Өткен ғасырдың 90-жыл­дары астананы ауыстыру жө­нін­дегі Елбасының бастамасын қол­даушылар саусақпен санарлық еді. Көпшілік бұл жобаның жүзеге аса­тынына күмәнмен қарады. Мұн­дай сенімсіздік танытудың өзін­дік негізгі себептері де бар-тұ­ғын. 

Біріншіден, ол – елдің тұтас­тай экономикалық ахуалы. Сол уа­қытта Қазақстан нарықтық эко­номикаға ат басын енді бұра бастағандықтан, алда көптеген сын-тегеуріндер күтіп тұр еді. Екін­шіден, мемлекеттілік құры­лымға үлкен көңіл бөлінді. Би­лік­тің басым институттары жаңадан құ­рылды. Қуатты үкімет құру көп күш-жігерді талап етті. Үшін­ші­ден, Ақмоланың ауқымы тар еді. Ин­фрақұрылымы әлсіз, оның үс­ті­не климаты қатаң, халық са­ны 300 мыңға толар-толмас кіш­кен­тай қала болды.

Алайда астананы ауыстыру туралы шешім көптеген фактор­ларды есепке алғаннан кейін қа­былданды. Нақтырақ айтсақ, жұ­мыс күші, демографиялық әлеует, сейсмикалық ахуал, әлеу­меттік-экономикалық көрсет­кіштер және т.б. жалпы саны 32 фактор назарға алынды. Ше­шуші фактор қаланың геогра­фиялық орналасуында болатын. Ел жүрегінде орналасқан қала рес­публиканың басты эко­но­ми­калық орталықтары мен күре­тамырларын біріктіруге таптырмас мүмкіндік берді. 

Жоғарыда аталған күмән тек уақыт өте келе сейілді. Бүгінгі таң­да Елбасы бастамасының өмір­­шең әрі жасампаз болғанын көріп отырмыз. Бұл шын мәнісін­дегі стратегиялық тұрғыда да­на әрі көреген саясат болды. Нұр-Сұлтан қаласының даму қарқы­нына қарап осындай байламға келе­сің. Қазіргі уақытта астанамыз елі­міздің үздік кадрларын шо­ғыр­ландырған инновация мен қо­ғамның даму орталығына айнал­ды. 

Қазақстанның экономика, мәдениет және ғылым сала­лары­ның халықаралық аренада кеңінен танымал болуында елорданың орны ерекше. Бас қаланың салтанатты түрде халықаралық ресми таныстырылымы өткеннен кейін бір жылдан соң, яғни 1999 жы­лы ЮНЕСКО Астананы «Бей­біт­шілік қаласы» деп жариялады. 
Елорда ірі инвестициялық ресурстарды тарту бойынша жа­һанға танылды. 2018 жылы астана экономикасына 1 трлн 56 млрд теңге мөлшерінде инвестиция құйылды. Оның 86%-ы жекеменшік инвестициялар екенін атап өткен абзал. 

Сондай-ақ елорда көптеген ха­лықаралық іс-шараларды өткі­зетін, маңызды келіссөздер жүр­гі­зетін, жалпы шетелдік бастамаларды жүзеге асыратын орталыққа айналды. Бұл шешуші қадамдар Қа­зақ­станның Еуразиялық Швей­цария ретінде бірегей мәртебесін қалыптастырды.

Жыл сайын мыңдаған таны­мал сарапшылар, ғалымдар, мем­лекет қайраткерлері, бизнес көш­басшылары мен бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкіл­де­рінің басын қосатын Астана эко­номикалық форумы және Астана клубының отырысы елорданың төлқұжаты іспетті. 

Елбасы бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезі тұрақты түр­де өткізіліп келеді. Ол бас ша­һар­дың «бейбітшілік қаласы» мәрте­бесін бекіте түскендей. Осы күнге дейін съезд 6 мәрте ұйым­дас­тырылды. Аталған форум дін көшбасшыларының жаһандық диалогы үшін тиімді алаң ретінде танылды.

Оған қоса, Нұр-Сұлтан қаласы бүкіләлемдік қоғамдастыққа Ас­та­на процесін сәтті өткізуімен де мәшһүр. Елорда Сириядағы шие­ле­ністің күшеюін бәсеңдетуге ықпал ететін бейтарап алаң ре­тінде танылды. 

