Руханият • 15 Шілде, 2019

Елдікті еңселендіретін ескерткіш

331 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдікті еңселендіретін ескерткіш батыр Баянның құрметіне орнатылса деген жұртшылықтың тілегі ескерусіз қалмағаны жөн.

Елдікті еңселендіретін ескерткіш

Тұңғыш Президентіміз «Отанымыздың бас газеті» деп баға берген «Егемен Қазақстан» басылымының байырғы оқырмандарының бірімін. Әр санын асыға күтіп отырамын. Реті келгенде, көтерілген тақырыптарға, мәселелерге орай пікір білдіріп отыратын әдетім бар. Бұл жолы қолыма қалам алуыма Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұ­сырманның «Жұмабек Тәшеновке ескерт­кіш орнатылады» атты мақаласы түрткі болды (25 маусым). Автордың Тәуел­сіз­дік жылдарында Қызылжар қаласының кел­беті ажарлана түсті деген ойына мен де қо­сыламын. Қаламызда жаңа шағын аудандар бой көтеріп, еліміздің азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен ұлт тұл­ғалары ұлықталып, ескерткіштер орнатыл­ды. Қазақстанның бес бірдей облысын Ре­сей жеріне өтіп кетуден сақтап қалған көр­некті мемлекет және қоғам қайраткері Жұма­бек Тәшеневтің ескерткіші облыс орталы­ғын­дағы №20 мектептің алаңына қойылды. Елін, жерін шексіз сүйген, сол үшін басын қа­тер­ге тіккен күрескер қайраткердің асқақ тұлға­сы бүгінде жастар тәу ететін орынға айнал­ған. Та­рихи тұлғаларға деген үлкен құрмет­тің бірі ретінде облыс орталығынан Нұр-Сұл­тан қаласына қарай шығатын жолайы­рық­та атақты қолбасшы, батыр, «Елім-ай» дас­та­ны­­ның авторы Қожаберген жырау Толыбай­ұлы­ның еңселі ескерткішінің орын алуын атар едім.

 Қасиетті Қызылжар өңірінде ескерткіштер аз емес. Бұл, біріншіден, қаламыздың тари­хы­ның тереңде жатқанын аңғартса, екін­шіден, ел­дің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін күрескен қайраткерлерден кенде емес еке­нін айғақтаса керек. Сол сияқты бар ғұмы­рын халқының азаттығы жолын­да сарп еткен Алаштың ақиық ақыны Мағ­жан Жұ­ма­баевтың, Н.Погодин атындағы об­лыс­тық орыс драма театрының алдында орын тепкен қос батыр – Қарасай мен Ағын­тай бабаларымыздың, аса таяғымен жөн сіл­теп, жорыққа аттанып бара жатқан Абы­лай ханның өр тұлғалары жас буын бойы­на ерлік, өрлік рух беріп, отанды, елді, жерді сүюге ұмтылдырары сөзсіз. Абай мен Пушкиннің, әнші-композитор, ақын Үкі­лі Ыбырайдың, сұлу сөздің зергерлері Сә­бит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің тас мүсін­дері де өңірімізден шыққан талантты тұлғаларға деген риясыз сүйіспеншілікті танытады. Біз мақтанышпен айтып отырған бұл ескерткіштер тәуелсіздік жылдарында бой көтерді. Көздері тірісінде еселі еңбектерімен, ерлік істерімен, өткір мінездерімен елге қыз­мет еткен олардың тау тұлғалары халықтың жадында сақталары хақ.

Кәрібай Иманжанұлы Петропавлдағы ескерткіштердің тарихын егжей-тегжейлі баяндайтын тағы бір мақаласында «маған сүйікті қалам – Петропавлға тағы бір ескерт­кіш жетпей тұрғандай көрінеді. Омбы қаласы жаққа шығатын жол бойындағы әскери институт маңына ұлы Мағжан тұтас бір поэмасын арнаған қаһарман Баян батырға лайықты ескерткіш орнату қажет сияқты. Ол елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңірде бүгінгі және болашақ сардарлар мен сарбаздарға айрықша рух беріп, асқақтап тұрса, нұр үстіне нұр емес пе?!» деп орынды мәселе көтеруі біз сияқты аға буынның жанын жадыратады. Қызылжарлықтар Баян Қасаболатұлының ерен ерліктерімен жақсы таныс. Батырдың өр тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында, жыраулардың шығармаларында, Шоқан Уәли­хановтың еңбектерінде ерекше әспет­те­леді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биігі Баян болғаны айдай анық ақиқат. Бұл жайында жыраулар толғауларында жақсы баяндалады.

«Сары, Баян мен Сағынбай,

Қырмап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды!», дейді Үм­бетей жырау.

Мағжанның шығармалары оқылуға ты­йым салынған кездің өзінде қазақтың көп зиялылары «Батыр Баянды» тығылып оқы­ғанын жақсы білеміз. Поэмадағы тұтас батыр образы отаншылдықтың үлгісі ретінде ардақталады.

Былтыр Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаев қаласын Баян батырдың есімімен атау туралы мәселе көтеріп, мақаламыз «Егеменде» жарық көрген болатын. Алайда, бұл өтінішіміз орындалмай қалды. Оның себебін билікте отырғандар кей тұрғындардың қарсылығымен түсіндірді. Менің ойымша, бұл жай сылтау ғана. Аты да, заты да түсініксіз Булаев қаласының атауын Баян батыр деп өзгертсек ешкім тонымызды шешіп алып қалмайды. Керісінше, мұндай ауқымды шаралар келешек ұрпақ алдында жүзімізді жарқын етпей ме? Қазақтың рухын оятқан Баян бабамыздың есімі болашақта бір елді мекенге берілетініне шүбәсіз сенейік. Қызылжардың батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде даңқты тұлғалардың еңселі ескерткіштері орын тепсе, ғанибет емес пе?

 Тарихи тұлғаларды дәріптеу, олардың халық, ұлт үшін сіңірген ерен еңбектерін жастар арасында насихаттау жүрегі қазақ деп соққан, елінің болашағына бейжай қарамайтын әрбір адамның абыройлы міндеті болуы керек. Бұл жайында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында терең қамтылған. Елдің келешегіне бағытталған бағдарламалар тапсырмаларының жіті орындалуына бәріміз жауапты болуымыз керек. Бойымызда қуат бар кезде сөзімізбен, ісімізбен елге пайдамызды тигізгіміз келеді. Кеңес Одағының орынсыз қанауын, солақай саясатын көп көрдік. Халқымыздың арда ұлдарының есімдерін айта алмайтын шақты да бастан өткердік. Тәуелсіздіктің талбесігінде тербеліп өсіп келе жатқан ұрпақ бүгінгідей жаймашуақ өмірдің мағынасын түсінсе, игіліктердің қадіріне жетсе дейсің. Бұл орайда қазаққа қызмет еткен тұлғаларды дәріптеудің маңызы зор.

 

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

 еңбек ардагері, Мағжан Жұмабаев

 ауданының құрметті азаматы

 Солтүстік Қазақстан облысы