Қоғам • 11 Шілде, 2019

Әркім өз құқығын қорғай білуі тиіс

2450 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әр адамның емделуге, кезекпен үй алуға, еңбек етуге, оқуға, әлеуметтік жеңілдіктер алуға немесе көлік жүргізуге қатысты және т.б. жағдайларда заңды қолдануы аса маңызды. Ал тұрмысқа сай түрлі талаптармен қатар өмірде жиі кездесетін қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша әркімнің өз құқын жетік білуі қорғану құқын арттыра түседі. Бірақ сол заңдарды көпшілік өз құқығын қорғау үшін қаншалықты деңгейде пайдаланып жүр?

Әркім өз құқығын қорғай білуі тиіс

Мәселен, адам тіршілігі үшін қызмет те, ақша да, баспана да т.б. дүниенің бәрі  аса қажет. Оларды адам өз игілігіне жарату­да қоғамдағы қарым-қатынас көз­дерін реттейтін құқықтық құжаттардың маңызы тіптен айрықша. Соның бірі де, бірегейі – Заң. Сондықтан да заңгерлер мен құқықтанушылар заң дегеніміз – өмірдің нәрі дейді. Бірақ ол заңдардың дені құқығымызды қорғауда елеусіз қала­ды.  Әрине, заң көп, оған дау жоқ. Оның бәрін көпшіліктің жіті біле бермейтіні және рас. Демек, біз жақсы тіршілік ету үшін өмірдің нәрін жете сезінбейміз. Бұл заңдардың дәрменін, игілігін қажет кезінде қолдана алмауға соқтырады. Мұның ақыры түсінбеушілік тудырып, бітпес дауға ұласады. Ал арада туындаған кикілжің мәсе­лесіне байланысты тиісті заңнамалар қара­лар болса, дау-дамайға жауап ізделсе, кез келген жан өз мүддесін қорғайтын заңдарды табары сөзсіз. Заңның үстемдігі де заңды білуден туындайды.

Мәселен, редакцияға шағым айта келген бір адам өзінің сыртынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанын ашына жеткізді. Бәрінен бұрын сол іспен жете таныса алмағанын, оған қоса тіпті наразылық келтіре алмағанын айтты. Сіздің тек құқық бұзушылық іспен танысуыңызға ғана емес, соның қозғалуына қатысты қолданар өз құқыңыз бар десек, әлгі азамат одан мүлде бейхабар екенін жеткізді. Ал еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 744-бабында жазылғандай, мұндай жағдайда әр азаматтың айрықша құқы бар. Аталған бапта көзге шұқып көрсеткендей, өзіне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан тұлға өзіне қатысты толтырылған хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға әбден құқылы. Тіпті істің жайы бойынша түсiнiктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға және дәлелдемелер ұсынуға қақылы. Оған қоса, қажет десеңіз, өз қарсылығын ашық мәлiмдеуге, сөйтіп қорғаушының заң көмегiн пайдалануға және iсті қарау кезінде ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге әбден қақысы бар. Ал егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашы талап етіп, оның көрсеткен қызметін өтеусіз пайдалануға да мүмкіндігі бар. Егер iс бойынша іс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуы бойынша, нақты деректерге және мән-жайларға сәйкес келмейтін мәліметтер көрсетілген жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасауда заңның бұзылуына, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға және iс бойынша қаулыға шағым жасауға және одан үзiндi көшірме алуға және iстегi құжаттардың көшiрмелерiн түсiрiп алуға, сондай-ақ өзiне осы Кодексте берiлген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға толық құқылы. Міне, көрдіңіз бе, бұлар адам құқын қорғаудағы заңның талаптары. Ал осы талаптарды орнымен қолдана білу көптеген даудың алдын алары сөзсіз.

Жалпы, заң дегеніміз – аса маңызды қоғам­дық қатынастарды реттейтін Ата Заң­ның 61-бабының 3-тармағында көзделген түбегейлі қағидалар мен нормаларды белгiлейтiн, Парламент немесе Конс­титу­цияның 53-бабының 3-тармақ­шасында көз­делген жағдайларда ел Президенті қабыл­дайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады. Оларды кез келген адамның құқым бұзылды дегенде әділдікті қалпына келтірер тірегі дерсіз. Ендеше осы орайда айтарымыз, қоғамдық қарым-қатынаста қандай да болмасын бір дауға қалған адам оның шешімін осы заңдар арқылы тауып, өз құқын қорғай алатыны сөзсіз. Ал құқықтық сауаттылық бар жерде дау-дамай да болмайды. Өйткені заңның ең бас­ты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды құқықтық өмір салтына тәрбиелеу. Мұндай құқықтық тәрбие барысында заң үстемдігі де қалпына келері анық. Сондықтан әркім өз құқын қашанда тала ете білсе, бұл заңның да орындалғаны. Ал заңның әділ үстемдік құруы қоғам үшін аса маңызды.