Қазақстан • 16 Шілде, 2019

Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – басты мақсат

2114 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл Мемлекет басшысының жаңадан жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысына алғаш қатысуы. Отырыста кейбір орталық органдардың жұмысына Президент тарапынан сын айтылып, сөгіс те берілді.

Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – басты мақсат

Күн тәртібінде бірқатар өзекті мә­се­ле­лерді қозғаған Мемлекет басшысы биылғы бірінші жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық даму көр­сет­кіштері бойынша алға ілгерілеушіліктің де бар екенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, биылғы қаңтар-маусым айларында экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады. Бұл негізінен құ­рылыс – 11,1 пайыз, сауда – 7,5 пайыз, көлік – 5,3 пайыз, ауыл шаруашылығы – 3,8 пайыз және өнеркәсіптің 2,6 па­йыз өсуіне байланысты болса, басқа салалардың да даму қарқыны ойдағыдай. Инфля­цияның жылдық көрсеткіші 5,4 пайыз болды. Негізгі капиталға салын­ған инвестициялардың көлемі 11,7 па­­йызға өсті. «Әрине, аталған эконо­ми­калық көрсеткіштердің барлығы ха­лық­тың тұрмысына оң ықпал етуі тиіс. Қазір осы бағытта атқарылған жұмыс­тар­ды талқылап, алдағы жоспарларды анық­таймыз. Басты мақсат – қолда бар мүмкін­діктерді, әлеуетімізді толық пайдалану. Аталған жетістіктерімізді еселеуіміз керек», деді Мемлекет басшысы.


30 трлн теңге инвестиция қажет


Премьер-Министр А.Маминнің айтуынша, эко­н­о­миканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және нәтижелі жұмыс орындарын құру үшін негізгі мәселе – инвестициялардың жаңа толқынын тарту. «Біздің міндетіміз – жыл сайын негізгі капиталға инвестициялар көлемін орта есеппен 20 пайызға арттырып, оның деңгейін 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін жеткізу», деген А.Мамин, негізгі капиталға инвестициялар 11,7 пайызға ұлғайғанын, оның ішінде жеке инвестициялар 13 пайызға өскенін атап өтті.

Тікелей шетелдік инвестициялардың жылдық көлемін қазіргі 24 млрд доллардан 2025 жылға қарай 34 млрд-ға дейін арттыру керек», дей келіп Үкімет басшысы инвестициялар тарту үшін өңдеу өнеркәсібінің, отын-энергетика кешенінің, көлік және логистиканың, АӨК пен туризмнің әлеуеті зор екенін мәлімдеді.

«Инвестициялар тарту жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайында жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Осыған байланысты Үкімет барлық мемлекеттік қолдау шараларын қолданумен және қолайлы ин­вестициялық ахуал құрумен инвестиция­лар тарту бойынша проактивті жұмыс­тарды жүргізе бастады», деді Премьер-Министр.


Үкімет басшысы биыл жұмыспен қамту шаралары, оның ішінде «Бас­тау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдар­ла­малары аясында қысқа мерзімді кә­сіптік оқыту арқылы қамту 4 есеге артатынын және 300 мыңнан астам адамды құрайтынын айтты. «Ағымдағы жы­лы шағын несиелендіруге шығындар 
19 мың адамды қамтумен 85 млрд тең­геге дейін ұлғайтылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар көлемі 37 мыңнан астам адамды қамтумен 
18 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады», деді Премьер-Министр.


 

Несиелеу талаптары жеңілдеуде

Нақты экономиканы дамытуда қаржы секторының рөлін күшейту жұмыстары мен ақша-кредит саясаты аясында қолға алынып жатқан шаралар туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады. Бас банкирдің айтуынша, 2019 жылғы 1-жартыжылдықтың қорытындылары бойынша инфляция ағымдағы жылғы 4-6 пайыз нысаналы дәлізде сақталып, жылдық көрсеткіш 5,4 пайыз деңгейде қалыптасты.

