Спорт • 11 Шілде, 2019

Жеңісті дәстүр жалғаса бергей

548 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бокстан әлем чемпионатының тұсауы осыдан тура 45 жыл бұрын кесілгенін көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. 1974-1991 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы алты мәрте желбіреді. Ол кездері КСРО құрамасы сапында Қазақстанның санаулы ғана былғары қолғап шеберлері өнер көрсеткен еді. Солардың арасынан Валерий Рачков (1978 жыл, Белград) пен Игорь Ружников (1989 жыл, Мәскеу) алтын тұғырға көтерілсе, Серік Қонақбаев (1982 жыл, Мюнхен) пен Александр Мирошниченко (1989 жыл, Мәскеу) күміс медальды мойындарына ілді.

Жеңісті дәстүр жалғаса бергей

Кеңес Одағы кезінде де қа­зақ­стандық боксшылардың өте қарулы болғаны мәлім. Барлық 15 республиканың өкілдері бас қосқан аса жауапты жарыстарда жерлестерміз үнемі үздік үштіктің қатарында жүрді. Тіптен, жалпы командалық есепте көш бастаған кездеріміз де аз емес. Бірақ іш­тар­лық танытқан мәскеулік маман­дар біздің жігіттерді үнемі шеттетіп келгені тағы белгілі. Мәселен, КСРО дәуірінде бар-жоғы жеті жерлесіміз ғана әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне бө­ленді. Соның төртеуі жеңіс тұ­ғырына көтерілгені жайында жоғарыда айттық. Олардан бө­лек, Серік Нұрқазов 1982 жылы Мюн­хендегі жарыстың ширек финалында қабағы жарылып, америкалық Бернард Грэйге жол берді. 1986 жылы Ренода да оның жолы болмады. Серік 1/8 финалда канадалық Билл Дауниден ұтылды. Дәл сол жарыстың сол межесінде Бейбіт Есжанов та сүрінді. Қандасымыз кубалық Педро Орландо Рейестен жеңілді. 1991 жылы Сиднейде Болат Теміров бастапқы бәсекелердің бірінде Бостандық аралының өкілі Хосе Рамосқа есе жіберді.

Тәуелсіздіктің таңы атқаннан соң Қазақстанның боксшылары үшін  шаршы алаңды армансыз шайқап, өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатуға тама­ша мүмкіндік туды. Бұл мүмкін­дік­ті біздің жігіттер қалт жібер­ген жоқ. 1993-2007 жылдар ара­лығында әлем чемпионаты 13 мәрте ұйымдастырылса, со­ның барлығында еліміздің туы көк­те желбіреді. Ең керемет табыс­қа 2013 жылы Алматыда қол жеткіздік. Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайында өткен байрақты бәсекеде 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальды қоржынға салып, командалық есепте бас жүлдені олжаладық. 2003 жылы Бангкокта, 2005 жылы Миньянда және 2017 жылы Гамбургте үздік үштіктің санатына қосылдық. 1999 жылы Хьюстонда және 2007 жылы Чикагода озық бес команданың қатарынан көріндік. Өзге жарыстарда да қол жеткізген табысымыз елеулі. Ал 1993, 2001 және 2009 жылдардағы додада жалғыз жүлдені қанағат тұттық. Бұл – отандық былғары қолғап шеберлерінің айтулы бәсекелердегі ең нашар нәтижесі. Енді әр жылдары өткен әлем чемпионаттарына жеке-жеке тоқталайық:

1993 жыл. Тампере (Фин­лян­дия). Әлем чемпионатына тұң­ғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасы жалғыз қола медальды қанағат тұтты. Оның иегері – 75 кило салмақтағы Василий Жи­ров. Жартылай финалда «Бал­қаш барысы» түркиялық Ақын Құлоғлыдан (2:9) жеңілді.

1995 жыл. Берлин (Гер­мания). 81 кило салмақ дәрежесіне ауысқан Василий Жиров Суоми еліндегі нәтижесін қайталады. Ол америкалық Антонио Тарверден (6:9) ұтылды. 51 кило салмақтағы Бо­лат Жұмаділов ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ринг қожайыны Золтан Лункаға (6:11) жол берді.   

