Руханият • 15 Шілде, 2019

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Біздің мақсатымыз – ізгілікке шақырып, іріткіден қайтару

1647 реткөрсетілді

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры: Біздің мақсатымыз – ізгілікке шақырып, іріткіден қайтару

– Мұхамеджан Оразбай­ұлы, биыл «Асыл арна» теле­ар­насының құрылғанына 10 жыл толып отыр екен. Мерей­той­ларыңыз құтты бол­сын. Ең әуелі арнаның қазір­гі қазақ қоғамындағы шығар­машылық бағыты, мәдени-ру­хани маңызы, ақпарат кеңіс­­тігіндегі алар орны жайлы айтып берсеңіз...

– «Асыл арна» телеарна­сы Елбасымыздың тікелей қол­да­уымен рухани-ағарту­шылық бағытта құрылған шығармашылық құрылым. Яғни, идея авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы. Тұңғыш Пре­зиден­тіміз телеарна жұмысын жүйе­леп жүргізу жөнінде 2007 жылы тікелей тапсырма берген-ді. Содан екі жыл мерзім эфирлік материал жинауға кетті де, 2009 жылы жұмысты бастадық.

Қазір шығармашылық ұжым мемлекетіміздің рухани бағыт­тағы саясатына негіздей отырып жұмыс жасауда. Соңғы жыл­дары қоғамда отбасы құн­дылықтары және «Рухани жаң­ғыру» секілді үлкен бағ­дар­ламаларға басымдық бе­ріліп жатыр. Осы ретте біз арна­мызды негізінен отбасы құндылықтарын насихаттауға бейімдедік. Яғни, «Асыл арнаны» толықтай діни телеарна дегеннен гөрі, дінмен сіңісті қазақы дәстүрлерімізді насихаттайтын отбасылық телеарна десе болады.

Алғашында біз коммер­ция­лық арна ретінде тіркелген едік. Елбасымыздың рухани бағыттағы саясатын ел арасына насихаттаудағы еңбегіміз еленіп, қазір республикалық теле­арнаға айналдық. Бұл деге­німіз – қазақстандық хабар таратушы желілердің барлығы «Асыл арнаны» өз аудиториясына ұсынуға мемлекет тарапынан міндеттелетінін білдіреді.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен қоян-қолтық жұмыс атқару­да­мыз. Министрлік, Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қар­масы және «Асыл арна» арасын­да үшжақты меморандум бар.

– Сіздердің шығарма­шы­лық бағыттарыңыз еліміздегі діни ағартушылық мүддеге сәйкес болғандықтан ҚМДБ тарапынан қолдау бар ма?

– Бар. Мысалы «Маңызды мәселе» бағдарламасы аптасына үш мәрте тікелей эфирге шығады. Яғни, көрермен өздерін алаңдатқан сауалдарға жауап алады. Бағдарлама спи­керлері – ҚМДБ имамдары және теолог-ғалымдар. Өткен қасиетті Рамазан айында «Хақтан хабар түскен ай» ат­ты бағдарлама аптасына алты күн тікелей эфирге шықты. Бұл іске де ҚМДБ өкілдері тартылды. Сол сияқ­ты «Қазақстан мешіттері», «Әдеп әліппесі», «Жұ­ма мү­бәрак», «Жас қари», «Құ­ран құндылықтары» тәрізді цикл­­дық хабарларға Діни басқарма өкілдері тұрақты қатысып келеді. Осының өзі-ақ қаншалықты тығыз шығар­машылық байланыста екенімізді анық көрсетеді. Өткен жылы шығармашылық тұрғыдан «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетімен де екіжақты меморандумға қол қойдық. Иісі қазаққа сәулелі сөз жеткізуде осылайша тізе қосып амал атқарып жатқан жайымыз бар.

Телеарна жыл сайын ҚМДБ қадағалауымен қажылық сапардан елдегі бауырларға хабар таратумен қатар, түрлі шариғи мәселелер талқыланатын конференциялар, Ислам елдері мүф­­тилерінің басқосуы, шетелд­ерде діни дәріс алып жүрген қа­зақ­стандық жастардың жай-күйі сияқты алуан шаралардың ақ­параттық қолдаушысы ре­тін­де арна Діни басқармамен қанат­тасып жұмыс атқарып отыр.

