Әлем • 15 Шілде, 2019

Грекия үкіметі «Жаңа демократиямен» жаңарды

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Грекияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп, билік басына оппозициялық партия келді. Үкімет басшысы Алексис Ципрасты «Жаңа демократия» партиясының көшбасшысы Кириакос Мицотакис ығыстырды.

Грекия үкіметі «Жаңа демократиямен» жаңарды

Ежелгі Эллада елінің 1975 жылғы Конституциясына сәйкес заң шығарушы билікті бір палаталы парламент жүзеге асырады. 1952 жылдан бері грек парламенті 300 депутаттан жасақталып келеді. Парламент сайлауы төрт жылда бір мәрте өтеді. Алайда, 2004 жылдан бері Грекияда бірде-бір үкімет Конституциямен бекітілген мерзімде соңына дейін жұмыс істемеді. Қазіргі үкімет биыл қазан айына дейін отыруы керек еді, бірақ оған жеткізбей тағы да кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Неліктен мұндай шешім қабылданды? Осы­ған аз-кем тоқталып өтейік.

Грекияның премьер-ми­нистрі Алексис Ципрас президент Про­копис Павлопулостан мер­зімі­нен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы сұрағанды жөн деп санады. Оның мұндай ше­шімге келуіне 26 мамырда өткен Еуро­пар­ламент сайлауында өзінің пар­тиясы «Сириза» солшыл радикал­дар коалициясының жеңілісі ық­пал етті. Партия 24% дауыспен екін­ші орынға түсіп қалды, ал одан жоға­ры болған «Жаңа демократия» пар­тия­сының еншісінде – 33% дауыс. Осыдан кейін үкімет басшысы же­ңілісін мойындап, «енді тек екі жол қалды: кредиторлармен жасал­ған меморандумдардан бас тарту немесе кейін шегініп, аскетизм, дағдарыс және олигархтарға оралу» деген мәлімдеме жасады. Ал бұған жауап ретінде ел президенті парламентті таратып, осы жылдың 7 шілдесінде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді белгіледі.

Грекияның басты проблемасы – құбылмалы экономикасы. Елді он жыл бұрын дағдарыс жайлап, жастар арасындағы жұмыссыздық 40%-ға жетті, банктер ыдырап, салынған инвестициялар өзін өзі ақтамады. Жарты миллион грек кри­зистің кесірінен өз елін тас­тап кетуге мәжбүр болды. Бұл жағ­дай­ды реттеу туралы бастамалар әр кезеңдегі сайлауға өз ық­палын тигізіп келеді. 2015 жы­лы үкімет «Сириза» өкілдерінен жасақталғанда, бұл құрам біраз уақыт үстемдік құрады деп болжан­ған еді. Өйткені осы партияға халықтың басым бөлігі тығырықтан алып шығады деп сенім артты. Бірақ сол сенімге селкеу түскенін Еуропарламент сайлауы көрсетіп берді. Содан Алексис Ципрас билік пен халық арасындағы байланыс­ты қайта бекітуді дұрыс көріп, уақыт ұттырмай сайлауға кірісіп кетті. Премьер-министр өзінің үкі­меті Грекияны экономикалық құл­дыраудан алып шықты, еңбек­ақы мен зейнетақы өсті, аз қамтыл­ған­ғандар жәрдемақы алып, бір­қатар салық төмендетілді деп санай­ды. Сондықтан үкіметтің бағдар­ла­масын сайлауалды уәде ретінде қолданған Алексис Ципрас жеңіске деген үмітін жоғалтпаған еді...

Сонымен кезектен тыс парламент сайлауы да артта қалып, билік басына басқа партия келді. Басқа дегені – «Жаңа демократия» партия­сы. Кириакос Мицотакис бастаған оңшыл центристік партия 39,78% дауыс жинап, парламенттегі 300 орынның 158-ін иеленді. Сайлау ко­дек­сіне сәйкес ең көп дауыс жи­наған партия қосымша мандаттар еншілеуге құқылы. Ал екінші орын­ға түскен Алексис Ципрас жетек­шілік ететін солшыл радикал­дар коалиция­сы 31,56% дауыспен парламенттен 86 орын алды. Сондай-ақ 3% дауыс­тан жоғары алған тағы төрт партия парламентке ілігіп, 9-дан 22 орынға дейін иелене алады. Сөйтіп 2019 жылғы парламент сайлауында 8% басымдықпен билік басына келген «Жаңа демократия» партиясының көшбасшысы Кириакос Мицотакис Грекияның жаңа премьер-министрі ретінде ант қабылдады. Салтанатты рәсім Афинадағы президент сара­йында Прокопис Павлопулостың қатысуымен өтті.

Өткен аптаның басында Грекия үкі­метінің жаңа құрамы аталып, оған 51 адам, 17 министрлік кірді. Ка­­­би­неттің 21 мүшесі басқарушы пар­­тияға кірмейді және парламент мү­­шелері емес. Тағайындалған ми­нистр­лер 9 шілде күні грек халқы­ның мүддесіне қызмет етуге ант берді.

Грекияда 2008 жылдан бергі дағдарыстың салқыны әлі байқа­ла­ды. Жаңа үкімет басшысы Ки­риа­­кос Мицотакис реформа жасап, салықтарды төмендетуге, ин­вес­ти­ция тартуға, экономиканы кү­шей­туге уәде берді. Елдегі бұқара­лық ақ­­парат құралдары таратқан хабарлар бо­йынша халықтың дені Кириакос Мицотакистің оң өзгерістер жасайтынына сенім артады. Жаңа премьер-министр елдегі саяси әулеттердің бірінен шыққан. Ол – бұрынғы үкімет басшысы (1990-1993 жж.) Константинос Мицотакистің ұлы.

Депутаттардың ант қабыл­дауы­нан кейін жаңа құрамды пар­ламенттің алғашқы отырысы 17 шілдеде өтеді.