Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Сүйрік етін жегісі келіпті...

1032 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының хабарлауынша, 20 кило тыйым салын­ған сүй­рік балығын ұстаған балық­шы ұсталыпты. Браконьер қылмыстық жауап­кершілікке тартылып, өз еркі­мен айыппұл төлеген. Екінші терең­көлдік балықшыға 4 килодан астам сүйрік аулағаны үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Сүйрік етін жегісі келіпті...

– Сүйрік – бекіре тұқымдас тұщы су балығы. Ұзақ өмір сүреді. Салмағы 250-800 грамм ғана бұл балықты ұстау үшін арнайы рұқсат керек. Еліміздің «Қызыл кіта­бына» енгізілген ол Жайық, Ертіс, Тобыл өзендерінде кездеседі, – дейді инс­пекция маманы Нариман Қуанышұлы.

Мамандардың айтуынша, бекі­релер сүйекті-шеміршекті болып, басқа балықтардан ішкі-сырт­қы піші­німен ерекшеленеді. Халқы­мыз­ бұл балықтың қасиетін бағалап, сүйріктей сұлу дейтіні де содан. Денесі ұзынша, бес қатар сүйекті өсінділермен жабылған. Бір қатары арқасында, екеуі екі бүйірінде және екеуі құрсағында, осы қатарлардың ортасында ұсақ сүйекті түйіршектер мен тақтайшалар бар. Басы конус тәрізді созылған және тұмсығы күрек тәрізді. Төменгі жақта тісі жоқ.

Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының айтуынша, өңірде үш деңгейдегі балық аулауға арналған су қоймалары бар. Халықаралық мәртебесі бар Ертістен басқа 9 респуб­ликалық, жергілікті маңызға ие 265 су қоймасы тіркелген.

Биыл өңірде заңсыз балық аулау­шыларға 800 мың теңгеден астам айып­пұл салынып, 65 әкімшілік хаттама тол­тырылыпты. Ұсталғандардан 19 браконьерлік құрал тәркіленіп, 5 әкімшілік материал облыстың әкім­шілік соттарына жіберілген.

Балық шаруашылығы мамандары мен инспекция жүргізген ихтио­логиялық бақылаулардың нәтижесінде су қоймаларында балықтардың уыл­дырық шашуына қолайлы жағдайлар жасалған.


Павлодар