Экономика • 15 Шілде, 2019

Диплом да кепілдік бола алмайды

739 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде екі қолға бір күрек таппасаң, көшеде қаңғып қаласың. Сол себепті де елімізде күнкөрістің қамымен кез келген жұмысты істеп жүрген азаматтар көп. Ауыр қара жұмыстарға жегіліп жүрген жастар да жоқ емес. Бұған, басқа қаланы айтпағанда, Алматыдағы Сейфуллин көшесі мен Нұр-Сұлтандағы «Артем» сауда үйі маңында қолдарына көк пакет ұстап, әр көлікке телміріп тұрған жігіттер дәлел бола алады. Көбі ЖОО-да оқымаған десек те, кезінде осы тақырыпты зерделегенімізде қолында қос дипломы болса да, мамандығы бойынша еш жерден жұмыс таба алмай, амалсыздан «құл базарда» тер төгіп жүрген азаматтарды да кездестіргенбіз... Хош.

Диплом да кепілдік бола алмайды

Жұмыс демекші, былтыр елімізде жұ­мыс­сыз­дар саны 1,1 пайызға азайып, 442,9 мың адам­ға жеткен көрінеді. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы жастар 83,7 мың адам­­ды құрапты. Бұл туралы Finprom.kz жазды.

Өткен жылдың талданып отырған кезеңінде жұмыссыздар саны 0,3%-ға тө­мен­деген кезде 437,8 мың адамға тең болды. Дегенмен, есептік кезеңде соңғы жылдары жұмыссыз халық санының төмендеу динамикасы байқалады. Өсім тек биыл ғана тіркеліп отыр. Бұл ретте елдегі жұмыссыздық деңгейі жылына – 4,9%-дан 4,8%-ға дейін төмендеген.

Биыл І тоқсанның аяғында жұмыс кү­шінің саны 9,2 млн адамды құраса, өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артық (9 млн адам). Жұмыспен қам­тылған халық өткен жылдың бірінші тоқ­са­нымен салыстырғанда (8,5 млн адам) 2,3% артып, 8,7 млн адамға жеткен. Оның 76,4%-ы немесе 6,7 млн адам – жалдамалы қыз­мет­керлер екен. Өз кезегінде өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған халық 2,1 млн адамды немесе ха­лықтың жалпы санының 23,6%-ын құраған.

Сондай-ақ биыл І тоқсанның соңында жұмыссыздардың ең көп саны Алматыда тіркеліпті. 51,2 мың адам, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен (49,6 мың адам) 3,3%-ға артық. Жұмыссыз халық саны бойынша екінші орынды Алматы облысы алады: 49,6 мың адам (бір жыл бұрын – 48,9 мың адам). Аутсайдер-өңірлердің үштігіне Түркістан облысы да еніп отырған көрінеді – 41,3 мың жұмыссыз.

Жұмыссыздықтың ең аз деңгейі Сол­түстік Қазақстан (14,6 мың адам), Маң­ғыстау (15 мың адам) және Атырау (16,2 мың адам) облыстарында байқалады екен.

Бұл – шамамен 1 ай бұрынғы деректер. Бұл цифрлардың көп өзгере қоймағаны да анық.

ЖОО түлектерінің 81,1 %-ында жұмыс бар

Айтпақшы, жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алсаң да, өз мамандығың бойын­ша жақсы жұмыс тауып кету оңай емес бүгінде. Ол туралы жоғарыда тілге тиек еттік. Мейлі, сен он жерден білімді һәм білікті болсаң да, егер жоғарыда «көкең» отырмаса, бәрі бекер. Бұл жерде біз бәріне бірдей күйе жағып отырған жоқпыз, әрине. Өкінішке қарай, көп жағдайда осылай болатыны даусыз.

Ал енді диплом демекші, заң негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған ЖОО бітіруші жас мамандар кейін «отработка» жасауға міндетті. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, квота шегінде педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бо­йынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шық­қан азаматтар мемлекет­тік білім беру, медициналық және вете­ри­нар­лық ұйымдарда жоғары оқу ор­нын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті және сондай-ақ, мем­­лекеттік тапсырыс негізінде фи­­ло­­­со­фия ғылымдарының докторлары (PhD) бағдарламасы бойынша док­торан­­тураға оқуға түскен азаматтар да оқуды аяқ­таған­нан кейін ЖОО-да немесе ғылыми ұйым­дарда кемінде үш жыл жұмыс істеуге мін­детті деп тайға таңба басқандай жазылған.

Білім және ғылым министрлігінің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы ЖОО түлектерінің саны 130 868 адамды құрапты. Оның ішінде 98 948 маман жұмысқа орналастырылған (75,6%), биылғы қаңтар айындағы ақпарат бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 81,1% түлек жұмысқа тұрыпты.

2016 жылы 143 241 түлектің 112 351-і (78,4%) жұмыспен қамтылса, мемлекеттік тапсырыс бойынша 83,2% көрсетіп отыр. Ал 2017 жылы 137 836 түлектің 106 690-ы (77,4%), мемлекеттік тапсырыс бойынша 79% жұмысқа орналастырылған.

Былтыр ауылдық квота бойынша 2085 адам оқуды аяқтаған екен, оның ішінде 931 түлек жұмысқа тұрған.

Оқу жылы ішінде жоғары оқу орындары өңірлердің Жұмыспен қамту басқармаларымен, түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін, форумдар, кездесулер өткізіп, одан әрі кепілді жұмысқа орналастырумен практикадан өту үшін шарттар мен меморандумдар жасалады.

БҒМ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ЗТМО) ақпараттық базасында бітірушілердің жұмыс істейтін мамандығы туралы мәліметтердің болмауына байланысты мониторингті түлектердің зейнетақы аударымдары негізінде жүзеге асырыпты.

Хош, жұмыссыздық мәселесі кез кел­ген елде бар. Десек те, нағыз білімді де та­лапты мамандардың қара жұмыс іс­теп, ал білімі таяз болғанмен, тек «барып кел, шауып кел» дегенге зыр жүгіретін пысықайлардың жұмсақ креслода отыратыны жақсы үрдіс емес.