Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Алматыда Мұстай Кәрім атына көше берілді

770 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда белгілі Башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің атына көше берілді. Шаһардың әсем аудандарының бірінен орын тепкен ақын атындағы көшенің ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың сапында Мұстай Кәрімнің шығармашылығы мен қаламгерлік қуатын жоғары бағалайтын ақын-жазушылар да болды.

Алматыда Мұстай Кәрім атына көше берілді

«Қазақ оқырмандары Мұстай Кәрімнің есімін ерекше құрмет тұтады. Алматыдағы кітапханаларда ақынның қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жүзден аса кітаптары сақталған. Ақынның туғанына 100 жыл толуына арналған бүгінгі шараға қазақстанның аса көрнекті қаламгерлері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып отыр. Бұл Мұстай Кәрімнің халыққа етене жақын, әлем әдебиетіне ортақ тұлға екенін көрсетеді»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Айтулы күнге орай елімізге арнайы келген Мұстай Кәрімнің немересі әрі ақын атындағы қордың құрылтайшысы Т. Каримов қаламгердің аруағына көрсетілген өлшеусіз құрметі үшін күллі қазақ халқына алғысын білдірді. Бүгін өлең мен жырдың қасиетті ордасына айналған Алматы төрінде «Мұстай Кәрім – 100 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Кәрім Мұстай, Мұстафа Сафич Карими  – башқұрт ақыны, Социолистік Еңбек Ері (1979). Алғашқы шығармалары 1935 жылдан жариялана бастады. Тұңғыш жинағы «Отряд қозғалды» деп аталса (1938), 1941 жылы «Жазғы дауыстар» атты екінші жинағы жарық көрді. Соғыс жылдарында жауынгерлер өмірінен «Желтоқсан жыры», «Өлмесбай» атты поэмалар жазды. Ол соғыстан кейін «Біздің үйдің қуанышы» повесін (1952), «Көктем дауысы» (1954), «Өзендер сөйлейді» (1964), «Алыста қалған жағалар» (1966), «Жылдар ізімен» (1971) жинақтарын жариялады. МҰСТАЙ Кәрімның «Той жалғасуда» (1947), «Жалғыз қайың» (1950), «Қыз ұрлау» (1959), «Жырланбаған жыр» (1961), «Ай тұтылған түн» (1964) атты пьесалары бар. Оның «Үш таған» (1965), «Талтүс» (1972) атты кітаптары қазақ тіліне аударылған. МҰСТАЙ Кәрім Ресейдің К.С. Станиславский атындағы Мемлекеттік сыйлығының (1967), Башқортостан Мемлекеттік сыйлығының (1967), КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1972) лауреаты.

 

АЛМАТЫ