«Ұлттық банк экономиканы қол­же­тімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар қабылдауда. Ағымдағы жылғы 1-тоқсанда кредит портфелі банктердің жұмыс істемейтін қарыздарды 624 млрд теңге сомаға 12,5 трлн теңгеге дейін есептен шығаруы нәтижесінде төмендеген соң, сәуір-мамырда кредиттік белсенділіктің қалпына келуі байқалды», деген бас банкир банк секторының жалпы кредит портфелі ағымдағы жылғы сәуір-мамырда 2,2 пайызға ұлғайып, 12,8 трлн теңгеге дейін өскенін мәлімдеді.

Сонымен қатар биылғы қаңтар-мамыр аралығында банктер өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жаңадан берілген кредит көлемі 14,2 пайызға өскені айтылды. «Ақша-кредит талаптары жеңілдеуде. Бизнес үшін теңгемен кредиттер мөлшерлемесі 2018 жылғы мамырдағы 12,5 пайызбен салыстырғанда 11,9 пайызға дейін төмендеді. Қорландыру базасын жақсарту үшін халықтың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлеме мерзімді және жинақ салымдардың пайдасына 12,5 пайызға және 13,5 пайызға дейін өсірілді. Шетел валютасындағы салымдарды теңгедегі салымдармен алмастыру жалғасуда. Депозиттердің долларлану деңгейі жыл басындағы 48,4 пайыздан ағымдағы жылғы мамырдың қорытындылары бойынша 39,1 пайызға дейін төмендеді», деп атап өтті Е.Досаев.

Бас банкир Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асырып жатқанын, оның шеңберінде банктерге 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді қорландыру ұсынылғанын атап өтті.


Ұлттық банк төрағасы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы маңызды бағыт екенін жеткізді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 
7 936 отбасы 92 млрд теңге сомаға қарыз алды. «Ағымдағы жылғы мамырда бағдарлама талаптарын жақсарту үшін қарыз алушыларға баспана құнынан 20 пайыздан астам бастапқы жарна енгізу құқығы берілді. Бұл ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға және осы арқылы табысы төмен азаматтарды қамтуға мүмкіндік береді. Банктерге талаптарды төмендету есебінен қатысушы банктер саны кеңейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру үшін Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару тетігін бекітті», деді Е. Досаев.


Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасынан кей азаматтардың кредиттік жүктемелерін азайту туралы Жарлықтың қалай орындалып жатқанын сұрады.

«Мемлекет теңдессіз әлеуметтік қолдау шараларын қабылдады. Себебі тұтыну кредиттеріне қатысты қордаланған мәселелерді шұғыл шешу қажет болды. Мына нәрсені тағы да қайталап айтамын: бұл бір реттік қана шара. Сондықтан, Ұлттық банк жіберілген кемшіліктерді ескеруі қажет. Кез келген жағдайға сапалы сараптама жүргізіп, болжам жасауы тиіс. Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мен банктік емес ұйымдарды Ұлттық банктің бақылау жүйесіне енгізуді тапсырдым. Осыған байланысты қандай шаралар қабылданып жатыр?» деп сұрады Президент.

Ұлттық банк басшысы ағымдағы жылғы 30 шілдеге дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіретінін айта келе: «Биылғы шілдеде қаржы нарығын реттеу мен дамыту функцияларын Ұлттық банктен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке мемлекеттік органға беру туралы Заңға қол қойылды. Жыл соңына дейін Ұлттық банк барлық қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау жұмысын аяқтайды», деді.


Биыл 13 млн шаршы метр үй салынады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр биыл рес­публика бойынша 13 млн шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтты. 2017 жылы 11,1 млн шаршы метр немесе 100,8 мың тұрғын үй, 2018 жылы 12,5 млн шаршы метр немесе 113 мың пәтер, 2019 жылдың 6 айында 5,7 млн шаршы метр немесе 48 925 тұрғын үй салынған. «Биылғы алты айда тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары.  Мемлекеттік қаражатқа 7,4 млрд теңге жеке инвестициялар тартылды. Жыл соңына дейін барлығы 118 мың тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 48 925 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны 1,3 млн адамға жетті», деді Р. Скляр.

