Ел өмірімен танысу – жемісті жұмысқа бастар жол
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:14
Маңғыстау облысына жаңадан келген басшы А.Айдарбаевқа Маңғыстау өңірі, маңғыстаулықтарға оның есімі жақсы таныс. Алайда, аймақты бұрын мұнай саласына қатысты жетік білетін ол басшылық қызметін аудан, қалаларды аралап, өңірлердің әл-ауқатымен, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұсыныс-тілегін тыңдаумен бастады.
Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:14
Маңғыстау облысына жаңадан келген басшы А.Айдарбаевқа Маңғыстау өңірі, маңғыстаулықтарға оның есімі жақсы таныс. Алайда, аймақты бұрын мұнай саласына қатысты жетік білетін ол басшылық қызметін аудан, қалаларды аралап, өңірлердің әл-ауқатымен, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұсыныс-тілегін тыңдаумен бастады.
А.Айдарбаевтың жұмыс сапары Жаңаөзен қаласынан бастау алды. Бұрын тек мұнайлы қала ретінде ғана айтылатын Жаңаөзенге қазір моноқалалар қатарында түлеу жолына түскен қала тұрғысында көзқарас қалыптасқан. Жаңаөзенге барған жан жаңарған қала бейнесін, түзелген тұрғындар тұрмысын көрсек деп барады. 125 мыңнан астам халқы бар қалада қазір бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылысы жүруде. Жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылданып, болашақта салынатын қарқынды құрылыстар белгіленуде. Халқы да, көлемі де өсе түскен Жаңаөзендегі бүгінгі маңызды мәселенің бірі – кәріздік-тазалау жұмыстары. Облыс басшысы 2009 жылдан бастап қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Өзен-Инвест» МКК қарамағындағы кәріздік-тазалау ғимаратында болды. Мұнда қажетті қаржы бөлініп, нақты жұмыстар атқарылуда екендігін жеткізді құзырлы орындар басшылары. Жаңаөзендегі құрылыстың бірі – қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығының құрылысы. Құрылысы аяқталып, енді қаладағы көшелер мен нысандарда тәулік бойы бақылау жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар күтіп тұрған ғимаратты, одан кейін Шаңырақ шағын ауданында салынып жатқан 100 орындық перзентхананың, әскери қалашықтың, Теңге ауылындағы 900 орындық мектептің құрылыс жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Бизнес-инкубатор» ғимаратын аралаған А.Айдарбаев Рахат шағын ауданында болды. Қазір 31 мыңнан астам тұрғыны бар аудан болашақта 63 мыңнан астам адамның мекені болмақ. Бұл өз кезегінде кейбір мәселелерді күрделендіре түсетіні анық. Сондықтан бүгінгі жұмыс осы қиындықтардың алдын алу бағытында жүруде. Бұл туралы баяндаған Жаңаөзен қаласының әкімі С.Тұрымов шағын ауданның толықтай электрмен, газбен қамтамасыз етілгендігін, су құбыры жартылай тартылғандығын айтты. Келешекте су құбырын тарту жұмыстарын жалғастыру, аудан аумағынан шаруашылық базарын салу жоспарланыпты.
Қаладағы маңызды жаңалықтың бірі – «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының АҚ боп құрылуы. Бұл Жаңаөзенде біраз істерді оң шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Түрлі құрылыс нысандарымен танысу арқылы біз мұнайлы қаладағы үлкен жұмыстардың куәсі болып тұрмыз. Бұл қала өмірінің қалыпты арнасына түскендігін, жергілікті басшылықтың белгіленген міндеттер мен жоспарларды орындауда жауапкершілік танытқандығын аңғартады, –деген облыс әкімі А.Айдарбаев Жаңаөзен қаласы әкімінің жұмысын оң бағалады.
Сапар Мұнайлы ауданында жалғасты. Аудан аумағында орналасқан «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының радиоактивті және уытты қалдықтарының шаңытуын тоқтату, оған жақын орналасқан елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту үшін жыл сайын жасанды көлдің сұйық фазасын тұрақтандыру мақсатында су жіберу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әкім «Қошқар ата» қалдықтар қоймасына тазартылған су құйылатын ағызу арнасын, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын аралап көрді.