– Сізге жол ортадан тосындау сұрақ қойғым келіп отыр. Ислам дінінің ежелгі қазақ қоғамындағы орны қандай болды? Қазір қандай?

– Қазақтың ұлт ретінде қа­лыптасуында Ислам орны зор. Яғ­ни, мұсылманшылықты қа­был­даған тайпалардың бірі­гуі негізінде Қазақ ханды­ғы құрылды. Бабаларымыз­дың алтын басын бір тудың ас­тына біріктірген шариғат шарттары негізінде туыстық қарым-қатынасқа үлкен мән беретін дәстүр қалыптасты. Өткен ғасырларда әдейі ұйым­дастырылған аштық, генецид, қасақана жасалған реп­рессиядан да аман шығып, тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің негізінде де Ислам діні жатыр. Неге? Аталарымыз қыз алып, қыз беруде бірінші шариғат қағи­даттарын алға қойды. Діні басқаны өзіне жат тұтып, құда­­ласудан сақтанды, яғни қан тазалығына мән берді. Бір қолында ғылымы, бір қолында Құраны бар бабаларымыз ғылым туғызды, өркениет жасады, қала мәдениетін қалыптастырды. Қазір әлем тұтынып отырған құн­дылықтардың авторы ке­шегі біздің бабаларымыз – әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауилер емес пе?

– Дін дегеніміз құлшылық па, ағартушылық па, әлде қоғамды тұтастыратын рухани күш пе? «Асыл арна» осы бағыттардың қайсысына басымдық беріп отыр?

– Дін дегеніміз – туғаннан өлгенге дейін қатар өріліп келе жатқан құндылық. Ал жеке адам үшін – құлшылық. Қоғам үшін қауымды тұтастырып, берекесін арттыратын ұйытқы. Ғылым үшін – дамудың жолын ашатын ағартушылық.

Мәселен, қазір біздің ұлт ретінде ұтылып жатқан жеріміз – отбасы құндылығы. Ақсақалға мұқтажбыз, қариядан жетімдік көрудеміз, жемқорлықтан қазы­намыз кеміп жатыр, қаталдық пен қаныпезерліктен қаншама қыз-келіншек жапа шегуде, сараңдық себепті кедей ағайын қағыс қалып жатыр. Осы проб­лемалар түбінде не жатыр? «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей намыс­ты ұл, ұят­ты қыз тәрбиелемеудің кеміс­тігі бұл.

«Асыл арна» – қоғамды ты­­ныш­тыққа, шүкіршілікке, ын­тымаққа шақыруымен де танымал. Себебі барынан айы­рылып, берекесі қашып, ты­ныштықты түсінде ғана кө­ретін жұрттарды көзіміз көріп отыр. Демек, тыныш елде ырыс табуымыз үшін, осы елде берекелі ғұмыр кешуіміз үшін Елбасымыз айтқандай, «тәуел­сіздігімізді көзіміздің қарашы­ғындай қорғауымыз керек». Осы бағытта да жазылу­шы­ларымыздың саны үш миллионға жететін әлеуметтік желі­лердегі парақшаларымызда дүр­кін-дүркін бейнероликтер, фотопостар ұйымдастырып жа­тырмыз.

Мұны не үшін айтып отырмын? «Бір күн ұрыс болған үй­ден қырық күн береке қа­шады» дейді қазақ. Ал үлкен бүлікті, яғни революцияны пайғамбарымыз Мұхаммед [с.ғ.с] ұйқыдағы арыстанға те­ңейді және кімде-кім оның мұртын жұлып оятар болса, яғни ел арасына әдейілеп іріткі салар болса немесе патшасы мен қауымның арасына от жақса, оған Алланың лағынеті болсын дейді. Алла елшісі (с.ғ.с) сондай-ақ қару­мен бүлік бастаушылардан гөрі қаламмен әміріне қарсы шығу­шылардың зияны көптігін айтып, үмбетін сақтандырған. Ендеше, басшыңа бағыну мен бүліктен барынша қашу да – Ислам талабы. Арнамыз эфирінен ең көп насихатталатын тақырып – тыныштықтың қадірін білу, Жаратушың жарылқауды жалғастыратын айтып сүйіншілеу.

– «Асыл арна» Орталық Азия елдерінде Діни – ағарту­шылар бірден-бір хабар тарататын бірден-бір ақ­парат құралы екен. Біздегі билік бұтақтары тарапынан түсі­ністікпен қабылдау үрдісі қаншалықты?