Министрдің мәліметінше, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшы Түркістан, Қызылорда, Алматы және Қостанай облыстары екен. Тұрғын үйді уақтылы іске қосу үшін құрылыс алаңдарына тиісті инженерлік коммуникацияны жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылып отыр.

Nur Otan партиясының XVIII съезінде берілген Елбасының тапсырмасы бойынша көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй салу және сатып алу қарастырылған. 7 жыл ішінде 40 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Биыл мамыр айынан бастап 1610 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді. Оның ішінде Маңғыстау (9 пәтер), Ақтөбе (22 пәтер) облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының (24 пәтер) әкімдіктерімен барлығы 55 пәтер берілді», деді Р. Скляр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға қаржыландыру ұлғайтылды. 3 жыл ішінде 3 мың жалға берілетін пәтер беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1050 пәтер және Шымкентте 900 пәтер беру көзделген. Жыл сайын 3 жыл ішінде көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасылар үшін жылына 2%-бен 6 мың жеңілдікті қарыз берілетін болады», деді министр.

Сондай-ақ 2019 жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жа­ңа редакцияда қабылданатынын атап өтті. Оған тұрғын үйлерді жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, комму­налдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері енгізілетін болады.

«Президент тапсырмасын орындау министрліктің ерекше бақылауында. Индустриялық және инфрақұрылымдық саясатты іске асыру қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға жә­не әл-ауқатын арттыруға бағытталатын болады», деп қорытындылады сөзін Р.Скляр.


5,2 млн қазақстандықтың тұрмысы жақсарды

Биыл халықты әлеуметтік қамсыз­дан­дыруға 3,4 трлн теңге бөлінді. Бұл рес­публикалық бюджеттің 27 пайызы. Қаражат мемлекет тарапынан көрсе­ті­ле­тін 39 түрлі әлеуметтік көмекке жұм­салмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, биыл ең төменгі жалақының көбеюімен 1,3 млн азаматтың еңбекақысы ұлғайса, 230 мың жеке компанияда жалақы өсуіне байланысты тағы 1,1 млн азаматтың еңбекақысы артқан. Бұдан бөлек бюджет қызметкерлерінің де жалақысы көбейіп, нәтижесінде жыл басынан бері 5,2 млн қазақстандық тұрмысын жақсартып отыр. Ал былтырдан бастап зейнетақыны тікелей еңбек өтіліне байланысты есептеудің нәтижесінде елде 2,1 млн зейнеткер болса, олардың орта есеппен зейнетақылары 80 пайызға көбейген. Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстан бойынша жұмыс істейтін азаматтардың 70 пайызы зейнетақы аударымын тұрақты жасап отыр.

Осы орайда Президент бүгінде «Еңбек» бағдарламасын іске асыру тетіктері аса тиімді емес екенін, 2018 жылы жұмыссыздар саны керісінше 443,6 мың адамға көбейіп кеткенін, 2017 жылы олардың саны 442,3 мың болғанын алға тартып, «Еңбек» бағдарламасы жұмыссыздар санын азайтпай, бар болғаны қазіргі көрсеткішті сақтап отырғанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Еңбек» және «Серпін» бағдарламаларын іске асыруда қандай мәселелер бар екенін, оның тиімділігін арттыру үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.

Өз кезегінде Б. Сапарбаев «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,5 млн адам жұмыспен қамтылғанын айтты. «Оны жүзеге асыру қорытындысы бойынша 1 млн жұмыс орны ашылды, оның 800 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Теңгерімді сақтау мақсатында біз бағдарламаны 2025 жылға дейін әзірледік. Қанша қызметкер кетеді, қаншауы келеді? Шамамен 350 мың жұмыс орнын жыл сайын ашуымыз керек. Осылайша, жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан 4,5 пайызға төмендетеміз», деді министр.



