Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Мұхаммад Али Джинна орталығы ашылды

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Мұхаммад Али Джинна атындағы орталық ашылды. Салтанатты іс-шара шығыстану факультетінде Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Мұхаммад Али Джинна  орталығы ашылды

Мұхаммад Али Джинна – Пәкістанның іргетасын қалаушы және бірінші генерал-губернатор – ұлт Әкесі ретінде құрметтеледі, британдық Үндістанның бөлінуін жақтаған ең белсенді қатысушылардың бірі, аса ірі мұсылман саяси қайраткері.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын көп жылғы достық қарым-қатынастар байланыстырып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа серпін алғандығын атап өтті. Пәкістан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды.

Ол өз уақытында үнді мұсылмандары үшін жеке мемлекет құруға шақырған Мұхаммад Әли Джиннаның орталығы бірегей әрі екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«1992 жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапары кезінде дипломатиялық және консулдық қатынастар орнатылды. Бұл маңызды қадам ҚазҰУ-да шығыстану факультетінде урду бөлімшесінің ашылуына ықпал етті. Сол уақыттан бастап шығыстану факультетінде урду тілін білетін 50-ден астам маман даярланды. Қазіргі таңда факультетте урду тілі мен әдебиеті бойынша 10-нан астам студент білім алып жатыр», – деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Қазіргі таңда университет факультеттерінің ғылыми мекемелермен және Пәкістанның белгілі ғылым қайраткерлерімен ынтымақтығы жолға қойылған. Мәселен, өткен жылы ҚазҰУ-ға Қараши университетінің Халықаралық химия және биология ғылымдары орталығының директоры, профессор Мұхаммад Икбал Чаудхари, ғалым Ахмад Хан Ашик ғылыми-инновациялық зерттеулерді жүргізуде өз тәжірибелерімен бөлісіп, университеттің құрметті қонағы болды.

ҚазҰУ мен Карачи университетінің Халықаралық химия және биология ғылымдары орталығының бірлескен жобасы – инновациялық зерттеулердің ғылыми зертханасы – Оңтүстік COMSATS елдерінің тұрақты дамуына арналған Ғылым және техника жөніндегі комиссияның көмегімен жүзеге асырылды. Орталық тиімді фитопрепараттарды өндіруге бағытталған іргелі зерттеулер жүргізеді.

Сондай-ақ ҚазҰУ-дың үш магистранты Қараши қаласындағы Халықаралық орталықта ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтсе, биология және биотехнология факультетінде бір Пәкістан PhD докторанты білім алып жүр.

АЛМАТЫ