Қазақстанның бес дүркін чемпионы «Астана» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде елордадағы «Астана Арена» стадионында Румынияның бес дүркін чемпионы ЧФР (Клуж) клубын қабылдады. 2013/2014 жылғы маусымнан бері Еурокубок бәсекелеріне тұрақты түрде қатысып келе жатқан «Астана» алғашқы жылы ғана бірінші қарсыласынан жеңіліп қалған. Ал соңғы бес маусым бойы алғашқы қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп келеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай 20 мыңға жуық жанкүйер жиналған стадионда Румыниядан келген қарсыластарынан 1:0 есебімен басым түсті.
Жасыратыны жоқ, бірінші таймның алғашқы 10 минутында қарсыластар ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Тіпті, алғашқы қауіпті шабуылды да румындар жасады. Дегенмен, стадионға жиналған қалың жанкүйердің қолдауын сезінген «Астана» футболшылары намысқа тырысып, ойын ауанын өздеріне аудара білді. «Астана» сапынан Дорин Ротариу мен Марин Томасов ЧФР қақпашысын біраз әбігерге салғанымен, гол соға алмады.
Екінші таймда да қонақтар ойынды қарқынды бастады. Эрич қақпасының маңында бірқатар қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есепті ашығу ұмытылды. Десе де ойындағы жалғыз голды матчты 68-минутында «Астана» қорғаушысы Евгений Постников соқты. Көзіқарақты жанкүйерлердің есінде болса, Постников өткен маусымдарда да Финляндияның ХИК, Чехияның «Яблонец» клубтарының қақпасына маңызды гол соққан болатын.
Айта кетейік, «Астана» – ЧФР Клуж арасындағы қарымта матч бір аптадан соң, 17 шілдеде Румынияда өтеді. Егер елорда командасы сырт алаңдағы ойында да жеңіске жететін болса, Чемпиондар лигасының екінші кезеңінде Израильдің «Маккаби Тель-Авив» командасымен кездеседі. Естеріңізде болса, «Астана» командасы «Маккабимен» 2017/2018 жылғы Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсіп, екі ойында да «Астана» (4:0, 1:0) жеңіске жеткен болатын.