Руханият • 15 Шілде, 2019

Саусағынан саз тамған Саида

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ол – өмірге, білімге құштарлық болса, ешнәрсе адамға кедергі бола алмайтынын дәлелдеген қыз. Ол – өнерде шекара болмайтынын таныт­қан қыз. Ол – елордадағы мемлекеттік академиялық филармонияның солисі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері... Бұл тізімді үздіксіз жалғастыруға болады.

Саусағынан  саз тамған Саида

Тоғыз жасында жасалған операциядан соң қос жанарынан айырыл­ған Саида сол сәттен бастап музыканы жанына серік етті. Содан бері еш қиындыққа қарамастан талай шыңдарды бағындырып, 13 жасында туған қаласында ең алғашқы жеке концертін берді. Ол ешқашан «Музыкант боламын» деген арманынан айныған жоқ. Мектепті үздік бітіріп, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыды. Саусағынан саз там­ған шебер пианист Саида Қалықова қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы­ның Мемлекеттік филармониясында қызмет етеді. «Менің білімге деген құштарлығым маған барлық кез­дес­кен қиындықтарды жеңіп шығу­ға көмектеседі», деп бастаған әңгіме­сінде ол елімізде аудио кітаптардың аз екенін де тілге тиек етті.

Алайда шетелде оқығанда мұндай қиындықтар болмағанын айтады. «Италияға оқуға келгенде, ректор мені теориялық сабақтарға қалай дайындалады екен деп ойлаған екен. Соны бірден ойластырып, Университет дидактикасы деген бөліммен ақылдасып, ең қажетті деп санаған аудио кітаптарды дайындап шықты. Олар менің мүмкіндігі шек­теулі екенімді білдірмей, бар­лық аудио кітаптарды маған берді. Сондағы менің қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Басқалары 10-15 минут тапсырса, мен 35 минут бойы емтихан тапсырдым. Олар менің итальян тілін өте жақсы меңгергеніме таңданыспен қарады, тіпті менің басқа ұлт өкілі екеніме сенбеді», деді ол көкірегін қуаныш кернеп. Ол соңғы емтиханда жеке және оркестрдің сүйемелдеуімен екі бағдарлама орындады. Сөйтіп музыка академигі дәрежесін иеленді.

Сондай-ақ ол тек орындаушы ғана емес, 20-дан астам туындының ав­торы. Италия, Румыния, Ресей мем­лекеттерінде өнер көрсеткен Саида биыл өзінің музыка әлеміндегі 20 жылдық мерейтойын Нұр-Сұлтан қаласында атап өтті. Сонымен қатар оның кеші Алматыда сондай-ақ, Түркияда өтті.

«Бүгінде кей жастар көп нәрсеге шағымданып жатады. Алайда ол әсте дұрыс емес. Өйткені білім, ғылым үйрену ешбір ақыны талап етпейді. Тек керегі – ынта мен ықылас, ұмты­лыс пен іздену» деген Саида ағыл­шын тілімен бірге, итальян тілін де жетік меңгерген. Тіпті мектепте итальян тілінен дәріс те берген. «Бірде Оксфордтан келген оқытушы аста­на­­мызда болған 2 күннің ішінде жас­тар­мен тек аудармашы арқылы сөй­лес­кенін айтты. Алайда менімен ағылшынша сөйлескенде, ол көп нәрсені тереңнен қозғап, пікір алмастыра алғанына қуанды. Расымен, аудармашы арқылы сөйлесу мен сол тілдің өзінде ой алмасу тіпті екі бөлек нәрсе десек те болады. «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың». Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас» деп, ой бөліскен ол жас­тарды тіл үйренуге шақырды.

Саида әңгімесін тағы бір қызықты жайтпен әрі қарай жалғап, итальян тілінен аудармашы болып жүр­ге­нінде Даун ауруына байланысты кон­­фе­ренция өткеніне тоқталды. «Сон­да шетелден келген сарапшылар бала­ның қолына шұлық кигізіп, қалам ұс­тату керегін айтты. Ал біздегі бір мұғал­ім қолғап кигізуге де болады ғой деді. Мен сарапшыларға осыны айт­­қа­нымда, олар шұлық кигізудің қан­ша­лықты пайдалы екенін жіліктеп түсін­діріп берді. Егер мен де осыны құп­тап, назар аудармағанымда, оқи­ға бас­қаша өрбір еді. Яғни, бұл жер­ден тілді білу мен түсінудің тағы бір ар­тық­­шы­­лығын көруге болады», дейді Саида.

Саиданың арманы көп. Тіпті кей­біріне сіздің қиялыңыз да жетпейді. «Менің бір арманым – шетелдерде шығармашылық кешімді өткізіп, Қазақстанның атын асқақтата түсу», деді ол. Осы сәтте Саиданың анасы да әңгімемізге араласты. «Саида алға қойған мақсаттардың қиындығын ойламайды, тіпті елемейді де, тек оны орындау жолында талмай еңбек­тенеді», дейді анасы. Біз де оның әсем композициялары әлемнің талай үздіктері бағындырған Лондон­ның, Францияның үлкен залдарында шырқалатынына шын жүректен тілектестігімізді білдірдік.