Экономика • 12 Шілде, 2019

Автокөлік өндірісі өсіп келеді

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет үйінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов журналистерге елдегі автокөлік өндірісі саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Автокөлік өндірісі өсіп келеді

Салалық алалау болмайды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрінің айтуынша, биыл жыл соңына дейін 2020-2025 жыл­дар­ға арналған индустрияландыру бағдар­ламасы бекітіледі. 

– Елбасының тапсырмасының аясында жыл соңына дейін 2020-2025 жыл­дарға арналған индустрияландыру бағ­дарламасын бекітеміз. Индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасына енгізілген бұл бағдарлама өткен жылдың желтоқсан айында Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Бағдарламаның мақсаты өң­деуші өнеркәсіптің халықаралық бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру. Жалпы, ин­дус­триялық-инновациялық саясат жал­ғаса береді. Экспортқа бағдарланған кәсіпорындар мен еңбек өнімділігін арттыруға баса назар аударылады, – деді министр орынбасары. 

Өз сөзінде вице-министр таяуда бекітілетін 2020-2025 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасының негізгі ерекшеліктерін атады. Біріншіден, өңдеуші өнеркәсіптің барлық сала­ларындағы тиімді жұмыс істеп жатқан компанияларды қолдау үшін бағдарламадағы салалық басымдықтар алып тасталады. Екіншіден, бюджет қаражатына бақылауды күшейту және тиімді пайдалануын қадағалау үшін кәсіпорындарды қолдауда нақты көрсеткіштерге көңіл аударылмақ. Үшіншіден, кәсіпорындарды жаңғырту мен технологиялық дамытуға бағытталған қолданыстағы құралдар жетілдіріледі.  Аманияз Ержановтың айтуынша, қазіргі таңда бағдарлама жобасы әзірленіп жатыр.


Жеңіл автокөлік өндірісі 41,5 %-ға ұлғайды

Вице-министрдің атап өткеніндей, автокөлік құрастыру саласы елдегі машина құрастыру саласының негізгі бағыты болып табылады. Бұл саланы дамыту арқылы экономиканың өзге де салалары мультипликативті түрде дамитыны анық. Сонымен қатар саланың қарқын алуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да тікелей ықпал етпек. Қазірдің өзінде бұл салада жұмыс істейтіндер саны 2 мыңның айналасында болса, өнеркәсіптің аралас салаларындағы жұмыс орындарының саны 7 мың адамға жетеді. 

– Қазір Қазақстанда автокөліктің барлық түрлерін жинау бойынша өндіріс құрылды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы авто­мобиль жасау үлесі 19,2 пайызды құ­рады.  Ал 2019 жылдың қаңтар-ма­мыр айларында машина жасау сала­сын­дағы автокөлік шығару үлесі 25,4 пайызға дейін өсті. 2018 жылы жалпы құны 205 млрд теңге болатын 32 298 көлік құрастырылды. Машина жасау саласының нақты көлем индексінің кө­лемі 2018 жылы 114 пайызға жетті. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жалпы құны 114 млрд теңгенің 

16 921 көлігі шығарылды. Жеңіл авто­көлік өндірісі 41,5 пайызға, автобус өндірісі 3,2 есеге, жүк автокөліктері өндірісі 35 пайызға, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі 35 пайызға өсті, – деді министрдің орынбасары.


Электромобиль инфрақұрылымы салынуда

Баспасөз мәслихатында Аманияз Ержанов:

– Қазір барлық шетелдік компаниялар электрокөлік өндірісіне көңіл аударып жатыр. Бұл әлемдік тренд. Біз одан қалып қоймауымыз керек.  Электромобиль құрастырумен айналысатын бірнеше қазақстандық компанияны атаған едім. Әзірге қазақстандық өндірушілер шығаратын электрокөліктердің құны Tesla көліктерінен 1,5 есе қымбат болып тұр, – дееді. Вице-министр бүгінде әлемде осы сала бойынша Tesla-ның көшбасшы екенін айта келіп, біздің автокөлік өндірушілеріміздің аталған көлікті зерттеп, өзіміздің өнімдердің құнын төмендету тәсілдерін ойластырып жатқанын тілге тиек етті. 

– Tesla көліктерінің бағасы 28 мың АҚШ доллары шамасында. Отандық компаниялар электрокөліктерге қолданылатын батареяларды өз елімізде шығару үшін жұмыс істеп жатыр. Отандық ғылыми институттар да аталған батареяны Қазақстанда жасау жағын ойластыруда. Батареяны шығаруға қажетті шикізат бізде бар,– деді Аманияз Ержанов. 

Министр орынбасарының айтуынша, сұраныс болған жағдайда отандық компаниялар электрокөлік шығаруға дайын көрінеді. Бұған дейін бірнеше автокөлік құрастырылып, сатылымға шығарылыпты. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Нұр-Сұлтан-Щучье тас жолында электрокөлік инфрақұрылымы жасалып жатыр. Бүгінде елімізде шамамен 200 электрокөлік бар.

Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»