25 Қаңтар, 2013

Базарәлиевтің байлығы Ақалтекеден… Бекіреге дейін

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Базарәлиевтің байлығы Ақалтекеден… Бекіреге дейін

Жұма, 25 қаңтар 2013 7:07

Елге есімі белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның директоры Халит Базарәлиевтің шаруашылығы, негізінен, асыл тұқымды жылқыларды бағумен, баптаумен және оларды тиімді бағаға сатумен шұғылданады. Атының өзі айтып тұрғандай, ертеректе осы зауыттың Абсент атты асыл тұқымды ақалтекесі басқа рекордтары мен жүлделерін былай қойғанда, Рим Олимпиадасының чемпионы (1960), Токио Олимпиадасының қола жүлдегері (1964) атанып, тіпті Мехико Олимпиадасынан да құр қайтпай, 4-орынға тұрақтап, аты дүние жүзіне мәшһүр болған текті де сұлу жануар еді.

Дегенмен, Х.Базаралиев бү­гін­де асыл тұқымды жылқы ша­руа­шылығымен ғана айналысып қоймай, сонымен бірге өз мүмкіндігін басқа салалардан да іздестіріп көруде. Соның бірі – балық шаруашылығы. Бұл іске ол заманауи техника мен тех­нологияның арқасында қол жеткізді. Яғни ауданның шөлді-шөлейтті ай­мағына орналасқан ауылдың  қасынан тереңдігі 250 метр жер асты суын шығарып, шөлді өңірді көлді өңірге айналдырды. Агрономия ғылымының тілінде «тамшылатып суару» деген әдісті де өмірге әкелді. Ал су бар жерде, ну бар, нулы жерде балық бар. Бекіре балығын көбейту бастамасы да осыдан туған. Бүгінде Базарәлиевтің бекірелері жасанды көлдің өзінде-ақ уылдырық шашып, көбейіп жатыр. Бір шаруашылыққа 5 мың бекіре әзірге аз емес. Олар бірер жылдың бедерінде бұдан бірнеше есе көбеюі мүмкін.
Сондықтан болар, ұлт дастарқаны үшін таңсық дәм болып саналатын өнімді өндіруге ден қойған кәсіпкер, балық өнеркәсібін өркендету үшін зауытына шетелдік қондырғылар орнатуда. Германиядан әкелінген бұл технология балық еттерін бұқ­тырып, қалбырдан жасалған арнайы ыдыстарға автоматты түрде жабатын болады.
– Бекіре балығын бір игеріп алсақ, әрі қарай жұрт аса сүйсініп жей­тін қызыл балықты да әкеліп, оны да көбейтетін боламыз, – дейді Халит Базарәлиев мырза.
Берекелі азамат Базарәлиев бас­қаратын Луговой жылқы зауытында бүгінде ауданның мыңнан астам адамдары еңбек етеді. Өйткені, мұн­да асыл тұқымды ақалтеке жыл­­қыларын бағып, күтуден басқа, ірі қара мен «талпақ танау» шаруа­шылықтары да қатар дамыған. Сон­дай-ақ, кәсіпкердің егін саласы мен  құрылыс индустриясы да өркендеп тұр. Ал биогаз өнеркәсібі өз алдына бір төбе.
Қысқасы, Халит Базарәлиевтің ақалтекеден бекіре балығына дейінгі байлығының қызығын тау мен құм­ның ортасын көлбеп жатқан аудан тұрғындары да бөлісіп, бір атаның баласындай тату-тәтті еңбек етіп жатыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов 
атындағы аудан,
Көгершін ауылы.

Суретте: Луговой жылқы зауыты кешеніндегі Абсент ескерткіші.