Нұр-Сұлтан қаласының ха­лық­аралық ықпалының кеңейгеніне бас қала төрінде дүрілдеп өткен ЭКСПО-2017 көрмесі дәлел. Бұл шара Қазақстандағы туризм, инвестиция, экономика және мәдениет салаларына айтар­лық­тай оң әсерін тигізді. Осы­лай­­ша көрме өткізілген уақыт аралы­ғында ІЖӨ-нің көрсеткіші 4 есеге артты. Шараға 187 елден 4 млн адам қатысты. Жалпы, шараға 115 ел жә­не 22 мекеме атсалысты. ЭКСПО көрмесінің тақырыбы эко­­но­­микалық даму саласында ғалам­­дық трендке айналған баламалы энергия көздерін қолдануға арналды. 

ЭКСПО өткеннен кейін оның аумағында Еуразия­ның ірі қаржы хабына айналып келе жатқан Астана халықаралық қаржы орта­лығы өз жұмысын бастады.

Тұрғын үй құрылысына құ­йыл­ған инвестиция көлемі 20 жыл ішінде 1,6 трлн теңгеге жетті. Қаланы тек құрылыс қарқыны ғана емес, сонымен қатар айрықша сәулеті де ерекшелейді. Көпшілік елорданың қалыптасуына аз уа­қыт өтсе де тарихы бай деп бі­леді. Оған, біріншіден, қаланың ха­лықаралық аренадағы салмақты орны себеп. Екіншіден, бас қала­ның бірегей келбетін жасауға қазақстандық және әлемдік же­текші сәулетшілер тер төкті. Әй­гілі жапон сәулетшісі Кисе Ку­рокава елорданың бас жоспарын әзірледі. Танымал ағылшын сәу­летшісі Норман Фостер «Бей­біт­шілік және келісім сарайы» мен «Назарбаев орталығы» ғима­раттарын жобалады. 

Білім беру және медицина салалары да – қала дамуының мейлінше маңызды бағыттары. Бұл ретте 2010 жылы әлемнің үздік университеттерімен ынты­мақ­тастық орнатқан заманауи үлгідегі Назарбаев Универ­ситет­тің ашылуы күллі ел үшін үл­кен оқиға болды. Бүгінде жо­ға­ры оқу орнында 50-ден астам ел­дің оқытушылары дәріс береді. Со­ны­мен қатар университет аясында жұмыс істейтін ғылыми зерттеулер орталықтары бар.

Қазақстанда шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Бола­шақ» бағдарламасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері табыс­ты жүзеге асырылып келеді. Енді одан да көп студенттер аталған оқу ордасының арқасында шетел­дің үздік ғалымдарынан білім алуға мүмкіндік алды. 

Медицина саласының дамуы қарқын алды. Алдыңғы қа­тар­лы технологиялар мен озық тәжі­рибелерді тиімді қол­да­н­атын Ба­ла­ларды оңалту орта­лығы, Ұлт­­тық ғылыми кардио­хиру­р­гия­лық орталығы, Нейро­хирур­гия орта­­лығы сияқты инно­вациялық орта­­лық­тар халыққа қызмет көр­се­туде. Осының нәтижесінде Ор­та­лық Азия­да баламасы жоқ ғылы­ми-меди­ци­налық кластер қалып­тасты. 

20 жылдан астам тарихы бар елорда барша Қазақстанның бо­лашақ дамуын айқындайтын басым міндеттер мен мақсаттар қабылданатын маңызды орталық екені сөзсіз. Қала Елбасының не­гізгі тапсырмаларының бірі адам капиталын дамыту идея­сы­ның жарқын көрінісі ретінде дами түсуде. 

Жаһандық сарапшылар адам ка­питалын экономиканың «жаңа мұ­най көзіне» балаған бү­гінгі уа­қытта дәл астана бар­ша халық­ты жасампаз әрі жаңа­шыл өзгеріс­тер­ге жетелейтін шам­шы­рақ болары сөзсіз. 

Елорданы Қазақстанның ін­жу-маржаны деу бекер емес. 20 жыл­дан астам уақыт ішінде ауыз тол­тырып айтарлықтай жетіс­тік­терге қол жеткізілді. 2017 жылдан бері қаланың жал­пы өңірлік өнім көрсеткіші 190 есеге артып, 5 трлн теңгені құ­рады.

Ілгерілеу бар жерде, кедергілер де бетпе-бет келетіні секілді, қа­ла дамуында түрлі мәселелердің туындауы заңдылық. Әсіресе жол инфрақұрылымын жақсартып, қаланы абаттандырып, қоғамдық көліктер мен коммуналдық қыз­мет­тердің жұмысын жақсарту күн тәртібіндегі мәселе. 

Әйтсе де Нұр-Сұлтанның әрбір тұрғыны өз үйінің тере­зе­сінен әуелде Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы мен арманы болған, бүгінде үздіксіз даму даңғылына түскен әсем қаланы көреді. Бұл – даусыз шындық.

Ержан САЛТЫБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының директоры