Спорт • 11 Шілде, 2019

Балуандар 17 медаль олжалады

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада төрт күнге созылған күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия біріншілігі мәреге жетті. Қыркүйек айында ересектер арасында өтетін әлем чемпионатының алдында тест режімінде өткен байрақты бәсекеде балуандарымыз 17 медаль жеңіп алды.

Балуандар  17 медаль олжалады

Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Бозкілемде асқан шеберлік танытып, қарсы келгендердің барлығын бет қаратпай ұтқан Саматбек Ізімғали (45 кило) мен Нұртас Қыдырбай (110 ки­ло) бас жүлдені иеленді. Финалдық сайыста ғана қарсыласына есе жіберген Ерасыл Дəулетбек (48 кило) күміспен күптелсе, Ера­сыл Кенғанов (55 кило) пен Исхар Кұрбаев (51 кило) қолаға қол созды.

Екінші жарыс күнінде қазақстандықтар үш медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен Мақсат Сайлау (80 кило) қырғызстандық қарсыласын жеңіп, Азия чемпионы атанса, Дінмұхаммед Қошқаров (65 кило) финалда ирандық Резе Хожатқа есе жіберіп, күміс еншіледі. Өкінішке қарай, Денис Пилипенко (71 кило) қола үшін өткен күресте өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Қыздар арасында сынға түскен Алтын Шағаева финалда жапондық ару Мако Унодан ұтылып, күмісті қанағат тұтты.

Құрлықтық чемпионаттың соңғы екі күнінде еркін күрес балуан­дары сегіз медаль жеңіп алды. Нұрдәулет Базарбаев (48 кило), Бекзат Аманғали (80 кило) және Ислам Тагиров (100 кило) фи­налдық бәсекеде қарсыластарына есе жіберіп, біріншіліктің күміс жүлдесін иеленсе, Мерей Базарбаев (51 кило), Ақниет Төле­генов (60 кило), Олжас Олжақанов (65 кило), Нұрдәулет Қуаныш­бай (71 кило) және Бекзат Тәжі (92 кило) қола жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетейік, алдағы қыркүйек айының 14-22 аралығында елорда төрінде күрес түрлерінен 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беруші әлем чемпионаты өтеді.