Руханият • 12 Шілде, 2019

Болмысы бөлек Бабата

1807 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бабалардың бабасы, әулиелердің атасы Ысқақ баб қоныс тепкен бұрынғы Балладж – Қарғалық қаласы – хан ордасы болған мекен, бүгінде Бабата аталады. Киелі Түркістан жерінде қасиеті мол Құлқожа Ахмет жатса, осы әулиенің жетінші атасы, ұлы пайғамбарымыздың ұрпағы Ысқақ баб Бабатада жатыр. Ысқақ баб сағанасының бой көтерген уақыты деректерде 876 жыл деп жазылады.

Болмысы бөлек Бабата

Кесене өте шебер тұрғызылған. Мұн­да қатарынан екі күмбез бар. Бірі үлкен, бірі кіші, кішісінің астында Ысқақ баб және әйелі мен баласы жатыр. Кіші күм­без­дің диаметрі 28 метрге жуық, үлкені – 36 метр. Бірнеше ғасыр бұрын өмір сүріп, осы күнге дейін есімі тарихта сақталып кел­ген әулиеге тұрғызылған кесене де бү­гінге дейін тозбай, өз қалпын сақтап тұр. Ел ішінде ата-бабадан келе жатқан мы­на­дай қанатты сөздер бар. 

«Бабатаның қос тауы төбесі көкке тірелген,

 Бабатаның қос өзені, көсегеден бастау алады.
 Бабатаның қос тауы, қос өзені – теріскейдің бесігі,

 Бойы биік Ысқақ бабтың сағанасы – пейіштің кірер есігі».

Көріпкел бабамыз Алкен ишан Кеңес өкі­метіне дейін әулие кесенесінің басында шырақшы болды. Ол кісінің қоса­ғы Батима әже 1950 жылдарға дейін өмір сүрді. Менің Күміс анамның пірі, тәр­бие­шісі болған адам. Анам соғыс кезінде осы кісіден бата алып, ел ішінде пірәдар әйел атанған, көріпкелдігін ел құрметтеуші еді. Ел көшіп келе жатқанда туған анамның кіндігін түйенің қомының ішінде Алкен ишан кескен екен. 1952 жылы нағашы әжеміз Ұлбас Ащысай кенішінде 97 жасында қайтыс болды. Әжеміздің анасы бес қыз туған соң, бесінші қызының атын Ұлбас қойған екен. Ұлбастан кейін он екі ұл дүниеге келіпті. Сонда бір өзі он жеті құрсақты болған ғой. Бәрі де өсіп-өнді. Алкен ишанның айрықша қа­сие­тін сол кездегі кісілер айтып отыратын. Баба­та­дағы медресені салдырған са­уат­ты адам болған, зайыбы Батима әже екеуі жаяулап қажылыққа барып, елге біраз жылдан кейін оралыпты. Алкеннің өзімен бірге жүретін жыландары болған. Өлілермен сөйлеседі екен. Кей жылдары Николай патшаға тарту-таралғымен барып-қайтып жүрген. Бабаларымыз: «Николай сыйға берген шапанды киіп, қылышты ұстап көргенбіз», деп айтып отыратын еді.

Аталар «Әруақ бөлінбейді, әруақ тозбайды» деп айтады. Елдіктің, ерліктің рухы әулие-әмбиелерде екен ғой. Алкен мен ол кісінің зайыбы Батима туралы уа­қы­тында күрделі әңгімелер айтылып жүрді. Ишанның қолжазба кітапшалары Батима әжеде болушы еді. Содан бізге көп әң­гімелер оқып беріп отыратын. Бес­терек елі, одан шыққан Абылай хан­ның тақ қорушысы Сеңкібай батыр тура­лы зерделеп айтатын. Осы кезде Ыс­қақ бабтың ақ жыланы мен Баба Түкті Шашты Әзиздің белгілі балығын көрген­дер арамызда бар. 

