Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Су шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

1390 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында тұңғыш рет Үкіметтің қаулысына сәйкес ресми түрде белгіленген Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді. Мерекелік шараға Нұр-Сұлтан мен Алматы, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының делегациялары қатысты.

Су шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аймақтың су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дер кезінде қабылдаған шешімінің арқасында, Кіші Арал теңізін сақтап қалдық. Бүгінде күн көрісі ауыл шаруашылығы өндірісіне, яғни суармалы суға тікелей байланысты ауылдағы ағайынның арман-тілегін орындау мақсатында су тапшылығының алдын алу үшін облыста бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, облыста 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Соңғы 4 жылда ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 60 су ұңғымасы іске қосылды. Облыс орталығы – Қызылорда қаласы 2015 жылдан бастап толығымен жерасты су қорын пайдалануға көшті», деді облыс басшысының орынбасары.

Ағымдағы жылдың мамыр айында қабылданған Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарында экология және табиғатты пайдалану саласы, оның ішінде су шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жобаларды іске асыру қарастырылған. Атап айтқанда, Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар.

Сондай-ақ Қызылорда су торабын кешенді жөндеу көзделген, нәтижесінде оның апаттылық мәселесі шешілетін болады.

Бұдан басқа, Кешенді жоспар аясында «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймалары салынады, бұл суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға және суармалы су қорының 20 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді.