Кенді кенттің кеспесі
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:49
Ол импорттық өнімнен әлдеқайда сапалы
Кеден одағына кірерде «Ресей мен Белоруссиядан келетін тауарлар нөпірі біздің кәсіпкерлерді жұмыссыз қалдырады» деген қаңқу сөз дуылдап барып басылған. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық жұмыстары біраз жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл туралы сөз бола қалса «Дүкен сөрелері сырттан келетін сапалы арзан тауарларға толып кетеді-ау, біздің өндірушілер бәсекеге шыдас бере алар ма екен?..» деген күдікке бой ұрушылар да жоқ емес.
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:49
Ол импорттық өнімнен әлдеқайда сапалы
Кеден одағына кірерде «Ресей мен Белоруссиядан келетін тауарлар нөпірі біздің кәсіпкерлерді жұмыссыз қалдырады» деген қаңқу сөз дуылдап барып басылған. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық жұмыстары біраз жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл туралы сөз бола қалса «Дүкен сөрелері сырттан келетін сапалы арзан тауарларға толып кетеді-ау, біздің өндірушілер бәсекеге шыдас бере алар ма екен?..» деген күдікке бой ұрушылар да жоқ емес. Ал елімізде бір-екі жылдан бері дамудың кепіліне айналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі ірі өндірістерден немесе ауыл шаруашылығынан орын алды. Рудныйлық жас кәсіпкер Азамат Нұрғазин тұтынушылардан сұранысқа ие өнім өндіретін кәсіпорын ашу туралы көптен ойланатын. Сол ойын жүзеге асыру үшін тез дайындалатын кеспені сегіз ай бойы зерттеді. Ерінген жоқ, алдымен Ресейдің көрші облыстарына барды, Қазақстанның оңтүстік облыстарын аралады. Қытайдан әкелінетін кеспе дүкендерде сықап толып тұрғанмен тез өтеді. Жолаушы шыққандар да пойыздың ішінде иісін бұрқыратып кеспе жейді, түстік тамақ үшін де жұмысқа осы тағамды алатындар аз емес.
– Қытайдың кеспесін жұртшылық көп алғанмен, одан асқазаны сыр бергендер толып жатыр. Кеспенің тең жартысы бидай ұны емес. Өйткені, Қытай біздің ел сияқты астыққа бай ел емес қой, олардың өзі ұнды сырттан сатып алады, – дейді тез дайындалатын кеспе шығарып отырған «Ақ барыс» НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Нұрғазин. – Біз бәсекеге төтеп беру үшін тек ғана сапаға жүгінуіміз керек. Кеспені сапалы ететін оның құрамы ғана. Ал еліміздегі астық державасы саналатын Қостанайда отырып, қытай ғұрлы кеспе өндіре алмасақ ұят-тағы!
Осы кезге дейін кеспені сырттан әкелгенде тасымал, кеден шығыны тұтынушыға жеткенге дейін тауардың өзіндік құнын көтеріп жіберетін. Сапасы өз алдына. Осының барлығын кәсіпкер бүге-шігесіне дейін есептеп, Рудный қаласында зауыт ашуға бел байлаған. Жақсы іс жерде қалмайды. Инновациялық-инвестициялық жобаның құны 150 миллион теңге тұрды. Шығынның басым бөлігін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы субсидиялады. Қазір зауытта кеспе озық технологиялық желіде дайындалады. Алдымен үлкен ыдыстан бөлініп түсетін қамыр жұқалап жайылады, одан кесіледі де буға пісіріледі, ең соңында қуырылады. Осы үдерістің барлығы санаулы минуттарда атқарылады. Ең бастысы, кеспе құрамының 90 пайызынан астамы қазақстандық мазмұнға ие. Кеспенің қамыры тек қостанайлық жоғары және бірінші сортты ұннан, тұздан, судан тұрады. Ал сиыр еті, тауық, саңырауқұлақ және асшаян дәмін беретін дәмдеуіштері және пальма майы ғана сырттан әкелінеді.
– Мұндай дәмдеуіштерді әлемде тек Вьетнам, Қытай елдері жасайды. Бір құпиямызды сізге ашайын, алдағы уақытта осы дәмдеуіштерді де өзімізде жасаймыз деген жоспарымыз бар. Ал Қытайдан, Ресейден шығарылатын кеспелер құрамындағы консерванттарды, жұмсартқыштарды, жасанды бояғыштарды қолданбаймыз. Олар кеспенің дәмін, түсін жақсартқан сияқты болғанымен, адам денсаулығына зиян екені белгілі, – дейді Азамат Нұрғазин.
Қазір Қостанай облысында өсімдік майын шығаратын зауыттың өзі бес-алтыға жетті.
– Кеспені қуыруға неге жергілікті өсімдік майын пайдаланбайды?
– Кез келген өсімдік майына қуырылған кеспе бір айдан кейін ашып кетеді екен. Ал пальма майына қуырылғандықтан рудныйлық кеспенің сақтау мерзімі бір жыл. ГОСТ осылай бекіткен, ал шындығында кеспе 38 айға дейін дәмдік сапасын бұзбайды, – дейді Азамат Нұрғазин.
Өткен жылы өнімнің экологиялық тазалығы түбірлі тексерілгеннен кейін, ол «Халал» сертификатына лайық деп табылды. Директордың айтуынша, кеспені «Халал» стандартымен шығарып отырған әлемдегі жалғыз кәсіпорын Рудный қаласындағы «Ақ барыс» НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыты ғана. Ал бұл зауыттың Қазақстанда бірінші рет ашылып отырғанын еске салудың да артықтығы жоқ.
– Мұндай зауыт көрші Ресейде бар. Біздің олардан артықшылығымыз, біріншіден, сапасында, ал ең бастысы, бағасында десек болар. Өйткені, кеспені орайтын полиэтилен қалталар, салатын картон жәшіктер Рудный мен көрші Лисаков қалаларында өндіріледі. Бұл да өнімнің қазақстандық мазмұнын байытумен қатар, өзіндік құнын кеміте түседі, – дейді кәсіпкер.
Қазір тұсауын кескеніне бір жарым ай ғана болған зауыттың өнімі Ресейдің көрші облыстарына, Арменияға, Қазақстанның оңтүстік, батыс облыстарына жіберілді. Енді жақында ғана сонау Сібірден де сұраныс түсіп, өнім артылды. Зауыт айына 8 миллион орама кеспе шағаратын болады. «GRiTO» сауда маркасымен сатылатын кеспені тек көршілер ғана емес, алыс шет ел тұрғындары да сұрататынына, кейбіреулердің күдігін көбейткен Кеден одағы да, Дүниежүзілік сауда ұйымы да рудныйлық зауыт пайдасына жұмыс істейтініне кәсіпкер сенімді. Айтпақшы, тез дайындалатын кеспе жаңа жұмыс орнын тапқан 45 рудныйлықтың қолынан өтеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
РУДНЫЙ.