Руханият • 15 Шілде, 2019

Адасқан аққуларды аман алып қалды

473 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың аптапты ыстығында облыс орталығынан 700 шақырымға жуық ауыл маңынан адасып жүрген бес аққу табылды.

Адасқан аққуларды аман алып қалды

Шөл далада ыстық өтінде қалған аққулар сол маңайды мекен еткен шопан ауылына барса керек. Су берсе ішпей, әлсіреген, тіпті біреуін көлік қаққан аққулардың ауыр да аянышты халін аңғарған шопан дереу тиісті орындарға хабар береді.

Күннің ыстығын елемей құстарды құтқару үшін жол­ға шыққан инспекторлар он сағатқа жуық тоқтамастан жү­ріп отырып аққуларды Ақ­тау маңындағы Қаракөл өзеніне алып келді.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекция­сы басшысының орынбасары Ғаббас Досатовтың айтуынша, аққулар мекен аудару кезіндегі ауа райына байланысты Бейнеу ауданының Боранқұл ауылы маңына аялдап қалған болуы керек. Азықтың жоқтығы, күннің ыстықтығы сынды қолайсыз жағдайлар әлсіретіп жіберген. Алайда, шо­пан­ның қырағылығы мен инс­пекторлардың шұғыл әрекеті аққуларды қиын жағдай­дан құтқарды.

200-ге жуық аққу мекен еткен Қаракөл өзеніне жеткізілген аққулар қазір өздерін жайлы сезінуде – азықтанып, әлденіп келеді. Енді Қаракөлдегі бар­лық құстармен бірге олар да инспекторлардың жіті қада­ғалауында қамсыз тіршілік етпек.

 

Маңғыстау облысы