Қоғам • 12 Шілде, 2019

Жақсының жақсылығын айт...

1077 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел ішінде жақсы ісімен, жайдары мінезімен, еткен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүретін азаматтар болады. Олардың кейбіреуін күллі ел таныса, тағы бірін өзі туып-өскен өңірі мен қызмет етіп жүрген аймағы ғана біледі. Бірақ бұл адамгершілікті ту еткен азаматтардың беделі мен халқына сіңірген еңбегін бір мысқал да кемітпек емес.

Жақсының жақсылығын айт...

Менің де туып-өскен ауылым Ақбай-Қызылбайда сондай ардақты азаматтар көп. Солардың бірі – медбике болып еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп жүрген медицина саласы­ның ардагері Ұрлыха Сағынтайқызы Қабиева. Анам марқұм Жайкен Рақым­қызы көзі тірісінде ауыл медбикесі Ұ.Сағынтайқызына өте риза болып, мен оқудан келгенде жиі айтып отыратын. Өйткені біздің кейіпкеріміз көптің батасын алған жан. 

Ұзақ жылдар бойы дәрігерлік, адамгершілік парызын адал орындап, күн-түн демей басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарға жедел көмек көрсетіп келе жатқан маман ауыл тұрғындарының сенері де, сүйенері де бола білді. Әрине бір кездері кеңшар орталығы болған елді мекендегі емдеу амбулаториялық ауруханасын басқарған білікті мамандар – марқұм Қайыр Разбеков, Майра Сүлейменова және осы ауруханада еңбек етіп, дәрігерлік көмегімен ел құрметіне бөленген барлық ақ халатты абзал жандарға халықтың дән риза екенін жақсы білемін. Менің де алғысым шексіз. Анам марқұм ауырғанда: «Ұрқияның, Қайыркеннің, Майраштың ыстық уколынан, жылы сөзінен жазылып кеттім», деп айтып отыратын.

Ұрлыха Сағынтайқызы Қарағанды облысы, Ульянов ауданының Барлысай елді мекенінде дүниеге келіпті. Свердлов кеңшарының он жылдық мектебін бітіріп, 1976 жылы Қарағанды медицина училищесінің фельдшер мамандығы бойынша үздік бітіреді. Дәрігерлік қызметін Қарқара­лы ауданына қарасты Қ.Аманжолов атындағы кеңшардың Ақбай-Қызылбай бөлімшесінде ФАП меңгерушісі болып бастаған. Дәрігерлік қызметінде өзін білікті де білімді маман, білгір дәрігер ретінде көрсете білді. 

1989-1994 жылдары Қарағанды облысы, Талды ауданы, жергілікті аудан­дық Фрунзе селолық кеңесінің депу­таты болып сайланған. Білікті дәрі­гердің іс-тәжірибесі аудандық, облыс­тық семинарларда талай мәрте наси­х­ат­талды. Абыройлы еңбегі еленіп аудан­дық, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған. Яғни, оның еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 

Бүгінде зей­нет­керлік жаста болса да еңбектен қол үзбей келеді. Өз ауылының акушер, пе­­диатры әрі терапевті, көптеген сәби­лер­­дің кіндік шешесі. Отағасы, ауыл ­шаруа­шылығы саласының білгірі Жұма­хан екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендердің қызығын көріп келеді.
Ғасыр жасаған аналарын бағып-қағып, мәңгілік мекеніне қондырып, қарашаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Ойымды қорытындылай келе, ел ризашылығына бөленген аға буын дәрігерлердің еңбегін, бүгінгі білімді жас дәрігер мамандар жалғастырса, ауылымыздың дамып көркеюіне, рухани жаңғыруына қосқан зор үлес болар еді демекпін.

Тұрсын Жүнісов,
техника ғылымдарының
кандидаты, доцент