Облыс әкімі мұнан соң Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған аудандарында болды. Әр өңірдің өз ерекшелігі, көрсетер жаңалығы мен алдына қойған міндеттері бар. А.Айдарбаев Қарақия ауданында әлеуметтік нысандар құрылысын аралап, аудан әкімі Ә.Дауылбаевтың өткен жылды қорытып, үстіміздегі жылға жүктеген жоспарларын тыңдады. Аудан басшысы Құрық ауылының кіреберісіне жер қойнауын пайдаланушы компаниялар қаржысына орнатылатын 13 метрлік стелла мен оның абаттандырылатын маңайы туралы әңгімеледі. Жобаның жақсылығын, бірақ оның қажеттілігіне де мән беру керектігін айтқан облыс басшысы «аудандағы елді мекендерде тұрғындар балаларымен бірге қыдырыстап, демалатын демалыс орындарын абаттандырса жақсы болар еді», деген пікірін айтты.
Маңғыстау ауданында Алик Серікұлы мектеп, интернат, балабақшалардың, Тұщыбек ауылындағы Е.Оразақов атындағы шипажайдың ахуалымен, жалпы жұмыс барысымен танысып, аудан басшысы Ж.Айтуаровтың баяндамасын тыңдады. Ол өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айта келіп, «Маңғыстау ауданының 16 ауылы табиғи газды магистралдық газ желісін Жетібай, Шетпе, Өтес ауылдарынан автоматты газ реттеу стансасы арқылы алып отыр. Қыс мезгілінде «Жетібай-Шетпе» газ құбырынан газ алып отырған 7 ауылға газ жеткізу қиындығы туындайды. Өйткені, бұл құбыр 2001 жылы тек Шетпе кенті үшін есептеліп салынған» деп өңірдегі өзекті мәселені алға тартты. Сонымен қатар, «Өтес-Тұщықұдық» газ желісінің Мәстек жерінен Шетпеге газ құбырын тартып, желіні тұйықтау жөнінде ұсынысын білдірді. Ауданда жасалынып жатқан жұмыстардың маңыздылығын айтқан әкім «Халықтың тұрмысына қажетті газ құбырын тарту мәселесі шешімін табады», деді. Одан кейін «Каспий Цемент» зауыты құрылысында болған облыс әкімі аталмыш ЖШС бастығы А.Зурабовқа Шетпе кентіндегі темір жол өткеліне көпір салып беруге ұсыныс білдірді.
Облыс әкімі Бейнеу ауданындағы іссапарын Ескі Бейнеудегі Бекет ата мешітіне тәу етуден бастады. Бейнеу астық терминалы қызметімен, «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының Бейнеу ауданы аумағындағы құрылыс жобасымен танысып, әлеуметтік нысандарды аралап, ұстаздармен кездесті.
Киелі Маңғыстаудың қарашаңырағы саналатын – Түпқараған ауданының облыстың жаңа басшысына таныстыратын тартымды істері жоқ емес. Қашаған кенішінің өндірістік және сервистік базалары шоғырланған ауданда қазір 30-дан астам компаниялар жұмыс жасайды. Облыс әкімі алдымен атбасын тіреген Қашаған кенішіне құрлықтан қолдау көрсететін алаңдар орналасқан «Теңізсервис» және аталмыш кенішке сервистік қызмет көрсететін, нақтырақ айтсақ кеме жөндеуші «MOBY» компаниялары болды. Соңғы компанияның жұмысында кездесіп тұрған қиындықтарға қаныққан әкім бүгінгі күнгі проблемаларға назар аудару, жалақыны уақытында төлеу бағытында әрекеттену қажеттігін ескертті. Сөз ретіне қарай айта кетелік, теңіз шебін қорғап, көк теңіз бетіндегі тәртіпті қадағалайтын Теңіз шекарашыларының әскери базасы да осы ауданда орналасқан.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин берген жылдық есепті тыңдап, оң бағалады. Бұрын да облыс жұртшылығына іскер, білімді азамат ретінде танымал Е.Жаңбыршиннің облыс орталығына әкім болған аз уақыт ішінде біраз шаруаларды тындырып, болашаққа одан да зор жоспарлар қойып отырғандығы – ақтаулықтар үшін үлкен қуаныш. Әлеуметтік саланы дамыту, экономика, халықаралық және өңірлік байланыстарды дамыту, инфрақұрылым және кеңістік дамуы, мемлекеттік және жергілікті басқаруды жетілдіру бағытындағы ауқымды жоспарлар мен облыс әкімі А.Айдарбаевтың берген бірқатар тапсырмалары Ақтау қаласының ажарын, тұрғындардың тұрмысын көтере түспек.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.