Әлем • 10 Шілде, 2019

Сенаторлар ЕЫҚҰ Парламенттік Ассамблеясының 28-ші сессиясына қатысты

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Төлеубек Мұқашев, Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, Ғұмар Дүйсембаев және Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен ЕЫҚҰ Парламенттік Ассамблеяның Люксембургте өткен жыл сайынғы 28-ші сессиясына қатысты.

Сенаторлар ЕЫҚҰ Парламенттік Ассамблеясының 28-ші сессиясына қатысты

Биылғы отырыстың тақырыбы қауіпсіздікті нығайту жолындағы тұрақты дамуға жәрдемдесудегі парламентшілердің роліне арналды. Депутаттар Тұрақты комитеттің, Саяси және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жалпы комитеттің, Экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттің отырыстарына қатысты.

Т.Мұқашев қазақстандық делегацияның басшысы ретінде Ассамблеяның жалпы отырысында сөз сөйледі. Сенатор өз сөзінде заманауи қауіптердің күшеюі аясында ЕЫҚҰ Астана саммиті мұрасының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер үдерістері туралы хабардар етті.

Отырыс аясында Қазақстан делегациясы ЕЫҚҰ ПА басшылығымен кездесіп, тараптар Қазақстанның ЕЫҚҰ және оның Парламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдарын талқылады. Сенат депутаттары сондай-ақ Австрия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Швейцария, Испания және Португалиялық әріптестерімен кездесіп, «Нәсілшілдік, жатсыну және соларға байланысты төзімсіздікті күшейтуге ықпал ететін әсіре ұлтшылдық және басқа да көріністермен күрес» тақырыбындағы дөңгелек үстелге және бірқатар шараларға қатысты.

ЕЫҚҰ ПА жыл сайынғы отырыстарының қорытындысы бойынша Люксембург декларациясы қабылданды.