Саясат • 12 Шілде, 2019

Депутаттар ел ішінде

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент депутаттарының аймақтарға сапары бас­талды. Халық қалаулылары ел ішінде сайлаушылармен кездесулерінде өндіріс орындарының әлеуметтік-мәдени орталықтардың ұжым­дарымен жүздесіп, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық бағдар­ламалардың мән-жайын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлады Парламент Сенаты және Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Депутаттар ел ішінде

Алғашқылардың бірі болып Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан ашылған №4 өрт сөндіру бөлімінде және еліміздің Ұлттық ұланының жедел мақсаттағы бригадасы – 5573 әскери бөлімінде болды.

Сенатор кездесу барысында өрт сөндіру саласының жаңа техникасымен және өрт сөндіру бөлімінің жабдықталуымен танысып, өрт сөндірушілер және құтқарушылармен пікір алмасты. 

Кездесуде М.Құл-Мұхаммед өрт қауіпсіздігі, әлеуметтік нысандарды сақтандыру, халықты төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге үйрету, өнеркәсіп қауіпсіздігі жағдайындағы талаптарды қатайту мәселелерін көтерді. 
* * *

Мәжіліс депутаттары Василий Олейник пен Геннадий Шиповских Шығыс Қазақстан облысындағы сапары барысында Өскемендегі «Силумин-Восток» ЖШС кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. 

Кездесуде депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты  әлеуметтік тапсырмалары туралы айтты.

Аталған серіктестікте депутаттарға өндірістік жабдық сервистік қызмет көрсету және IT-технологиялар инновациялық оқу орталығы таныстырылды. Орталықтың басты мақсаты – өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлерін және студент-практиканттарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру. 
* * *

Мәжіліс депутаттары Қожахан Жабағиев пен Әбдіманап Бектұрғанов Жамбыл облысына  сапары барысында тәулігіне 80 тонна сүт өнімдерін өндіретін зауыттың еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорын жұмысымен танысты. 

Еңбек ұжымымен кездесуде депутаттар еліміздегі әлеуметтік бастамалар туралы айтып, жұмысшыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. 

Өз кезегінде, кәсіпорын директоры Әбдіғали Бегімбетов бүгінгі таңда сүт бағытындағы 4 ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс жүргізіп жатқандарын, алдағы уақытта кооперативтер санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. 
* * *

Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Иван Клименко мен Аль­берт Рау Қостанай облысындағы Алтынсарин ауданына қарасты До­ку­чаев ауылындағы су құбырларын жүргізу жұмыстарымен танысты.

Бүгінде «Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасы аясында мұнда 20 шақырым құбыр тарту көзделуде. Жобаның жалпы құны 779 млн теңгені құрайды.  Әзірге бірінші ұңғыманың құрылысы жүргізілуде. Нысанда 40 адам жұмыс істеуде.

Жалпы, Докучаев ауылындағы су жүйесі маңызды жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады деп күтілуде. 2015-2019 жылдар аралығында Қостанай облысында 15 жоба жүзеге асқан. «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары осылайша өңірдің өзекті мәселесін оңтайлы шешіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдемек емес.  

* * *

Ал Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Байділдә Жылқышиев және Тарас Хитуов «Баламекен» жобасы аясында салынған тұрғын үйлер құрылысымен танысып, жергілікті халықпен жүздесті. 

Осыдан бірер ай бұрын, «Бәйтерек» шағын ауданында тұрмысы төмен көп балалы отбасылар үшін 150 баспананың құрылысы басталған болатын. Бүгінде қос пәтерлі  100 отбасына арналған 50 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар қоныстанған. Жаңа мекеннің алғашқы қоныстанушылары – көп балалы отбасылар. 

Елбасының халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы  тапсырмасының нәтижелі жүзеге асырылуына көз жеткізген мәжіліс депутаттары да жоба аясындағы жұмыстарға оң бағасын берді. 
* * *

Ал Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Александр Суслов және Жәмила Нұрманбетова Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы ұжымымен кездесті.  

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Ж.Нұрманбетова сөз алып, Қазақстанның Тұңғыш  Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызмет сапасын көтеру мәселесіне маңыз бергенін атап өтті.

* * *

Мәжіліс депутаттары Зәуреш Аманжолова, Жанат Омарбекова, Гүлнара Бижанова және Кәрібай Мұсырман Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Ноғайбай» ЖШС-не барды. 

Онда депутаттар дәнді, майлы және азықтық дақылдарды өсірумен айналысатын кәсіпорынның қызметімен танысты. 

– «Ноғайбай» ЖШС-нің тәжірибесі ауылда кәсіпкерлікті дамытудың жарқын үлгісі болып табылады. Бұдан басқа, бұл меценаттықты дамытудың тамаша үлгісі. Кәсіпорын басшысының күшімен көптеген инфрақұрылым нысандары салынды, тұрғындарға белсенді көмек көрсетіледі. Әрбір кәсіпкер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысып, өз көмегін көрсетуі тиіс. Сондықтан осындай үлгіге біздің кәсіпкерлеріміздің көпшілігі сүйенуі тиіс, – деп атап өтті сапар барысында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.
* * *

Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев, Евгений Козлов және Ирина Унжакова Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ақтаудағы тұрғын үй, коммуналды-тұрмыстық және өнеркәсіптік бағыттардағы нысандарды жылумен, сумен қамтуға жауапты «Каспий жылу, су арнасы» МКК ұжымымен кездесу өткізді.

Депутаттар кездесу барысында Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстар, елдің ертеңі жарқын болуы үшін білікті мамандарды оқыту, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, жастардың рөлі туралы ой бөлісті. 

Сонымен қатар мекеме қызметкерлерін толғандырған барлық сұрақтарға толықтай жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.