Аруақ жолы мен табиғаттың құпиясы жетерлік. Енді кеңес заманындағы ұлы ға­лымның табиғат құпиясы, біл­гені мен сезгені туралы өз ауызынан есті­ге­нім­ді ай­тайын. Біз академик Ісмет Кеңес­баев­тың қазақ тілі грамматикасымен сауат аштық. Ол – Созақ елінің тумасы, Алкен ишанмен құдандалы. Ісметтің қарын­дасы Гүлжахан Алкеннің туған жиені Үсейдің жұбайы болған. Қазір бұл өсіп-өнген іргелі әулет. Үсекең – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ісмет­тің Үсе­ке­ңе әзілін өз аузынан естіген едім. «Соғыс жеңіспен аяқталған соң Үсекең Берлиннен шығып, жол-жөнекей Мәскеуге соқса, сол жерде орден-медаль тарататын мекеменің бастығы Алкен жиені Үсекеңе омырауын толтырып, орден тағыпты. Қалғанын дорбаға салып, арқалатып жіберіпті», деп күлдіріп отырушы еді. І.Кеңесбаевтың көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев туралы тамылжытып айтар мынадай әңгімесі болды. Қаныш ағамыз бірде еңбек демалысын алып, қасында он бес жасар баласы бар, өскен өңірі – Жезқазғанға барып, шопан ағасының үйіне түседі. Күнде ертелеп інісі екеуі малды өріске шығарысып, мал қайтарында қарсы алады екен. Бір­де малдың алдынан шығып, мынадай жағ­дайға кез болыпты. Жайылып келе жатқан қоралы қой, бағытын өзгертіп, жүрмей қояды. Жөнге жүрмеген малды үш кісі қамшылап, қысып айдайды. Мал суатқа шөлдегендей шулап кетеді. Қамшыдан қысылған мал әлгі жерден өткенінше пышаққа іліге береді. Сол жердің топырағын көп уақыт бойы тексерген ғалым топырақтан еш өзгеріс таппайды. Құралдарын да тексеріпті, еш өзгешелік білінбепті. Осы жағдайға шүкіршілік еткен ғалым Алматыдағы өзі қатарлы зиялы кісілерді, белгілі ғалым­дарды үйіне мейман етіп шақырып оты­рып айтқан екен: «Ей, жігіттер, сіздер те­ріс түсінбеңіздер, табиғатта еге бар, ол – жал­ғыз құдай, құдай жолынан алыстауға бол­май­ды. Құдайдың бары шындық», деп, кө­ріп, сезіп білгенін түсіндірген екен. 

Қаныш туралы өзімнің білгендерімді айтайын. Ғалымның өмір тарихын күллі ел біледі ғой. Ал оның Құдай жолы – тыл­сымның белгілері мен таби­ғат құ­пиясын тануы мынадай еді. Соғыс­тан кейінірек Ісмет пен Қаныш бірге Түркі­станға келіп, одан Ащысайдың кішкентай пойызымен Ащысайдағы өрт сөндірушілердің бастығы Тұрдықұл Жаулыбаевтың «неміс машинасы» деп атап жүретін кішкентай жеңіл машинасымен Шолаққорғандағы Есіркеп Паридиновты алып, Бабатадағы ұжымшар жылқышысы – менің бабамның жайлаудағы қара үйіне түсетін. Есіркеп пен Тұрдықұлдың әйелдері бабамның немере қарындастары болып келеді. Сондықтан бұл екі кісі бажа еді. Қымыз ішіп жатқан болып, күндіз үйде, қараң­ғылық түсе Ысқақ Бабтың саға­насына түнеп, таң қараңғысында қай­тып келеді. Осындай жағдайды екі-үш жылдай көріп жүрдім. Академик Ісмет пен академик Қаныш бір мекемеде қызмет істеген. Ісмет пен Есіркеп туысқан адам. 

