Аймақтар • 07 Шілде, 2019

Жастарды жігерлендірген – «Зерен-2019»

1101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Зеренді кентінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Зерен-2019» республикалық танымдық жастар лагері өтіп жатыр. 7 шілде күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов лагерь қатысушыларымен пікір алмасты.

Жастарды жігерлендірген – «Зерен-2019»

Министр Д.Абаев жастардың мемлекет қам­қор­лығы мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ел ертеңіне жауапкершілікпен қарайтынына сенім білдірді. «Бұл жолда қазақ жастарының бірлігі мен ынтымағы шешуші рөл атқарады. Бірлікті ту еткенде ғана мақсатымызға жетеміз. Білім алу жолында жалған ұрандарды қолданбай нақты қадамдар жасау керек. Жастарға берілген мол мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланған жас қана жарқын болашақтың иесі атанады», – деді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, осы алаң еліміздің әр өңірінен және жақын шетелден келген ең дарынды әрі бастамашыл жастардың басын қосып отыр. «Әрқайсыңыз өз жобаларыңызды та­ныс­тырып, оның мүмкіндіктері мен әлеуеттері туралы айтып қана қоймай, сонымен қатар тәжірибе жинап, үздік бизнес-тәлімгерлерден, сарапшылардан білім аласыздар. Лагерьдегі қарқынды білім алу күндері өз жолдарыңызды табуға және өздеріңізге деген сенімдеріңізді арттыруға кө­мек­теседі. «Зерен-2019» ойларыңыздан шығып, жаңа жобалар мен бастамаларыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деген Дәурен Абаев жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

Кездесу барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сөз алып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. «Осы жоба Жастар жылы аясында жалғасын тауып, еліміздің барлық өңіріндегі жастардың басын қосқан тарихи оқиғаға айналды. Жастар үшін Ақмола облысы көп жағдай жасап жатыр. 2020 жылы облысымызда Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастық форумы өтеді. Көкшетау қаласында көп салалы жасөспірімдер мен балалар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Әрқайсыңыз туған елдің дамуына үлкен үлес қосып, Қазақстанның абыройлы азаматы болуларыңызды тілеймін. Алға қойған барлық мақсатқа жетіңіздер», деді әкім орынбасары.

Еліміздің әр аймағынан жиналған лагерь қатысушылары азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары бойынша менторлардан сабақ алады. 12 ментор 36 команданың стартап-жобаларын әзірлеп, бастау алуына көмектеседі. Қазір командалар нарықты алдын ала зерттеп, нақты бизнес үлгілерін құруда. Шымкенттен келген қатысушы Юсуп Барзаханов жастар лагерінің көптеген мүмкіндік сыйлайтынын айтады. 26 жастағы Юсуп эко-пакеттер дайындау бойынша бизнес-жоспар әзірлеген. «Жоба полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға бағытталған. Әрбір өңірде ірі дүкендер осындай өнімді пайдалануын қамтамасыз ету үшін экоөнімді енгізгім келеді. Атырау қаласының гипермаркеттерімен келістік. Экосөмкелер табиғи талшықтардан жасалған. Әрине әдеттегі пакеттен қымбат – 147 теңге, бірақ оны бірнеше рет қолдануға болады. Біздің сөмкеміз орта есеппен 10-12 килоға дейінгі салмақтағы заттарды көтереді. Экосөмке полиэтилен пакеттері сияқты зиян келтірмейді. Әрбір пакетте балаларға экологиялық білім беретін пазлдар болады», дейді Ю.Барзаханов.

Жастардың бизнес-идеяларының жүзеге асуына бағыт беріп жүрген ментордың бірі – Алматы менедж­мент университетінің аға оқытушысы Ділмұрат Сабиров. Оның айтуынша, менторлар мен спикерлер нарыққа шығару жолдарын көрсетіп, қандай құралдар қолдану керек екенін айтып, көмектесіп жатыр. «Ерекше жобалар жасыл экономика саласында. Ментор ретінде бизнесті құру барысында неден бастау керек, қандай нарыққа шығу керек, қалай ұсыну керек екенін түсіндіреміз. Кейбір қызық жобаларын іске асыра алмай жатқан жастарға тығырықтан шығу жолдарын көрсетеміз. Ал кей жобаларда қаражат мәселесі туындап отыр. Оларға мемлекет тарапынан қолдау болады деп ойлаймын», – дейді Д. Сабиров.

Айта кету керек, «Зерен-2019» жазғы лагерінің үш ауы­сымында 18-29 жас аралығындағы 600 қаты­­сушы білім алады. Ресей, Қытай және Моңғо­лия­дан 50-ден аса сарапшы келген. Үш ауысым­ның қорытындысы бойынша үздік 30 жоба қар­жы­лан­дырылады. Жалпы, жүлде қоры – 15 миллион теңге. Жеңімпаздардың есімі 30 шілдеде белгілі болады.