– Дархан Жұмаханұлы, жоғары технологиялы өндірістер мен бизнес, білім мен ғылым үшін интеллектуалды сапалы маман даярлау жолындағы бәсекелестікте UIB тек өзіне ғана тән дәстүрін қалыптастыра алды ма?
– Әлемдік стандарттарға сай білім жүйесін қалыптастырып, жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын мамандар даярлау жөнінде бағыт сілтеген Елбасы Н.Назарбаевтың соңғы жылдары жарияланған бағдарламалық мақалалары мен Президентіміз Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында белгіленген «Білімді ұлт: барлығы үшін білім берудің заманауи стандарттары» бөлімінің мазмұндары UIB университетінің ішкі мұратымен қабысып жатқандықтан, бұл құжаттар жаңа форматта жұмыс істеуді мақсат ететін жоғары оқу орындарына жасалған қолдау деп қабылдадық.
Келешекте біздің түлектеріміз халықаралық бизнесті жүзеге асыру үшін ағылшын тілімен бірге басқа да шет тілін меңгеру міндетті деп санаймыз. Сол себептен өзімізде ағылшын тілін оқытудың озық әдістемесін енгіздік. Жалпы, бізде 10 оқу бағдарламасы толығымен ағылшынша оқытылады. Жылда біздің университетті таңдағандардың 40%-ы ағылшын тілін еркін біліп келеді. Қалған студенттер ағылшын тілін әртүрлі деңгейде білетін болғандықтан, оларға «UIB English» деп аталатын мобильді қосымша арқылы цифрлы үйрету әдісін қолданамыз. Осы тәжірибе негізінде біз қос дипломды және академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шетелге жіберетін студенттердің санын жалпы санға шаққанда 25%-ға дейін жеткіздік. Ал мінсіз ағылшынымен біздің оқу бағдарламасына қабылданған студент екінші шет тілі ретінде қытай, француз, испан тілдерінің бірін таңдау мүмкіндігіне ие. Есесіне, бұл студент Қытай, Франция, Испания және басқа да шетел жоғары оқу орындарының бірінде оқуға мүмкіндік алып, соның арқасында екі бірдей шет тілін мүлтіксіз меңгеріп, халықаралық деңгейдегі маман болып шығады.
Сонымен қатар, екі жыл бұрын университетімізде информатика және физика бағыттары бойынша бейінді магистратурада жаңа мамандықтар ашылды. Сол жылы студенттерді алғаш рет өзіміз құрастырып дайындаған оқу бағдарламасы бойынша ағылшынша оқытуды бастадық. 1,5 жыл оқыған түлектер биыл, міне, бітіріп шықты. Бағдарлама: ағылшын тілін CLIL әдістемесі нәтижесінде оқыту; жаңартылған мазмұнды қамту методологиясын оқыту; бизнес-коучинг әдістерін толығымен пайдалануды қамтыды. 1,5 жыл ішінде осы әдіс бойынша ағылшын тілінде сабақ беруді меңгеріп шыққан студенттердің білімін тек біздің университеттің ұстаздары ғана емес, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері, «Архимед» мектебі секілді қаланың алдыңғы қатарлы мектептерінен арнайы шақырылған ұстаздар комиссиясы әр семестрде ашық сынақпен қабылдады. Нәтижесінде, бітірушілердің барлығы сынақ тапсыру кезінде-ақ аталған мектептерге жұмысқа орналасып кетті.
– Елбасы былтыр: «Университеттер көп, бірақ сапасыз маман одан да көп», – деп жоғарғы білім жүйесін қатаң сынға алған еді. Білім берудің үздік, жаңа тәсілдері туралы айтсаңыз?
– Рас, осы пікірден кейін оң ізденістерге ұмтылған Үкіметтің «Академиялық адалдық лигасы» талабына байланысты меморандумға қол қойған университеттер арасындағы ережеге сәйкес, біз өз тарапымыздан «плагиаттыққа жол берілмесін», «бағалау жүйесі қатаң жолға қойылу керек» деген екі ұсынысты енгіздік. Егер ішкі бағалау жүйесі әділ, таза жүргізілсе, іріктеу үдерісінен 70-80 пайыздың төңірегінде ғана түлек екшеліп шығып, бітіруі тиіс. Екіншісі, плагиаттықпен күресу. Студентке берілген тапсырма интернеттен көшірілген болса, мұндай жұмысты бағалаудың қажеті де жоқ. Яғни, студентке психологияны, ал университетке ішкі бағалау жүйесін өзгерту керек. Үшінші мәселе, кәсіпкерлермен тығыз байланысты жұмыс жасау. Сол себепті бізде «әр студент өзінің кәсіпкерлік белсенділігін танытсын» деген талап қабылданды. Онда «бизнес жоспар қалай жасалады?» деген қарапайым мәселеден бастап, «инвесторды қайдан тауып, өнімді сатылымға қалай шығарамын?» деген мәселеге дейінгі бизнестің барлық сұрақтары тегіс қамтылады. Бұл ойды іске асыру үшін бізде нағыз бизнестің қайнаған ортасынан келген кәсіпкерлер сабақ беруге тартылады.
– Биыл жарияланған Жастар жылында жастардың кәсіпкерлік қырын қолдаудың қандай мүмкіндіктерін көресіз?
– UIB мақсаттарының бірі – студенттеріміз ертеңгі өзінің жеке кәсібі туралы бүгін ойланып жүрсе деген ізгі ниеттен туындайды. Егер біздің университеттен түлеп ұшқан жастарымыздың кемінде 20%-ы келешекте өз бизнесін ашып жатса, тіпті бұрыннан бар бизнестің өзін оңтайландырып, жетістіктікке жетудің жолын тауып жатса, бұл біздің экономикаға жаңа тұрғыдағы буын қалыптастыруға қосқан үлесіміз деп есептейміз. Осыған сәйкес бізде студенттер мен 11 сынып мектеп оқушылары арасында өтетін «БизZone» деп аталатын бизнес-сайыс жобасы бүгінгі күні белсенді жұмыс істеп келеді. Бір айта кетерлігі, жобаға аяғынан нық тұрған белгілі кәсіпкерлердің өздері көмектесіп отыр. Бизнес университеттердің қоғам алдында атқаратын өз міндеті бар. Ол – жаңаша ойлайтын жас кәсіпкерлер буынын даярлау.
– Сізбен былтыр да сұхбаттасқан едік, жыл аралығында қандай жағымды жаңалықтар орын алды?
– UIB – Алматы қаласындағы 38 жоғары оқу орнының арасындағы мектеп түлектері тарапынан өте көп таңдау жасалатын білім ордаларының бірі болып саналады. Бұрын UIB-де 75 пайызға дейін негізінен қалалық жастар білім алса, қазір аймақтардан келетін түлектердің саны артып келеді. Университетімізде шетелден келіп оқитын студенттер де көп. Жалпы ол бізге үлкен жауапкершілік артады.