Аймақтар • 10 Шілде, 2019

Маңғыстаудан Арысқа көмек аз болмайды

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арыс оқиғасы бүкіл қазақ халқын жұмылдыра түсті. Еліміздің барлық ауыл-қалаларындағы қандастар бауырлас ниеті мен жанашыр тілегін түрлі көмектері арқылы Арысқа қарай аттандырып жатты.

Маңғыстаудан Арысқа көмек аз болмайды

Әсіресе шіліңгір шілдеде шыбын жандарын шүберекке түйе жүріп, барлық үлкенді-кіші­лі істің басында құрақ ұша жүгір­ген жастардың белсен­ділігі мен бауырмалдығы, қайы­рым­дылығы жан сүйсінтті. Бұл – қазақтың тұтастығын танытты, сын сағаттарда ұйыса қалатын ұлтжандылығын байқатты. 

Маңғыстаулықтар үшін күн­нің ыстығы мен жер шал­ғай­лығы еш кедергі бола алған жоқ. Арыс жұртшылығына қол­дау көрсету мақсатында Nur Otan партиясының облыс­тық, аудандық филиалдарында, сонымен қатар «Жастар» ресурс­тық орталықтарында, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жанын­дағы «Қоғамдық келісім» және «Біз адамбыз – біз біргеміз» қайы­рымдылық қоры базасында арнайы гуманитарлық көмек жи­нау пункттері ашылып, апат орын алғаннан кейін араға бір-екі күн са­лып маңғыстаулықтар Арыс тұр­ғындарына 40 млн теңге ауда­рып, азық-түлік, жеке гигиена қ­ұ­рал­дары, матрас, дәрі-дәрмек, киім-ке­ше­к және бірінші кезекте қажет­ті заттардан құралған 6 тонна гу­манитарлық жүкті жолға салды. Аймақтың мемлекеттік қызметшілері, дәрігерлері мен мұ­ғалімдері, мұнайшылар мен ірі кәсіпорындары жарылыс салдарынан зардап шеккен тұр­ғындарға көмек ретінде бір күн­дік жалақысын аударды. Өңір­дегі ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері барынша қаржылай көмек көрсетуге кірісті. 

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы Арысты қалпына келтіру жұ­мыстарына өз күш-көмектерін қос­уда. Мұнайлы өңір Арыс­тағы сегіз көшені қалпына кел­тіру жұмыстарын мойнына алды.

Бұл жауапты жұмысқа облыста талай тұрғын үй мен небір әлеуметтік ғимараттарды тұр­ғызған танымал «Оңдасын Строй», «Ақ жол құрылыс», «Альянс ЛТД», «Актау БС Строй», «АС құрылыс», «Ай­ком ЛТД», «Шебер құры­лыс» жауап­кер­шілігі шект­еу­л­і серік­тестіктері сынды 8 ірі құ­ры­лыс компаниясы атсалыс­пақ. Тиісті орындардың мәлі­ме­тінше, қажетті техникамен қам­та­ма­сыз етіліп, жұмыстарына Арыс қаласының жұмыссыз тұр­­ғ­ын­дары тартылған құрылыс қар­қын алуда. Нақты­рақ айтқан­да, 5 көшенің 12 үйін жөндеу және 1 тұрғын үйді қайта салу жұ­мыстары басталды. Әзірге жұ­мылдырылған жұмысшылар саны 50 адамды құрап отыр және адамдар саны күн сайын қажетті көлемге дейін көбейе бермек. Қалпына келтіруге қажетті материалдар, соның ішінде 12 000 шаршы метр шатыр жабындысы, 140 текше метр ағаш және басқа да бірінші кезекте шатырларды жөндейтін құрылыс жабдықтары алынған. Сонымен қатар 5 кө­шеде орналасқан үйлердің тере­зелерінің өлшемдері алынып, дайындалуда. Енді аз уақытта алғашқы көшенің тұрғындары үйлеріне орналасады. 

– Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және облыс әкімдеріне арна­йы тапсырма берген болатын. Маң­ғыстау облысы нөмірі 4-ші секторға жауапты ретінде бекі­тілген. Бұл аумақта 8 көше, 331 үй орналасқан. Ал жөндеуге жататын үйлердің саны – 275, жөндеуге келмейтін, яғни бұзып, жаңа үй салуды қажет ететін үйлер саны – 3. Бұл үйлердің барлығы да жеке тұрғын үйлер. Бұл жұмыстарға жауапты ретінде облыс әкімінің орынбасары Қилыбай Нұрдәулет бекі­тілді. Өңірден аттанған 9 са­рап­шылық мекеменің 18 өкілі зар­дап шеккен тұрғын үйлердің то­­лықтай дефектілік актілерін әзір­леді. Жөндеу жұмыстары та­мыз айының біріне дейін аяқ­талады деп жоспарлануда, деді өңір басшысы С.Трұмов бұл жа­йын­да Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте. 
Сондай-ақ Арыс қаласының 150 баласы үшін Каспий жаға­лауындағы лагерьлерде тегін демалыс ұйымдастырылуда. Шілденің 16-30 аралығында Ақтаудағы «Бал­дәурен» балалар лагерінде Арыс қаласының 50 баласына, «Алау» лагерінде 100 балаға жаз­ғы демалыс ұйымдастыру жос­парлануда. 
Маңғыстаулықтар Арыстағы ағайынға көмек қолын созуда қалыс қалмақ емес. 

Маңғыстау облысы