14 Шілде, 2019

Көрісу дәстүрі мерекелік күнтізбеге ене ме?

714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы сұрақты арқау еткен дөңгелек үстел Алматы музейінде өтті. Көрісу дәстүрін еліміздің мерекелік күнтізбесіне енгізуді талқылау барысында ғалымдар өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп, аталған дәстүрдің ерекшеліктеріне тоқталды.

Көрісу дәстүрі мерекелік күнтізбеге ене ме?

Тарих ғылымдарының докторы, этнограф Ахмет Тоқтабай осы басқосуда қызықты тарихи мысалдарды алға тарта отырып, ежелгі Наурыз мерекесі үнді-иран халықтарында шаруашылық жұмыстарының мерзіміне, аймақтардағы табиғи ерекшеліктерге байланысты әр уақытта тойланатындығын айтады.

«14 наурыз – ұзақ қыстан кейінгі көрісу, кездесу күнінің Қазақстанның батыс өлкесінде сақталуын тарихи үнді-иран дәстүрінің каспий маңы аймағында сақталуымен түсіндіреді. Сондай-ақ ежелгі иран күнтізбесінде жылдың үшінші айы Амалдың 14 наурыздан басталуымен байланыстырады. Кейінірек Ирандағы реформадан кейін Наурыз мерекесін тойлау 14-нен 22 наурызға ауыстырылды. Мұндай фактілер тарихи шындықты бұрмалап, қоғамдық сананы шатастыратындықтан, Көрісу немесе Амал мейрамын мерекелер күнтізбесіне енгізудің маңыздылығы жоқ» деп санайды тарихшы-ғалым.

Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, фольклоршы Сәкен Сейілбек осы пікірге қарсы бірқатар мәліметімен бөлісті.  

«Адамдар ерте заманнан бұл күні бір-бірін қақаған қыстан аман шыққандарына қуанып, көктемнің жаймашуақ күндерінің туғанымен құттықтайтын. Оларға жақындары мен туыстарын аралап шыққанша біраз жерді жүріп өтуге тура келеді. Осылайша, барлық алыс-жақындарына кіріп-шыққанша Наурыз мерекесі де келіп жететін. Көрісу – адамдардың арасын жалғайтын бірігу мерекесі. Ғалым махаббатқа, жақындарына қамқорлық жасауға тәрбиелейтін ежелгі халық дәстүрінің гуманистік принциптерін алға тартады. Жасы үлкендерге сәлем беру арқылы қазақ халқы оларға сый-құрмет көрсетеді.  Ал жастар болса, үлкенді сыйлау арқылы батасын алатын» деп атап өтті.  

Қайырымдылық, мейірімділік идеяларына толы бұл мерекені тойлау халқымыз үшін өте өзекті, сондықтан адамдар барлық жақындарымен жүздесіп, бір-біріне амандық-саулық тілеп, ерекше сезіммен көрісулері үшін бұл күні мемлекеттік демалыс жариялануы тиіс. Осы мазмұнда пікір білдірген мамандар руханиятымызды дамытуда ізгілікке, мейірімділікті насихаттайтын мерекелердің артықтығы жоқ екендігін айтады.  


АЛМАТЫ