Мәселелер шұғыл шешілуі тиіс


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең өзекті мәселелердің бірі – Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыстың салдарын түпкілікті жою екенін атап өтті. «Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті қаражатты бөлді. Егер шешілмеген мәселелер болса, оларды шұғыл түрде шешу керек. Уақыт өте тығыз», дей келе жалпы Арыс қаласында жұмыс белсенді түрде жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта да жұмысты жалғастыру керегін жеткізді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел азаматтары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер, отандық бизнес  және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық және моральдық қолдау көрсеткенін тілге тиек етті.

«Бұл – халқымыздың береке-бірлі­гі­нің арқасы және тұтастығымыздың көрі­нісі. Бәріне ризашылық білдіремін. Бүгінде Арыстағы жағдай тұрақты. Қаланы және тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Халыққа материалдық көмек көрсетілді. Біз Арыспен біргеміз, қаланы міндетті түрде қалпына келтіреміз», деген Президент Премьер-Министрге және әкімдерге осы мәселені қатаң бақы­лауда ұстауды тапсырып, Қорғаныс министр­лігіне әскери қойманы көшіру жұмыс­тарын ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау қажеттігін еске салды.

«Жұмыс атқарылып жатқанын көріп тұрмын. Алайда біз қазір жү­йелі кемшіліктермен және әскери ведом­ствоның бақылауының әлсіреуімен күре­сіп жатырмыз.  Мемлекет басшысы және Жоғарғы Бас қолбасшы ретін­де министрлік жұмысына қанағаттан­бай­тынымды білдіремін және Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялаймын», деді Мемлекет басшысы.

«Қазір арнайы тергеу комиссия­сы жұмыс істеп жатыр. Комиссия жұмы­сының қорытындысы бойынша Пре­зидент Әкімшілігіне және Қауіпсіздік Кеңесіне кінәлілерді жазалау бойынша ұсыныс түсіру керек. Сонымен қатар Қорғаныс министріне осындай басқа да нысандарға талдау жасауды тапсырамын. Талдау қорытындысы бойынша мәліметтерді биыл 20 тамызға дейін енгізу керек. Бұл оқиға төтенше жағдайларды жою жұмыстарын жос­парлау және ұйымдастыруда дайын­ды­ғымыздың төмендігін көрсетті. Осы оқиғадан қорытынды шығарып, енді қайталанбауын қадағалау керек. Арыстағы жарылыстың зардабын жою жұмыстары тікелей бақылауымда болады», деді Мемлекет басшысы.


Өңірлердің экономикалық еркіндігі артады

Мемлекет басшысы сонымен қатар алдағы уақытта шағын және орта бизнестің корпоративті табыс салығын жергілікті бюджетке төлеуге заңнамалық негіз қалыптастыру керектігін айтты. Ал жергілікті бюджетті жоспарлауда өңірлердің экономикалық еркіндіктерін арттыру қажеттігі айтылды. Осылайша әкімдіктер жергілікті жерлерде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосымша ынталандырылмақ. Осы орайда, Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтен өңірдің дамуы мен Түркістан қаласындағы құрылыс қарқыны және шешімі табылмай отырған мәселелердің бар-жоғын сұрады.

«Түркістан облысының өңірлік жалпы өнімінің өсімі былтырғы алты аймен салыстырғанда 4,8 пайыз өсті. Өнеркәсіп 5,1 пайызға артса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 4,7 пайызға ұлғайды. Кәсіпкерлікке келер болсақ, қазіргі таңда өңірде 138 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бұл Алматы қаласынан кейінгі екінші орын. Экономикалық белсенді халықтың 25 пайыздан астамы осы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұл секторда өнім шығару былтырғымен салыстырғанда 29,8 пайызға артты. «Биыл жыл басынан бері алты айда негізгі капиталға салынған инвестиция 39 пайызға көбейді. Бұған бірінші кезекте Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстары әсер етіп отыр», деді облыс әкімі. 

