Руханият • 10 Шілде, 2019

Ақмышта туып, АҚШ-тан озған

832 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ даласы таланттардан кенде емес. Соның бірі – ғасырда бір туатын атақты желаяқ 100, 200 метрлік қысқа қашықтықта КСРО-ның сегіз дүркін чемпионы, КСРО Халықтары спартакиадасы және Еуропа кубогының жеңімпазы, алты рет Одақ рекордын жаңартқан жүйрік Әмин Тұяқов.

Ақмышта туып, АҚШ-тан озған

Сонау бір жылдары Маңғыстау өңі­ріне танымал Құлшық Жұбаев деген ақсақал Әмин Елемесұлын әлем-жәлем сөзбен әспеттеп жатпай-ақ Ақмышта туып, АҚШ-тан озған деп бір-ақ ауыз сөзбен түйген екен. «Ақмыш» Маңғыстау өңіріндегі саяхатшылар көп баратын Шерқала маңында орналасқан таудың аты, яғни ол желаяқ ағамыздың кіндігі кесілген жер. Ал Құлшекеңнің «АҚШ-тан озған» деген келесі тіркесін тәпсірлесек, АҚШ пен КСРО мемлекеттері бір-біріне дес бермей, үзеңгі қағысып тайталасып тұрған 1960 жылдары екі ел арасында «Ғасыр жарысы» деген атпен 4х100 метрлік эстафеташылар сайысы өтіп тұрды. Осы турнир 1965 жылы Киевте ұйымдастырылып, алып империя Кеңес одағының абыройын қорғау үшін Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Эдвин Озолин, Николай Политико төрттігі жасанып жарыс жолына шығып, бір жыл бұрын Олимпиада чемпионы болған АҚШ эстафеташыларын шаңға көміп, құмға бөктіріп айды аспанға шығарады. Жоғарыдағы Құлшық қария осыны айтып отыр.

Жоғарыдағы төрттіктің бірі, бүгінде көзі тірі Эдвин Озолин 2010 жылы жарық көрген «Спринтерский бег» атты ғұмыр­намалық кітабында: «Әмин Тұяқов шалғай­да туып, шыңға шыққан тұлға. Біз қатары­мызда қос қазақ Қосанов пен Тұяқов барда жеңілмейтінімізге сенімді едік» деп жазыпты.

Сол сияқты заңғар қаламгер, Әмин аға­­мыздың құрдас-досы Әбіш Кекіл­баев: «Кеңес заманында спортта талай саңлақтарымыз жүргенімен әлемдік, одақтық біріншілік финалына жі­берілмейтін. Әсіресе, Әбдісалан Нұрма­қанов пен Әбілсейіт Айхановтың жарыс сайын Құлагердің кебін киетінін көргенімізде жүйкеміз жүнжіп, жүрегіміз жидіп қоя беретін. Қазақтар арасынан спорт­тағы осындай Бермуд өткелегінен алғаш рет аман өткен адам – Әмин Тұяқов», деп желаяқ досына айрықша баға берген екен.

Біздің айтпағымыз: қазақтан шыққан ғасыр жүйрігі Әмин Тұяқов туралы білгісі келген пенде 2017 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Дүниені дүбірлеткен дарабоз» атты жинақты (құрастырған – Ж.Құлиев) оқып көргені жөн. Бұл туындыда спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген Ж.Хисымов, Н.Жүнісбайұлы, Қ.Рысбек қатарлы 30-ға тарта автордың Әмин аға туралы жазған естеліктері мен сұхбаттары топтастырылып, сонымен қатар әр жылдары желаяқ жүйріктің спорттық жетістіктері жайлы газет-журналдарда жарық көрген мақалалар жиынтығы жарық көріпті.

Кітапты парақтаған адам бір дәуірдің жүйрігіне жыр арнаған ақындардың жүрекжарды лепестерін көрері анық. Мысалы, үлкен ақын Тұманбай Молдаға­лиев: «Сен аман бол, асып туған айбатым, Күнде шауып, жүлде алған бәйге атым, Сендей ұлды киелі ана туады, Сендей ұлды туа бермес жай қатын» десе, кітаптың өзегі іспеттес «Ғасырларға кететін аңыз» атты көлемді жазба авторы Несіп Жүнісбайұлы, «Әмин Тұяқов – қазақтың қиялынан туған желаяқ. Бұл адамды тек медаль жеңіп алған чемпион дегендер қателеседі. Әмин аға ертеңдерге аңыз боп тарап, сол аңыздың құдіретімен кеудесінде саңылауы бар қазақ балаларын осы өнерге шақырушы сим­волдық тұлға» деп баға беруі көзіқа­рақты әр қазақтың көкейіндегі сөз екені анық.