Аймақтар • 10 Шілде, 2019

Балалар Арыстан Семейге жазғы лагерьлерге демалуға келді

587 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арыс қаласынан келген алғашқы 50 шақты баланы Семейдегі теміржол вокзалынан «Қазағым» әнін шырқап семейліктер өте жақсы қарсы алды. Қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев келген Арыс қаласының балаларына жылы лебізін арнады.

Балалар Арыстан Семейге жазғы лагерьлерге демалуға келді

Достық үйінің апа-әжелері шашу шашып, поездан түскен бетте келген балалар бір мәз болып қалды.  Қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко балалар Шығыс Қазақстан облысы бойынша үш лагерьде демалатындықтарын айтты. Өскеменнің Глубокое ауданындағы Үлбідегі «Дарын» лагері, Катон-қарағайдағы демалыс лагері және Семейдегі «Қарағайлы» балаларды сауықтыру лагерлерлері балаларды қабылдауға әзір.

- Шымкенттен жол жүріп келдік, - деді балаларды Арыстан арнайы әкелген топ жетекшісі Фариза Турымбетова, - біздің балаларға осыншама қамқорлық жасап жатқан Абай еліне, Семей халқына ризамыз. Поезда барлығы жайлы, жақсы келді. Қиын-қыстау сәтте қамқорлық танытқандарыңызға көп рахмет!

Тәрбиешілердің айтуынша, балалар лагерьде тынығып,  түрлі спорттық жарыстарға, ойындарға қатысады. Тегін демалып, жақсы күш-қуат жинамақ.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,                  

«Еgemen Qazaqstan»

суретті түсірген автор