– Сөз басында айтқаны­мыздай, «Асыл арна» Елбасы­мыздың тікелей қолдауымен ашылған. Бұлай болмаса, рухани-ағартушылық тақырып 10 жыл жүйелі жүргізілмес еді. Қаншама сайттар ашыла сала жабылып, журналдар жоқ боп кетіп жатқанда, телеарнаны бабында ұстап тұру – сіз айтып отырған билік бұтақтарының түсіністігі ғана емес, жүйелі шарапатының жемісі. Арнамыз ашыла сала, сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхам­мед барлық облыс әкім­деріне ресми хат жазып, Елбасының рухани бағыттағы саясатын насихаттайтын арнаны қолдауды айтқан еді.

Кейінгі жылдары Дін істері министрі Нұрлан Ермекбаев кеңсемізге арнайы келіп, жұ­мыс барысымен танысып, нақ­ты тапсырмаларын беріп кеткен еді. Қоғамдық даму ми­нистрі кезінде Дархан Кәле­таев та оң көзқараста болды. Қазіргі министріміз Дәурен Әскербекұлымен де келісілген уақытта кездесіп, есебімізді тапсырып, жоспарымызды таныстырып тұрамыз.

Сондай-ақ кейінгі жылдары облыс, аудан орталықтарында жастармен кездесулерге жиі шақырады. Ақын деген атымыз бар, сөз ұстаған айтыскер, республикалық арна дирек­торы ретінде шақырған жерден қалмауға тырысамыз. Бес жүз, мың адамдық залдарда өтетін кездесулер аймақ бас­шы­ларының рұқсатынсыз, құ­зырлы орындардың мақұл­да­­уынсыз өтпейді ғой. Сіз сұрап отырған түсіністік деген осы емес пе?

– Шығармашылық ұжым діни-рухани бағытта жұмыс жасайтындықтан, жетекші журналистердің де діни сауаты болғаны жөн. Оның сыр­тында қазір қоғамда жат ағымдар ықпалы да бар­шылық. Осы іс қалай үйлесім табуда?

– Ұжым жетекшісі ретінде маған телеарна қызметкерінің діни сауатының тереңдігінен гөрі кәсіби шебер, масс-медиа маманы болуы маңыздырақ. «Асыл арнада» жұмыс істеу үшін теологиялық терең білім керек емес. Өйткені иісі қазақ баласының бәрі иманды, мұ­сыл­­маншылықтың негізгі қағи­даттарын қара шаңырақтан-ақ үйренген. Ақын Бекжан Әшір­баев бауырым айтпақшы, қазақтың кез келген баласы «академиялық білімді әкеден алып» өседі.

«Асыл арнаның» мақсаты – елдің бәрін медресеге шақыру емес. Біздің негізгі концепция, домалақтап айтар болсақ, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали айтқандай, генімізде онсыз да бар, бірақ ұйықтап жатқан ұлттық кодтарымызды түртіп ояту. Жәмиғатты жақсылыққа үндеу, жұртшылықты жаман­дықтан қадари-халімізше қайтару. Ақ пен қараны тап басып, ненің пайда, ненің зиян екенін жүрегімен шын түсінген адам мешітке бара ма, медресеге шәкірт бола ма – өзі біледі. Қоғам діниленбеу керек, мұсылмандануы қажет. Өйткені шын мұсылман айналасына тек пайда әкеледі, етікші бола ма, егінші бола ма, қайда жүріп, қандай орынтақта отырса да өз кәсібінің нағыз білгірі болуға тырысады. Яғни, дүние мен ақырет қамын қатар ұстайды.

Ал жат ағымды анықтау – жүдә қиын шаруа емес. Ағым – белгілі бір адамға немесе бір адамның кітабына шақырады, сан алуан адамды бірдей ойлайтын секта шеңберіне тық­қысы келеді. Ал ақиқи дін – Алланың кітабы Құранға жә­не оның елшісі Мұхаммедтің [с.ғ.с] сүннетін орындауға ғана шақырады. Құран мен сүннетке ғана сүйенген адам қос рельске түскен пойыздай зымырайды. Мұны бабаларымыз баяғыда-ақ айтып кеткен ғой – адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады...




Баннер
Соңғы жаңалықтар

120 келі тартатын торпақ көтерді

Аймақтар • Бүгін, 14:31

Ұқсас жаңалықтар