Қазақстан • 12 Шілде, 2019

Санға емес, сапаға басымдық берілмек

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Трағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, партия облыстық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясына қатысты. Жиын барысында ол партияның жаңа кезеңдегі міндеттерін анықтап, алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап берді.

Санға емес, сапаға басымдық берілмек

Өз сөзінде Бауыржан Бай­бек партияның сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күресті одан әрі кү­шейтетінін айтып, бұл жұмысты ең алдымен ұйымның өз ішінен бас­тайтынын жеткізді. Осы рет­те Маңғыстау облысында кейбір бас­шылық қызметтегі адамдардың сы­байлас жемқорлықпен ұстал­ғаны туралы деректердің бар екенін атап өткен жөн.

– Өңірлік филиалдың бас­шы­лығы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің құрамы мен жұмысын жүйелі қа­да­ғалап отыру керек. Қазір партия қатарын «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз. Бұл істе біз санға емес, сапаға баса мән береміз, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Адамға лайықты жағдай жа­сау, оның құқықтары мен еркін­дігін қорғау, жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету – пар­тия жұмысының негізгі басым­дықтары. Сондықтан Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғыр­на­масын жүзеге асыруда партияның рөлі ерекше.

Осы мәселеге назар аударған партия Төрағасының бірінші орын­­басары басты міндет халық­тың сенімін күшейту екенін сөз етті.

– Халықтың сенімін күшейту үшін Елбасы партия жұмысын түбегейлі қайта қарастырып, маз­мұнды «қайта жүктеуді» тапсырды. Бұл істе біз партиялық бақылауды күшейтіп, атқарылған жұмыстарды Парламент пен мә­слихаттардағы фракциялары­мыз­да белсенді түрде талқы­лай­тын боламыз, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен бірге жиын бары­сында депу­таттық сауалдар бүкіл қоғамды алаңдатқан аса өзекті мәселелермен үндесіп, байланы­сып жатуы керектігі, партия осы бағыттағы бақылауды күшейтуі тиіс екені айтылды. Осы ретте партия Төрағасының бірі­нші орынбасары Маңғыстау облыс­тық мәслихатындағы депутаттық фракцияның жұмысы көңіл көншітпейтініне назар аударды.

– Жұмыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы соңғы екі жылда көш соңында қалып келеді. Егер біздің депутаттар бел­сен­ділік танытып, өзекті мәселе­лерді талқылап, халықпен кездес­песе, бұқаралық ақпарат құрал­дары мен әлеуметтік желілерде сөйлемесе, қандай қоғамдық сенім туралы айтуға болады?! Партия жар­ты жылдан кейін сайлауға кім­мен барады?! Сондықтан бұл бағытта Маңғыстау облысы тиім­ді тетіктерді іске қосуы керек, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар ол Елбасы, пар­тия Төр­ағасының жаңа кезеңде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру, халық­пен кері байланысты жүйелі жолға қою, әр өтінішті назардан тыс қалдырмай, дер кезінде әрекет етуді партияның алдына маңызды міндеттер ретінде қойып отырғанын айтты.

– Партия халықтың үнін ести де, тыңдай да білу керек. Сол се­бепті партияның қоғамдық қа­былдау жұмысын күшейтуіміз қажет. Бұл істе Маңғыстау облысында өтініштерді тіркеуде кешігу сияқты мәселелер бар. Сон­дықтан әрбір келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркеліп, ол толығымен оң шешімін тапқанға дейін қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сапар барысында Бауыржан Байбек халықтан келіп түскен өтініштерге сәйкес облыс орта­лы­ғында салынып жатқан онко­ло­гиялық диспансерге барды. Бұл денсаулық сақтау ныса­ны­ның құрылысы 2009 жылы бас­талған. Содан бері жұмысы өнбе­ген құрылысқа қатысты жергі­лікті тұрғындар партияға шағым­данған. Сондықтан бұл нысан пай­далануға берілгенге дейін Nur Otan-ның қатаң бақылауында болады.

Айта кетейік, Б.Байбектің қаты­суымен өткен партия облыс­тық филиалының конферен­ция­сында Маңғыстау облысы­ның әкімі Серікбай Трұмов партия­ның облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Сондай-ақ Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен Қызылордада Nur Otan партиясы облыстық филиа­лының кезектен тыс өткен XXV конференциясы өтіп, онда үш мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Nur Otan партия­сы облыстық филиалының жаңа төрағасын сайлауға Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың кандидатурасы ұсынылған болатын. Делегаттар облыстық партия филиалының жаңа төрағасының кандидатурасын бірауыздан қолдады. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қуанышбек Ысқақовты құттықтап, куәлік табыс етті.

– Қуанышбек Досмайылұлын жаңа жауапты қызметке тағай­ын­далуымен құттықтаймын. Ол – осы өңірдің тумасы, өз ісінің маманы, жауапты қызметтерді атқарған тәжірибелі басшы. Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысының әкімі болып тұрған кезде көп еңбек атқарды, Сыр өңірін дамыту үшін, оның ішінде жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлерді қолдау, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиемен қамтамасыз ету және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша көп жұмыстар істеді. Қуанышбек Досмайылұлы да аймақтың әлеу­меттік мәселелерін оңтайлы шешуде аянбай еңбек етеді деп се­немін, – деді Б.Байбек.

Келесі мәселе бойынша сөз алған партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестің ұсынысымен облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Қуанышбек Ысқақов Саяси кеңес бюросының мүшесі болды.

Бауыржан Байбек Nur Otan пар­тиясының алдағы уақыттағы міндеттерін белгілеп, сайлауалды штабтың жұмысына белсенді қа­тысқан партия мүшелерін Пре­зи­денттің Алғыс хатымен марапаттады. 

Бүгінде Қызылорда облысында 51333 мүшесі бар 245 бас­тауыш партия ұйымы жұ­мыс істейді. 2018 жылы партия филиалдарының қоғамдық қабыл­дауларына тұрғындардан 3196 өтініш түсіп, олардың 35,5 пайы­зы оң шешімін тапқан болатын. Ал ағымдағы жылдың 6 айын­да 1738 өтініш келіп түскен. Олар­дың 80 пайызға жуығы әлеумет­тік қамсыздандыру, тұрғын үй, жұмыспен қамту секілді мә­селелерден құралған. Осы өтініш­тер­дің 28,1 пайызы оң нәтижеге жетті. Осылайша Nur Otan партиясы халықтың үлкен тірегіне айналып келеді.