Саясат • 10 Шілде, 2019

Сөзі өтімді жастарды жинайтын алаң

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар жылы аясында жалпы жүлде қоры 4 млн теңгені құрайтын республикалық «Jastar alańy 2019» пікірсайыс турнирі ұйымдастырылады.

Сөзі өтімді жастарды жинайтын алаң

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында аталған іс-шараның жай-жапсары баяндалды. Алдымен «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек «Jastar alańy 2019» пікірсайыс турнирінің ерекшеліктері туралы айтып берді.

– Тұшымды ой, орынды сөз әлемдегі болып жатқан көптеген келеңсіз жағдайларды реттеуге зор ықпалын тигізеді. Сөзге тоқтау, бітімгерлік, ымырашылдық – қазақтың қанына сіңген жақсы қасиеттері. Сондықтан жастардың ой-пікірін қалыптастыру, Қазақстандағы пікірсайыс алаңдарын қайта жандандыру үшін биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге осы үлкен жобаны іске асыруды қолға алдық. Жоба аясында жастарды тек пікірсайысқа қатыстырып қана қоймай, олардың оқып, білімдерін кеңейтуіне де жағдай жасалады. Сондай-ақ төрешілерге де арналған тренингтер өтеді. Жалпы, жастар алаңына 120 жас жиналады. Жобаның тағы бір ерекшелігі, оның арнайы сайты жасақталады, мобильді қосымшасы да әзірленеді. Онда тіркелгендер жүйелі түрде соңғы мағлұматтарға қанығып, пікірсайысшылардың рейтингін, жетістіктерін бақылап отырады. Мұның бәрі – пікірсайысшылардың қоғам назарынан тыс қалмауға, шығармашылық бағыттарын дамытуға өте үлкен мүмкіндік, – деді Д.Кәрібек.

Бұдан кейін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Батима Мукина Жастар жылы аясында қолға алынған жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, орталық 109 әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатыр екен. Соның ішінде 44 жоба жастарды қолдауға бағытталыпты. Осы орталық ұйымдастырған конкурстың гранты аталған пікірсайыс турнирін ұйымдастыруға сеп болыпты. «Jastar alańy 2019» пікірсайыс турнирінің жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге.

Блогер, «Ха-ха» жобасының авторы Ақсұлтан Қалиев бұл турнир бұрынғы «Азамат» пікірсайыс бағдар­ла­масынан кейінгі еліміздегі барлық пікірсайыс­шы­ның басын біріктіретін, жаңа мақсаттарға ұмтылуға серпін беретін жүйелі жоба болатынына сенім білдірді.