Тағы да бір айтарым, Кеңес Одағының көрнек­ті ғалымы, қолөнер шебері Ғани Иляев туралы аз-кем сөз. Бұл 1968 жыл­дың тамыз айы болатын. Мен ол кезде Жар­тытөбе кеңшарының бас бухгал­тері­нің орынбасары едім. Бас бухгалтер Мәдібек Өмірқұлов еңбек демалысында жүрген-тұғын. Ал кеңшар директоры Исабек Мырзахметов ауылда жоқ еді. Түскі мезгіл таянған кез. Конторға орта бойлы, реңі таза, қоңыр костюм шалбарлы, қоңыр бас киімді, қолында қоңыр портфелі бар, аяғында қызыл-қоңыр туфли, барлық киген киімі және сөйлеген сөз мәнері өзіне жарасып тұрған кісі келіп, сәлемдесіп болған соң № 169 сенімхатты маған берді. Әлі ұмытқан жоқпын. Түстен кейін кеңшар директоры Исабекке кіріп, екі тонна жүн алатын болды. Жұмыс басталып кетті, үлкен бөлмелі жұмыс істейтін орын берілді. Сонда ауылдағы қолынан іс келетін әйелдерді жинап, орама ши, кілем, қара үйдің дөдегесі, бау шуы, аяқ-қап, кесеқап, сырмақ сияқты бұрынғы бабалардан қалған мүліктерді қайта жаңғыртып жатты. Біздің үйде үш ай тұрып, көп жұмыс атқарды. Сол ғалымның бір әңгімесі – Ғани 3-жасында ата-анасынан жетім қалып, тұлжетім күйінде Қарасуан бұлағында қысы-жазы мекен ететін елдің белгілі байының қолында өмір сүріпті. Ғани 5-6 жасқа жет­кенде тақыр жер көрсе сурет салып жүргенін нағашы атасы байқап, «Қой, балам, сурет – сайтанның кәсібі. Онымен айналыс­па» деп тыйып тастап жүреді. Нағашы атасы Ғаниды қасына алып, Бабатадағы Алкен дамоллаға оқыту үшін алып барса, сабақ басталып кеткен екен. Үш күн әулиеге түнеп, зиярат жасап қайтады. Қарасуан бұлағының айналасы тақыр үш үй сыйғандай орын болады екен. Қалған жағы жыныс орман. Ғани сол тақырға Ысқақ Бабтың сағанасының суретін салып отырса, бір мезгілде бетіне ыстық леп келеді. Басын көтеріп қараса, екі құлағы бар, жуандығы адамның бойындай. Үлкен жылан төніп қарап тұр екен дейді. Содан Ғани талып қалады. Ауыл жақтан көріп қалған нағашысы айқайлап, дыбыс береді. Жылан зиянсыз өз бетіне кеткен екен. Сол Қарасуан бұлағы айдарлы Қарасуан атаныпты. Жылан сағананың суретіне тәжім етіп тұрыпты. Жергілікті халық оны «Ысқақ Бабтың Алкенге ілесіп, одан кейін Тәшіметке ілесіп жүретін жыланы» дейтін. Сол жылан қазірдің өзінде бірлі-жарым көзіқарақты кісілерге көрі­ніп қалып жүреді. 

Ғани туралы тағы бір әңгімеде – Қазы­ғұрт тауының етегінде орналасқан бір ауыл­дың қариясы Социалистік Еңбек Ері­нің портретін жасап беруге шақырады. Ғаниға есік алдындағы бау ағашының ішінен орын дайындатып, қария Ғаниға: «Әй, балам, арақ ішіп қойма, қасыңа менің бабам келіп қалуы мүмкін», дейді. Портрет жасап отырған Ғанидың қарсы алдында басын жерден бір метрдей көтеріп келе жатқан дәу жылан көрінеді. Екеуі көз түйістіріп қалғанда жылан өз бетіне кетіпті. Мұны білген қарт кісі Ғанидан «Жылан қанша рет басын иді?», деп сұрайды. Ғани: «Екі рет иді», деп жауап береді. «Арақ ішпегеніңде басын үш рет иетін еді, сонда сенің арманың өмірбақи орындала беретін еді ғой», депті. (Бұл әңгіме жазушы Амантұр Мұсаевтың кітабында жазылды). Мұны Ғанидың өз аузынан да есіткенмін. 