1997 жыл. Будапешт (Вен­грия). 71 кило салмақтағы Ерма­хан Ыбырайымов күміс алса, 51 кило салмақтағы Болат Жұма­ді­лов қолаға қол созды. Ермахан кубалық Альфредо Дюверхельге (7:9), Болат ресейлік Ильфат Рязаповқа (10:16) есе жіберді.

1999 жыл. Хьюстон (АҚШ). Тәуелсіз Қазақстанның және қа­зақ боксшыларының арасынан тұң­ғыш әлем чемпионы атану бақыты Болат Жұмаділовке бұйырды. Өзінің үйреншікті салмағында өнер көрсеткен жұдырығы алтын жігіт финалда аргентиналық Омар Нарваезден (6:4) басым түсті. Аса ауыр салмақтағы Мұхтархан Діл­дәбеков пен Синан Самил Сан арасындағы финалдық са­йыс 4:4 есебімен тең аяқталды. Бірақ төрешілер түркиялық бокс­шының қолын көтерді. Қазақ­тың нар тұлғалы азаматы күміс­пен күптелді. Жартылай финал­да Куба қабыланы Хорхе Гутье­рестен бір ғана ұпаймен ұтылған Ермахан Ыбырайымов (11:12) қола медальды иеленді.  

2001 жыл. Белфаст (Сол­түс­тік Ирландия). Кешенді жарыс болғандықтан еліміздің белді боксшылары Шығыс Азия ойындарына аттанды да, әлем чемпио­натына екінші нөмірлі былғары қолғап шеберлері барды. Осы жарыста Галиб Жафаров күміс медальды кеудесінде жарқыратты. 57 кило салмақта бақ сынаған ол түркиялық Рамаз Палианиден жеңіліп қалды.

2003 жыл. Бангкок (Таи­ланд). Ел боксы тарихында тұң­ғыш рет қос өреніміз алтын тұғыр­дан қол бұлғады. Галиб Жафа­ров Белфасттағы күмісін бұл жолы бас жүлдеге алмастыр­ды. Ақтық сында отандасы­мыз Қазақстанда туып-өсіп, кейіннен Германияға қоныс аударған Виталий Тай­берт­ті (43:35) тізе бүктірді. 75 кило салмақтағы Геннадий Головкин украиналық Олег Машкинді финалдық айқастың екінші раундында ұрып жығып, төрткүл дүниенің теңдессізі атанды.

2005 жыл. Миньян (Қы­тай). Дүниежүзілік додада тағы да әнұранымыз екі мәрте шырқа­лып, мерейіміз өсті. Қытайда Се­рік Сәпиев пен Ердос Жаңа­бер­геновтің жұлдызы жарқырай жанды. Шешуші тұста 64 кило салмақтағы Серіктің өзбекстандық Ділшод Махмудовтан (39:21) мерейі үстем болса, 81 кило салмақтағы Ердос хорватиялық Марио Сиволижаны (27:12) сан соқтырды. Біржан Жақыпов (48 кило), Мират Сәрсенбаев (51 кило) және Бақтияр Артаев (69 кило) үшінші орынға табан тіреді. Осылайша, тұңғыш рет бір жарыс­та қазақтың бес бірдей қайсар ұлы жеңіс тұғырына көтерілді.

2007 жыл. Чикаго (АҚШ). Серік Сәпиев өз салмағында тағы да қарсылас шақ келтірмеді. Қа­рағандылық боксшының Амери­кадағы өнеріне жанкүйер біткен­нің барлығы сүйсінді. Тұсаукесер кездесуінде ол сербиялық спорт­шыға 22:6 есебімен сан соқтырды. Никарагуа, Канада, Иран және Жапонияның жігіттеріне қарсы жекпе-жектерін Серік мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтады. Финалда ресейлік Геннадий Кова­левты 20:5 есебімен тас-талқа­нын шығарды. 75 кило салмақ­тағы Бақтияр Артаев пен 81 кило салмақтағы Еркебұлан Шын­әлиев қола медальды иемденді. Бақ­тияр венесуэлалық Альфонсо Блан­кодан (7:15), Еркебұлан өз­бек­стандық Абош Атоевтан (8:17) ғана айлаларын асыра алған жоқ.  

2009 жыл. Милан (Италия). Апеннин түбегінде жалғыз қола­ға қолымыз жетті. 69 кило сал­мақ дәрежесіне ауысқан Серік Сәпиев жартылай финалда ресей­лік Андрей Замковойдан (10:16) ой­да-жоқта ұтылды. Ал өзге жер­лес­теріміз бұл сапардан құр қол қайтты.

