Алматы мен Тараздың арасы «жақындай» түсті
Жұма, 8 наурыз 2013 7:36
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны – еліміздің шетелдермен алыс-берісін көбейтіп, барыс-келісін тездету үшін салынып жатқан үлкен құрылыс алаңы. Сондықтан, бұл игілікті істі жаңа ғасырдың жаңа өмір арнасы деуге болады. Елбасы Н.Назарбаев бұл құрылысты: «Біз салуға кірісетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы – тауарлар тасымалы үшін маңызды магистраль» деп атап көрсетуі де осы ойымызды дәлелдей түссе керек.
Жұма, 8 наурыз 2013 7:36
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны – еліміздің шетелдермен алыс-берісін көбейтіп, барыс-келісін тездету үшін салынып жатқан үлкен құрылыс алаңы. Сондықтан, бұл игілікті істі жаңа ғасырдың жаңа өмір арнасы деуге болады. Елбасы Н.Назарбаев бұл құрылысты: «Біз салуға кірісетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы – тауарлар тасымалы үшін маңызды магистраль» деп атап көрсетуі де осы ойымызды дәлелдей түссе керек.
Бүгінде осы батыс-шығыс күре жолының Жамбыл облысы аумағындағы 495,3 шақырымға созылатын бөлігінде үлкен жұмыстар атқарылуда. Өйткені, автобан бойында үлкенді-кішілі 22 көпір, 15 жол өткізгіш, 643 су ағатын құбырлардың құрылыстарын қатар жүргізу оңай шаруа емес және мердігер компаниялардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жол жамылғысының қатты мәндегі серпінділік қуаты 13 тонна салмаққа есептелгендіктен бұл да техника мен адам күштерін қосқанда қомақты қаржыны және материалдық ресурстарға зәру.
Мысалы, мамандардың есептеуінше, облыс аумағынан өтетін батыс-шығыс жолының құрылысы үшін 17 миллион тонна құм, 3 миллион тонна цемент, 34 мың тонна битум және ірі көлемде темірбетон бұйымдары қажет екен. Дәтке қуаты, бүгінде Жамбыл облысында тас, құм және шағыл карьерлері мен асфальт-бетон зауыттары, ұсақтағыш-сұрыптағыш қондырғылар жеткілікті. «Құрылыс құрастырмалы зауыты серіктестігі», «Имсталькон» АҚ, «Жамбыл металл құрастыру зауыты» филиалы және «Таркон» серіктестіктері металл құрастырмаларына деген сұраныстарды да өтей алады. Бетон бұйымдарын әзірлейтін «Жамбылхимстрой», «Керамик инвест» және «Ғимарат-Тараз» серіктестіктері сияқты жиырмаға жуық кәсіпорындар да ғасыр жобасына хал-қадерінше атсалысуға дайын.
Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша облыс арқылы көптеген шақырымдарға созылатын астам асфальтбетон мен цементбетон төселді. Сөйтіп, күре жолдың облыс аумағындағы барлығы 495,3 шақырымының 310 шақырымнан астамы пайдалануға берілді. Ал жол сапасы өте жақсы, онда автокөліктердің бір-біріне кедергі жасамай озуына, бір-біріне қауіпті жағдай туғызбай ерсілі-қарсылы жүйткуіне барлық жағдай жасалған. Жол бойындағы ескертпелер, белгілер, түнде жарқырап көрінетін сақтандырғыш құралдар, аялдамалар, қайырылма бұрылыстар, көпірлер, айналма өткелектер, су ағатын құбырлар, қысқасы, жолаушы автокөлігіне не қажеттің бәрі халықаралық талапқа сай.
Алматыға бағыт алған автокеруендер бұрын Меркі мен Қордай арасын жалғайтын тіке жолды пайдаланатын. Осы жолдың біраз бөлігі Қырғыз елі шекарасына тиесілі болғандықтан, жолаушылар оңтүстік астанаға біраздан бері Шу ауданы арқылы қатынай бастаған. Бұл жағдай жолды өз кезегінде біршама ұзартқан. Жақында Меркі мен Қордай арасын жалғайтын бұрынғы тіке жолдың жаңа баламасы төселіп бітті. Сонымен бірге, Шу өзенінен ұзындығы 125 метрге жуық үлкен көпірдің құрылысы да аяқталды. Бұл ауқымды тірлік Алматы қаласына Шу ауданы арқылы қатынап жүрген жолаушылардың сапарын 57 шақырымға қысқартып, «айналма жолдың» азабынан құтқарды. Меркі мен Қордай арасындағы осы күре жол болашақта төрт жолақты болады. Бірақ, әзірге оның бір бағыты, яғни екі жолағы ғана пайдалануға беріліп отыр. Ал қалған жолақтары үстіміздегі жылы толық аяқталмақ.
Ендігі үлкен міндет, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің облыс орталығы – Тараз қаласын айналып өтетін 65 шақырымдық бөлігіне үлкен еңбек қарқынымен кірісу болып табылады. Ал жолшылар оның құрылыс жұмыстары жақын күндері басталады деп отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.