Ғани Кеңес Одағынан бірінші болып Арабияға туристік сапарға қосылады. Онда Ғанидың араб тілінде сауаттылығын таныған Арабиядағы дін иесі, тиісті тәртібімен шақыртып алып қабылдайды. Мұсылманша сәлем беріп кірген Ғаниды орнынан тұрып, мұсылманша сәлемін қабылдап, қарсы сәлем береді. (Алкен ишаннан көп жыл оқып, арабша күрделі сауаттанған адам ғой). Дін иесі Ғанидан: «қай елсің?» деп сұрағанда: «Өзім қазақ­пын, сүйегім де қазақ, жүрегім коммунист», – дейді. Қазақтың жерін, қалаларын сұрағанда, қалаларын білмейтін болып шығады. Ең соңында Түркістан қаласын атаған кезде, «Нағыз мұсылман халық екенсіңдер. Түркістан – екінші Мекке-Мадина ғой», деп ризашылықпен қолын берген екен. Ғани үш ай үйімде жатқанда, әкем екеуі әр бейсенбі, жұмада әулиеге барып түнеп жүрді. Менің әкем де, бабам да арабша жаза да, оқи да білетін сауатты адам­дар болған. Теріскейдің жылқылы байы­ның баласы Тәжібек 1930 жылдары елде әдепкі ұжымшар ұйымдасқанда, екі бай­талға жылқышы болып бекітіліп, 1954 жылы баласы – менің әкем Сарыға екі бай­талдан 302 бас жылқы етіп өсіріп, өт­кіз­ді. Әкем Ұлы Отан соғысының арда­гері. Біраз жыл ұжымшар бастығы болып, кейін де басшылық қызметте болған кісі еді.

Түркістан күнгей жері атанса, Ысқақ Баб тұрған жер күнгей мен теріскейдің арасындағы көсегеннің көк жонын Қарт Қаратаудың сілемінде жатыр. Бұрын қарт Қаратау екі елдің арасына асу бермей жататын еді. Бұл жерде Торлан асуының Теріскей жағында биік таудың бетінде қолмен қойғандай өте үлкен ақтас бар. Бұл мекенді Айтас деп атайды. Жердің күнгей атануы, оның суы батысқа ақса, теріскейдің суы шығысқа ағады. Сол үшін күнгей, теріс­кей елі атаныпты. Сол Торлан наға­шы­ла­рым мекен еткен жер екен. Халықта бұл киелі жер деген ұғым бар. «Айтас – айд­а­һар қамалдың есігі» деген аңыз бар. Ай­да­һар қамалдың алдында он екі жасар Қа­мыс­бай, тоғыз жасар Шойынбет, тоғыз жасар Тоқ­болат асық ойнап отырса, өз­дері қа­тар­лы таныстығы жоқ бала ке­ліп қо­сы­ла­ды. Біраз ойнаған соң, «Әй, Қамыс­бай, ба­сың­ды көтер», деген дауысқа қа­раса, әлгі бала қарт кісіге айналып, «Қа­мыс­бай, са­ған емшілік, бақсылық, Шойынбет са­ған билік, Тоқболат саған байлық», деп көз­ден ғайып болыпты. Мен сол Тоқ­бо­лат­тың ұр­па­ғымын. Қазіргі абайтанушы Жабал Шо­йын­бетов – Шойынбет бидің ұрпағы. Қа­мыс­бай – қырғыз-қазаққа белгілі емші, көр­сетері күшті бақсы болыпты. Шо­йын­­бет қазақ еліне белгілі әділ би бол­ған екен. Бірде Шойынбет қазақтың бел­гі­лі жа­тып қалған қарт биіне барып, сәлем бе­ре­ді. Қарт есіктен кіріп сәлем бер­ген, жас жігітке: «Қай баласың, әй», деп сұра­са «Шо­­йын­­бетпін» депті. Сонда қарт кісі: «Бәре­­кел­­ді, даңқыңа» деп қасынан төрден орын берген екен. Тоқболат байлығы та­сы­­ған, елдегі даңқты кісінің бірі болыпты. Елде «Тоқболаттың алты ұлы алты рулы ел емес пе?» деген сыйлы сөз тараған екен. 