Осы орайда Мемлекет басшысы облыс орталығының өсіп-өркендеуі жалпы өңірдің дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономиканың жаңа салаларын дамытуға серпін беретінін айтты. «Жалпы, облыс халқының тұрмыс сапасын арттыру қажет. Киелі шаһардың дамуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерекше көңіл бөлуде.  Қаланың жасарып, жаңаруы – біздің рухани жаңғыруымыздың бірден-бір көрінісі. Сондықтан бұл жұмыс Үкіметтің ең маңызды міндеттерінің бірі болуы тиіс», деді Президент.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов орталық өңірде кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқанын айта келіп, қазіргі таңда әрбір үшінші қарағандылықтың шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс істейтінін айтты. Осы орайда облыс әкімі шахтерлер қаласы аталып кеткен Қарағандының кәсіпкерлер шаһарына айналғанын жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі өзекті мәселелердің қатарында экология мен жұмыс берушілер және қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастары бірінші кезекте тұр. Жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы келіспеушіліктер мәселесінің Атырау облысында да бар екенін айта келіп, Мемлекет басшысы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа мәселені жіті қадағалап, еңбек шарттарының әділ құрылуын бақылауды тапсырды. «Болған оқиға барлығымызға сабақ болуы керек, бұған қайта жол бермеуіміз қажет. Бұл барлық өңірлерге, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдарға, солардың ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қатысты», деді Мемлекет басшысы.

Ал қоршаған ортаны қорғау мәселесі туралы Мемлекет басшысы жаңадан Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің құрылғанын алға тартып, қоршаған ортаны қорғау мәселесінде компаниялар табиғатты ластағаннан кейін айыппұл төлеп қана қоймай, келген зиянды жоюға да атсалысу керектігін айтты. Сонымен қатар Президент Қарағанды облысы бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қатаң қадағалау керектігін айтып, жылу желілерінің ес­кі­ру көрсеткіші Теміртау қаласында 62 па­йыз, Шахтинскіде 65 пайыз, Абай қала­сында 75 пайызды құрайтынын атап өтті.


Басты талап – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Кеңейтілген отырыстың күн тәрті­біндегі баяндамаларды тыңдап болғаннан соң, Мемлекет басшысы алқалы жиынды қорытындылады.

– Алдымызда өте маңызды міндеттер тұр. Бұл ең алдымен еліміздің даму көр­сеткіштеріне байланысты. Негізгі міндет – осы қарқынды одан әрі арттыру. Жалпы, бірінші жартыжылдықта еліміздегі экономикалық өсім бар. Инфляция деңгейі тұрақты. Өнеркәсіп, агросектор салалары орнықты дамып келеді. Елімізде тартылған инвестиция көлемі ұлғайды. Халықты толғандырған өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданды. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру – басты мақсатымыз. Біздің жұмысымыздың ең маңызды көрсеткіші – халықтың нақты табысы 6,3 пайызға өсті. Дегенмен, тоқмейілсіп отыруға болмайды», – деді Мемлекет басшысы.

Кеңейтілген отырыста Президент атап көрсеткен бірінші мәселе – елді индустрияландыру. Айталық, индустрияландыру жылдары 1250 жаңа кәсіпорын іске қосылған. 120 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Бағдарлама қайта өңдеу секторының үлесін сақтап қалуға, экономикада бұрын Қазақстанда болмаған жаңа өндіріс орындарын құруға ықпал еткен.

– Алайда, қалыптасқан жағдай аса қуа­нарлықтай емес. Қазақстан салаларының сыртқы және ішкі бәсекелестікке төтеп беру деңгейі төмен. Экономикалық күрделіліктің жаһандық индексінде 2017 жылы Қазақстан 133 мемлекеттің ішінен тек 81-ші орынды иеленді. Сондықтан тек үлесті ғана арттырып қоймай, өндірілетін және экспортталатын тауарлар кәрзеңкесін толықтыра түсу маңызды болып саналады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар отандық экспорттың құрылымы өзгеріссіз қалып келеді. Олардың 70 пайызы өндіру өнеркәсібіне тиесілі. Оған қоса, экспорттың 14 пайызы ғана қайта өңдеу саласының үлесінде. Биыл Елбасының тапсырмасымен отандық экспорттаушыларды қолдау үшін 500 млрд теңге бөлінді. Қазір тек олардың 70 млрд теңгесі ғана саланы нақты қолдауға жұмсалды.

