Әлем • 11 Шілде, 2019

ҚМГ мен Татнефть өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев пен ҚМГ делегациясы Татарстанның астанасы – Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды.

ҚМГ мен Татнефть өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Шілденің 10-ы күні «Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықтың қағидаттары туралы» үкіметаралық келісімнің шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Алик Айдарбаев Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласында ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға ынта білдірді. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстары, мұнай және газ химиясы, техникалық ынтымақтастық және цифрландыру мәселелері бойынша Татарстан Республикасының кәсіпорындары мен ҚМГ арасындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.

Сол күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Татнефть» ЖАҚ арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта Қазақстан мен Ресей аумағында геологиялық зерттеу және бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу; мұнай өндірудің жаңа технологияларын енгізу және өндірісті цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықтың болжамды бағыттары айқындалған.

-Меморандумға қол қою арқылы біз бірлескен даңғыл жолдың жаңа кезеңіне жол ашатынымызға сенімдімін. Мұнай-газы бар Каспий маңы ойпатын игеру мәселесі ірі халықаралық мұнай компаниялары үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Ресейдің, соның ішінде Татарстанның компаниялары осы процеске белсенді қатыса алады, деп ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев Татнефть және ҚазМұнайГаз компанияларын техникалық ақпаратпен алмасу және мамандар оқыту саласында ұзақ жылғы берік қарым-қатынастар байланыстыратынын атап айтты.

Тараптар Қазан қаласындағы кездесу мұнай-газ саласының қазіргі сын-тегеуіріндерін талқылауға арналған алаң ғана емес, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа әрі өзара тиімді бағыттарын анықтаудың керемет мүмкіндігі екенін атап өтті. Қатысушылар кездесу Қазақстан мен Татарстанның жетекші мұнай-газ компаниялары арасындағы серіктестік қатынастардың нығаюына өз септігін тигізетініне сенім білдірді.

Маңғыстау облысы