Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Шымкентте сәбилерге домбыра тарту етілді

521 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық домбыра күніне орай Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қаладағы перинаталдық орталықтарда «Қасиетті Домбыра» акциясын өткізді. Іс-шарада ассамблея мүшелері шілде айының бірінші жексенбісіне белгіленген ұлық мейрамда бірінші болып жарық дүние есігін ашқан ұл мен қызға ізгі тілек жазылған хат тапсырып, ата-аналарына домбыра мен арнайы сыйлықтар тарту етті. Әрі, домбыраның бұрауын келтіріп, бақытты ата-аналарға күмбірлете күй тартып берді.

Шымкентте сәбилерге домбыра тарту етілді

«Домбыра күні мерекесі жүрегімізге жылылық ұялап, жанымызды жадыратты. Өйткені, сырт көзге қарапайым музыкалық аспап болып көрінетін домбырамен өзгеше өрнектелген әуендер мен күйлер барша қазақстандықтарды ұйыстырып келеді. Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан айтулы күн ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыра түседі. Елдегі игі бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан этномәдени бірлестіктердің мүшелері бұл мерекені атап өтуге белсене қатысып жатыр»,  дейді Шымкент қалалық әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова. 

Гульвира Байтуғанова Домбыра күні туған ұлы келешекте әйгілі өнер иесі болады деп сенеді. 

«Бала күнімде домбырашы болуды армандайтынмын. Бүгін ассамблея мүшелері біз күтпеген құнды сыйлық – қазақтың ұлттық аспабы домбыраны тарту етіп жатыр. Мұны жақсылыққа ырымдап, бүгін дүние есігін ашқан перзентімнің ертең ел танитын азамат болатынына сенемін», дейді мереке күні нәрестелі болған ана. 

Айта кетейік, шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім өткен жылы белгіленген болатын. Қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық бірегейлікті сақтап, қоғамды біріктіре түсетін домбыра күні аясында өтіп жатқан барлық шараларға белсене қатысуда.