Президенттің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін пайдалану қажет. Қазіргі уақытта жиһаз, азық-түлік, тоқыма, құрылыс салаларының мүмкіндіктері толық ашылып болған жоқ.

Сонымен қатар жүйелі проблемаларды анықтау үшін бұған дейінгі индустрия­ландыру бағдарламаларын объективті талдау қажет.

– Ең негізгі проблемалардың бірі – тиісті деңгейде қаржыландырудың бол­мауынан туындайтын жыл сайын­ғы қиындық. Мысалы, 2018 жылға ар­налған индустрияландыру бағдарла­масы бар-жоғы 35 пайызға ғана қаржы­ландырылған. Қаржыландырумен қатар біздің стратегиялық мақсаттарымыз да кейінге шегеріле береді. Бұл жерде жоспарлаудың да төмен деңгейі қылаң береді. Қаржыландыру болмайтын болса, жоспарлаудың қажеті не? Бұл ізгі тілектің бағдарламасы болып қалады. Жобалар, бағдарламалар тиісті деңгейде қаржыландырылатындай болып жоспарлану керек, – деді Мемлекет басшысы.  


Ауыл шаруашылығына серпіліс қажет

Президент өз сөзінде Елбасы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге арттыруды тапсырғанын атап өтті. Бұл саланың инвес­торлар үшін тартымдылығы төмен екені де құпия емес. Ауыл шаруашылығына тікелей шетелдік инвестицияның тек 1 пайызы, ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 3,2 пайызы ғана тиесілі.

– Бізге алдағы бесжылдықта ауыл ша­руа­шылығында нақты серпіліс керек. Осыған орай, басты даму бағыт­тарын және іс-әрекеттердің нақты сызбасын анықтау керек. Инвестиция тарту жұмыстарын тиімді жүргізу қажет. Үкіметке «Қазақ Инвест» АҚ-мен бірлесе отырып алдағы 3 жылда ірі, белгілі корпорацияларды тартуды тапсырамын, мұндай компаниялардың көбейгені бізге жақсы, – деді Мемлекет басшысы.  

Осы орайда Президент ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің мемлекеттік қолдау талаптарының жиі өзгеруіне байланысты шағымдарының да орынды екенін жеткізді. Өз кезегінде мұндай өзгерістер дұрыс инновациялық шешім қабылдауда қиындықтар тудырып, агробизнестің тартымдылығы мен табыстылығын төмендетеді, кәсіпкерлердің ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтады. Ең бас­тысы, Қазақстанның аграрлық мемлекет екендігі әсте естен шықпауы тиіс.

Соған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығы саяса­тында қысқа және орта мерзімдік басым­дықтарды айқындап, олар­дың негізінде қолдау тетіктерін тұрақтандыруды тапсырды. Өйткені басымдық анықталмай – іс алға жылжымайды.

– Ауыл шаруашылығы – басшы­лы­ғының араларында сабақтастық жоқ жалғыз сала. Біз осы уақытқа дейін қанша бағдарлама қабылдап, қанша уәде тыңдадық! Әрбір министр сол қабыл­данған бағдарламасының дұрыс екенін дәлелдеп бақты. Ал қазір қолымызда не бар, құрғақ уәделер ме? – деген Мемлекет басшысы гербицидтер мен тұқым қорын жаңартуға, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңғыртуға, агротехнологиялар мен сортты жаңалауға бөлінетін субсидиялардың тиімділігіне де күмән келтіретінін айтты.

– Агроөнеркәсіп кешені өнімдері экспортының әлеуеті жоғары. Экс­портты қолдауға қарастырылған 500 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы экспортына бағытталады. АӨК экспортының 60 пайызы – шикізаттық өнім. Былтыр ауыл шаруа­шылығы қайта өңделген өнімдерінің экспорт көрсеткіші тек 37 пайызға ғана орындалды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экспорттық тасымалдауға қаралған қара­жаттың уақытылы бөлініп, қолдаудың тежелмеуін де міндеттеді.

