Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Өміртай Ибраев, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев бастаған судьялар корпусы қатысты.
Іс-шара барысында өңірдегі сот төрелігін сапалы атқару, заңдылықты сақтау, соттардың жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары баяндама жасады.
Кеңесте сөз алған Ержан Даулиев бүгінде соттарда шектен тыс жүктеме жоқ екенін, сәйкесінше, сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға да кедергі жоқ екенін ескертті. Өміртай Ибраев өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев екі жарым жылда сот жүйесін жетілдіріп, деңгейі төмен судьяларды тазалайтынын ескерткен еді. Бұл жұмыстың басы қыркүйек айында өтетін судьяларды аттестаттауда байқалмақ. Сондықтан судьяларға өздерінің кәсіби деңгейін көтеру мәселесі өзекті болып тұр» деді.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев есепті мерзімде қаралған қылмыстық істердің статистикасы туралы баяндап, өңірде жас балаларды азғындық жолға түсіру, есірткі, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу, алаяқтық, көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу секілді санаттағы қылмыстық істердің көбейгенін айтты.
2019 жылдың 6 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 1138 тұлғаға қатысты 1016 қылмыстық іс түссе, 14 тұлға бойынша ақтау үкімі шығарылған, (оның ішінде 12 тұлға жеке айыптау істері бойынша ақталған) (2018 жылдың 6 айында – 13 тұлға ақталса, оның ішінде 3 тұлға жеке айыптау істері бойынша ақталған). 14 тұлғаға қатысты ақтау үкімдері Ақтау қалалық сотында -6, Жаңаөзен қалалық сотында – 6, Мұнайлы аудандық сотында – 2 шығарылған. Облыс соттарында медиаторлармен 126 (аяқталған істердің 12,9%) қылмыстық іс қаралып, сотталушылар жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылған (2018ж. 6 айында – 104 іс).
Есепті кезеңде 839 тұлғаға қатысты 741 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған, (2018 ж. 6 айында – 755 тұлғаға қатысты 662 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған).
Ал, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев есепті мерзімде азаматтық істердің азайғанын, татуластыру рәсімдері бойынша қысқартылған істердің көбейгеніне тоқталды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы кезеңде барлығы 12 723 іс қаралып аяқталған, былтыр аяқталған істердің саны 16 878 болатын, яғни барлық аяқталған істердің саны 4 155 данаға азайған.
1 150 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы қысқартылған. Олардың ішінде 195 іс бітімгершілікке келу арқылы аяқталған. Былтыр 583 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған, яғни бұл көрсеткіш 567 данаға өскен. Олардың ішінде 950 іс медиацияның тәртібімен аяқталған. Партисипативтік келісімге келу арқылы 5 іс қаралған, былтыр 1 азаматтық іс партисипативтік тәртіпте қаралған болатын.
Кеңес соңында сот төрағаларына нұсқаулықтар мен ескертулер беріліп, қатаң талаптар қойылды.
Маңғыстау облысы