«Қазақстан инжиниринг»: табысты он жыл
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:41
Биыл «Қазақстан инжиниринг» ҰК» акционерлік қоғамының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде компания бірқатар белесті бағындырды. Алға қойған маңызды міндеттерді орындап, оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Соған орай кеше Астанада басқарма төрағасы Болат Смағұловтың қатысуымен журналистерге арналған арнайы баспасөз мәжілісі болып өтті.
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:41
Биыл «Қазақстан инжиниринг» ҰК» акционерлік қоғамының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде компания бірқатар белесті бағындырды. Алға қойған маңызды міндеттерді орындап, оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Соған орай кеше Астанада басқарма төрағасы Болат Смағұловтың қатысуымен журналистерге арналған арнайы баспасөз мәжілісі болып өтті.
«Наурыздың 13-і күні компанияның құрылғанына 10 жыл толады. Осы атаулы күнге орай біз ағымдағы жұмыстар жайында баяндағымыз келді. Өткен 10 жылдың ішінде өндіріс көлемі 3,4 млрд. теңгеден 64 млрд. теңгеге жетті, яғни 19 есеге артты», деді Б.Смағұлов. Басқарма төрағасының айтуынша, биылғы жылы өндіріс көлемін 90,4 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Негізінде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ 27 өндірістік кәсіпорындардан тұратын холдингтік құрылым болып табылады. Сондай-ақ, ол Қорғаныс министрлігінің ірі әскери зауыттарындағы біртұтас қаржылық, өндірістік және технологиялық саясатты қамтамасыз етеді. Компания кәсіпорындары мұнай-газ, темір жол, агроөнеркәсіп, жылу-энергетика кешендеріне қатысты тапсырыс берушілер үшін өнім шығару және қызмет көрсетуге, сондай-ақ, қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру және оны жөндеуге мамандандырылған.
«Қазақстан инжинирнг» ҰК» АҚ өзінің он жылдық даму динамикасында негізгі өндірістік және қаржы көрсеткіштерінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Оған өткен жылды 4 млрд. теңге шамасындағы жинақталған пайдамен аяқтауы да дәлел. Ал алынған табысын компания өндірісті дамыту үшін инвестицияға қайта салуда. Мәселен, он жылдың ішіндегі салынған инвестиция көлемі 2012 жылы 236 млн. теңгеден 7,7 млрд. теңгеге артты немесе 32 есе ұлғайды. Ал компанияның активі соңғы он жылда 7,3 есеге артып, 43,5 млрд. теңгеге жетіпті.
«Ағымдағы жылы активімізді 66 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Компанияның өз капиталы 12,3 есеге, 1,6 млрд. теңгеден 21 млрд. теңгеге көбейді. Жарғылық капиталы 429 млн. теңгеден 12,1 млрд. теңгеге немесе 28 есеге жоғарылады», дейді Б.Смағұлов. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қызметкерлер жалақысы 6 есеге өсіпті. Қазір компания қызметкерлерінің орташа табысы 111,5 мың теңге. Биыл еңбекақы 118 мың теңгеге жетеді деп көзделуде.
«Еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 648 мың теңгеден 12 308 мың теңгеге артты. Осы жылы бұл көрсеткіш 16 648 мың теңгеге жетеді. Соңғы үш жылда 650 жаңа жұмыс орны ашылды, 2012 жылы біздің компания бюджетке 5 млрд. теңге шамасында салық төледі. Сонымен қатар, өндіріске 7 млрд. теңге шамасында инвестиция салынды», деп атап өтті Б.Смағұлов. Осылайша, кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштері, өндірістік және техникалық әлеуеті тұрақты түрде артып, 6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуда.
Б.Смағұлов жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берген бірқатар шараларға тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Біздің мақсатымыз – жуырда экспорт нарығына шығып, трансұлттық компания атану. Бүгінде компанияның оған деген барлық мүмкіндіктері бар. Біз «В2» деңгейінде «Moody’s» агенттігінен несие рейтингісін алдық. Сондықтан біз қазірдің өзінде өзіміз ұйымдастырған жобаларды несиелік қаражат арқылы қаржыландыра аламыз», деді Б.Смағұлов. Ол, сондай-ақ, компания бүгінде Еурокоптер 145 санатындағы әскери тікұшақ өндірісін игергенін айтып өтті. Мәселен, биылғы жылы наурыздың басында Еурокоптермен жаңа келісім жасалыпты. Енді ЕС645 және ЕС635 әскери ұшақтарын шығармақ.
Баспасөз мәжілісі барысында «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ өзінің 10 жылдық мерейтойына орай «Он қайырымдылық іс» акциясын өткізетіні де мәлім болды.
Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, компания акция аясында түрлі әлеуметтік жобаларды іске асырады, бірнеше мәдени-бұқаралық және спорттық шараларды ұйымдастыратын болады. Бұл орайда, ұлттық компания жетім балаларға және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға арналған балалар үйлері мен интернаттарды қамқорлыққа алуды жоспарлауда.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».