Спорт • 15 Шілде, 2019

Жасөспірімдер фестивалі өтеді

510 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда алғаш рет Олимпиадалық қысқы спорттың алты түрі – биатлон, шаңғы жарысы, фристайл, мәнерлеп сырғанау, коньки спорты және шорт-трек бойынша қысқы балалар-жасөспірімдер фестивалі өтеді. Бұл туралы қазақстандық танымал спортшы, Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева мәлімдеді.

Жасөспірімдер фестивалі өтеді

Іс-шара Ұлттық Олимпиада коми­тетінің қолдауымен жас спортшыларды 2020 жылғы Лозаннадағы қысқы жас­өспірімдер Олимпия ойындарына дайын­дау аясында өтеді. Жарыстар 2019 жылдың 5-20 желтоқсан аралығына белгіленген және осы жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне енгізілген. Нұр-Сұлтан қаласындағы ауқымды балалар мен жасөспірімдер жарыстарының ұйымдастырушысы – Елена Хрусталеваның Олимпиадалық қо­ры. Фестивальдің бас серіктесі – Олим­пиа­далық қозғалыстың көпжылдық серік­тесі «Кока-Кола» компаниясы.

– 2020 жылдың 10-19 қаңтар ара­лы­ғында өтетін Лозаннадағы қысқы жас­өспірімдер Олимпия ойындары 70 мемлекеттен келген қатысушыларды жинап, тарихта үшінші мәрте өткізіледі. Ең алғаш 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен додада Қазақстан құрамасынан 17 спортшы қатысып, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Белсенді жаттығулардың арқасында және осы жаңашыл әрі қазақстандық жасөспірімдер спортын дамыту үшін өте қажет фестивальдің өткізілуі арқасында біздің спортшыларымыз келесі жылы одан да жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттенемін, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық Олим­пиада комитетінің ресми өкілі Жігер Аз­бергенов.

Іс-шараның басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын нығайтуға ықпал ету, оны әлемдік Олимпиада қозғалысының құнды­лық­тарына кіріктіру және қазақстандық жас атлеттерге маусымның басты жарыс­тарына дайындалуға көмектесу.

– Біз жас спортшылар үшін ауқымды, әрі көркем фестивальді ұйымдастыруды және ең жоғары деңгейдегі жарыс­тарды өткізуді жоспарлап отырмыз. Олар балалар арасында Олимпиада рухын дәріптеу және ел намысын түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда қорғайтын лайықты спортшыларды да­йындау мақсатында ұйымдастырылады. Біз бұл жарыстар жыл сайын өткізіліп, танымалдылыққа ие болады және тұ­рақты негізде спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне енеді деп үміттенеміз. Фестивальді ұйымдастыру және өткізу бастамасын Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Юлия Галышева, сондай-ақ осы спорт түрлері бойынша барлық федерациялар қолдады, – деп түсіндірді Елена Хрусталева.

Өз форматы, ұйымдастыру деңгейі, спорттық бағдарламасы және өткізу тәртібі бойынша жасөспірімдер жарысы өте қызықты және тартымды болмақ. Барлық негізгі іс-шаралар Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алау» мұз кешенінде өтеді. Ашылу салтанатына атақты қазақ­стандық спортшылар мен олимпиадашылар, Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен қала әкімдігі басшыларының қатысуы жоспарланған.

Елена Хрусталеваның Олимпиадалық қоры спортсүйер жастарды қолдау, халықаралық жарыстар алдында қажетті жат­тығулар мен жарыс тәжірибесін қамта­масыз ету мақсатында, сондай-ақ тұр­ғындарды белсенді өмір салтына тарту бойынша бұқаралық іс-шара­ларды өткізу үшін құрылған. Қоры құрылтайшылары қатарында атақты қазақстандық спортшылар – фристайлдан қазіргі әлем чемпионы Юлия Галышева мен атақты альпинист Мақсұт Жұмаев та бар.