Спорт • 09 Шілде, 2019

Бразилия Америка кубогын жеңіп алды

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Бразилияда өткен Америка кубогында жарыс қожайындары жеңімпаз атанды. Финалдық матчта Бразилия Перу құрамасын қабылдап, 3:1 есебімен басым түсті.

Бразилия Америка кубогын жеңіп алды

Рио-де-Жанейро қаласындағы әйгілі «Маракана» стадионда өткен кездесудің алғашқы голы бірінші таймның 15-минутында соғылды. Габриэл Жезустің қапталдан асырған пасына бірінші жеткен Эвертон Перу қақпашысын қапы қалдырды. Тайм аяқталар тұста төреші Бразилия қақпасына пенальти бел­гіледі. 44-минутта Хосе Герреро 11 метрлік айып до­бын сәтті орындап, есепті теңестіріп кетті. Перу­лық­тар­дың қуанышы ұзаққа созылмады. Ойынның негізгі бөлігіне қосылған қосымша минутта Габриэл Жезус гол соғып, Бразилияны алға шығарды. 

Екінші тайм аяқталар тұста төреші енді Перу қақпасына пенальти белгіледі. Бразилиялық футболшы Ришарлисон айып добын сәтті орындап, құрамасына жеңіс сыйлады. Осылайша Бразилия құрамасы соңғы 12 жылда бірінші рет Америка кубогын иеленді. Ал жалпы тоғызыншы рет топ жарып отыр.