2011 жыл. Баку (Әзербайжан). Каспий теңізі жағалауында төрт боксшымыз жеңіс тұғырына кө­те­рілді. Финалда Серік Сәпиев ук­раиналық Тарас Шелестюкке (10:16), 81 кило салмақтағы Әділ­бек Ниязымбетов кубалық Ху­лио Сезар де ла Крузға (13:17) жол берді. Жартылай финалда 60 ки­ло салмақтағы Ғани Жайлауов тағы бір Куба қабыланы Яснер Толе­до Лопестен (9:21), алыптар ай­қасында Иван Дычко әзербай­жандық Магомедрасул Меджи­довтан (9:16) жеңілді.

2013 жыл. Алматы (Қазақ­стан). Өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында жуан жұдырықты жігіттеріміз жасындай жарқырап, 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжала­ды. Ақтық айқаста Біржан Жа­қы­пов (49 кило) алжирлік Мұхам­мед Флиссиге, Мерей Ақша­лов (64 кило) мен Данияр Елеу­сінов (69 кило) Кубаның қос жұлдызы – Яснер Толедо Лопес пен Ариснойде Деспайинге және Жәнібек Әлімханұлы (75 кило) ирландиялық Джейсон Куиглиге шаң қаптырып кетті. Әділбек Ниязымбетов (81 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) екінші орынды еншілесе, Қайрат Ералиев (57 кило) пен Берік Әбдірахманов (60 кило) үшінші сатыға табан тіреді. Осындай орасан зор табыстың арқасында Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлемдік доданың командалық есебінде көш бастады. 

2015 жыл. Доха (Қатар). Парсы шығанағындағы «шай­қас­та» Данияр Елеусінов (69 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Екеуі де жарыстың фавориттері са­налғанымен, ойда-жоқта өз қар­сыластарына есе жіберді. Фи­нал­да Данияр марокколық Мұхам­мед Рабииден жеңілсе, Иван фран­циялық Тони Йокоға ұтылды. 

2017 жыл. Гамбург (Гер­ма­ния). Неміс жерінде алты бір­дей жерлесіміз жүлде алып, қазақ­стандық жанкүйерлерді қуаныш пен шатттыққа бөледі. Ержан Жомарт (49 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило) және Василий Левит (91 кило) қола жүлдегер атанды. Жартылай финалда Ер­жан мен Василийдің кубалық Хоа­нис Архилагос пен Эрисланди Са­вонға, Абылайханның өзбек­стандық Шахрам Гиясовқа әлі жет­педі. Финалда Әбілхан Аман­құл (75 кило) украиналық Алек­сандр Хижяктың, Қамшыбек Қоң­қабаев (+91 кило) әзербай­жан­дық Магомедрасул Меджи­дов­тың осал тұсын таба алмады. Ал әлем чемпионы атанған Қай­рат Ералиевті (56 кило) қалай мақтасақ та жарасады. Аса шие­леністі өткен шешуші айқаста қазақ боксшысы америкалық Дюк Рэганнан алымды көрінді.

Міне, қысқа қайырғанда әң­гіме осындай. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстанның боксшылары әлем чемпионатында 11 алтын, 12 күміс және 17 қола медальды олжалады. Барлығы ­– 40 жүлде! Шаршы алаңдағы осы көрсеткіші жағынан жерлестеріміз төртінші орында тұр. Алдымызда тек Куба, Ресей (КСРО-ны қоса алғанда) және АҚШ секілді алпауыттар. Осы орайда, олардың әлем чемпионатына 1974 жылдан бері қатысып келе жатқанын ескерген жөн. Ал Қазақстанның боксшылары тәуелсіз елдің өкілдері және дербес команданың мүшелері ретінде 1993 жылы ғана қатарға қосылды.  

Биылғы әлем чемпионатының басталуына аз ғана уақыт қалды. Нақтылап айтсақ, ол 7-21 қыр­күйек аралығында Ресейдің Ека­те­ринбург қаласында өтеді. Айту­лы жарыста Олимпиада бағдар­ламасында бар 8 салмақ дәрежесі бойынша түрлі жүлделер сарапқа салынады. Сол байрақты бәсекеде отандастарымыз жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінуді көздеуде.