1963 жылы Бабата фермасында бухгалтер болып жүрдім. Кеңшар директоры Спағұл Малдыбеков шақырып алып: «Сіздер ет комбинатына өткізген он жеті бас түйенің он бесіне квитанция алдыңыздар, қалған екі бас түйеге «өлді» деген құжат жасалады. Оны өзім бекітіп беремін. Екі нарды баз меңгерушісі Магамат Лавазанов комбинатқа өткізіп, ақша алып, Шымкенттен Ысқақ Баб әулиені қоршайтын темірлер әкеледі. Сіз осы қоршауды орнатуда басы-қасында болыңыз, құдай алдында жауап бересіз» деп әзіл айтты. Сол Спекең 1967 жылға дейін Жартытөбе кеңшарында директор болып істеп, осы жылы Шымкент облысының Оңтүстік ауданының біріне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, зейнетке шыққанынша абыроймен атқарды. Магамат Лавазановты жұрт «сақал» деп атаушы еді. Өйткені сақалды кісі еді. Ол – шешен ұлтының азаматы, соғыс уақытында 20 шақты үй ауып келіп, Таскөмірсай елді мекеніне орнала­сып қалғандар. Бұл кезде Таскөмірсай елді мекенінде мал бордақылау мекемесі бар болатын. Махаң осы мекемеге өмір бо­йы баз меңгерушісі болды. Арабша сауат­ты адам еді. Сонымен қатар өте күзір­лі тұратын. Ақша сұрап келген кісіге сұраған ақшасын беріп, өзі әкеліп қай­тар­ғанынша сұрамайтын. Бала сияқ­ты көңіл­ді жүргенді ұнататын еді. Мен: «Маха, сіз ақшаны қайдан аласыз?» деп сұра­ға­нымда, Шешенстанда әкем алтын ұстай­тын күзірлі адам болды. Мен мұнда көшіп келген соң, алтындарымды ақшаға айнал­дырдым», деді. Осы кісімен көп жыл қызметтес болдым. Махаң ораза, нама­зын қаза етпейтін діндар адам еді. Ұл-қыз­дары да тәрбиесіне қарай, мәдениетті, иман­ды болып өсті. Махаң мен Спекең екеуі бірге сыйлас тұратын. Екеуі де көзге түспей әулиеге барып, түнеп жүреді екен. Махаң Спекеңді мәдениеттілігі мен имандылығына қарап, пір тұтушы еді.

Бірде жаугершілік қосын жатқан Абылай­ ханның әскеріне жау тосыннан шабуыл жа­сайды. Абылай Бестерек елі­нің батыры Сеңкібай­ға: «Таққа еге бол», деп тағын тапсырады. Ол кезде хан­­­дар тағын өзімен бірге алып жүреді екен. Жауын жеңген Абылай аман-есен та­ғын тап­сырған батырға: «Түу, Сеңкі­бай, көз­­сіз батыр екенсің ғой», дегенде Сеңкі­бай ханға басын иіп тұрып, «Тақсыр, сіз ма­ған та­ғы­ңызды тапсыр­ған кезде әулие­нің ақ құ­сы бізді қалың ор­манға бастап бар­ды», дей­ді. Сонда Абылай: «Түу, Сеңкі­бай, сенің өзің­нен де жол басшың күшті екен ғой», деген екен. Бұл дерек Алкен ишан­ның Ба­ти­ма әжедегі қолжазба кіта­бынан алынды. 

Бүгінгі елге де мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген бабамыз Ысқақ Баб әулиенің шарапаты молынан дарысын! 

Орынбек САРИЕВ,
Шолаққорған ауылының тұрғыны