Сонымен қатар жерді тиімді пайдалану керектігіне тоқтала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі жүр­гіз­ген инвентаризация кезінде ауыл шаруа­шылығы жерлерінің 16,5 млн гектары пайдаланылмай жатқаны анықталғанына назар аударды.

Осыған байланысты Қ.Тоқаев Үкі­метке барлық ауыл шаруашылығы жер­лерінің аудитін жүргізіп, жер кадас­тры ақпараттық жүйесін цифрлан­дыруды тапсырды. Өйткені бұл мәсе­леде ашықтық пен мөлдірлік болмаса ауыл­дың дамуы екіталай. Сондықтан Прези­дент бұл ауқымды мәселені бірың­ғай­лауды келесі жылдың соңына дейін аяқтауға пәрмен берді.   

– Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану нормативтік және тәжірибелік тұрғыда бақылануы тиіс. Жер онда жұмыс істейтіндерге тиесілі болуы керек. Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді тиімді пайдалану бойынша мониторинг жүргізуге кірісті. Бұл жұмысты соңына дейін жеткізу қажет. Ал 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларындағы мораторий мерзімінің аяқталуына байланысты, яғни ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге салынған тыйым мерзімі бітетіндіктен, бұл мәселе бойынша нақты шешім қа­был­дауымыз керек. Бұл мәселеде Парла­мент депутаттары, саяси партия­лар мен қоғам өкілдері өз ойларын біл­­дір­еріне сенемін. Ал шетелдіктерге келер болсақ, жер оларға сатылмайды, – деп Мемлекет басшысы кесімді сөзін айтты.       

Қасым-Жомарт Тоқаев сумен қам­тамасыз ету және су жүргізу салаларына да көңіл бөле отырып, Үкіметтің су шаруашылығы құрылымдарының нақты есебін білмейтінін сынға алды. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін су ресурстарының толық есебін шығарып, әкімдермен бірлесе отырып құрылымдарды қалпына келтіріп, жаңадан суармалы жерлерді анықтай отырып, көлемін көбейтуді тапсырды. 


Бизнеске тұсау болғандар қатаң жазаланады

Мемлекет басшысы тағы бір маңызды бағыт ретінде кәсіпкерлікті қолдауға маңыз берді. Бұл мәселе жақында ғана Ұлттық инвесторлар кеңесінде талқыланған. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандық бизнесті толық қолдайтынын білдіріп, кәсіпкерлердің жолына көлденең тұрып, негізсіз тексерулермен матап, алымдармен қанап, рейдерлікпен айналысатындарды қатаң жазалау керектігін айтты. Сонымен қатар бизнеске кедергі келтіретін мемлекеттік органдар мен олардың басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартудың уақыты туғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы мемлекет-жекешелік әріптестігі саласына байланыс­ты да пікір білдірді.

– Мемлекет-жекешелік әріптестігі саласының әлеуеті жоғары. Осыған қарамастан, МЖӘ жобаларының 90 пайы­зында мемлекет міндеттеме алған. Оған қоса, барлық міндеттемелердің 30 пайызы бойынша төлемдер жақын аралықта төленуі тиіс. Осылайша МЖӘ идеясы тиімділігін жоғалтты, – деген Мемлекет басшысы жекеменшік әріптестер тарапынан белгілі бір жобалар бойынша міндеттелген мерзімнің сақталмауы мен жұмыстарының сапасына байланыс­ты шағымдар туындағанын жеткізді. Мәселен, мұндай жағдай Маңғыстау облысында көрініс тапқан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев күн тәрті­бін­дегі келесі маңызды мәселе ретінде қо­­лайлы макроэкономикалық орта қа­лып­тастыру ісіне назар аударды. Бұл – эко­номикалық саясаттың негізгі бөлшегі.

Президент банк секторының экономиканың дамуындағы үлесінің төмен болуына да тоқталды. Осы орайда Ұлттық банк жағдайды бақылауға алып, банк секторын реформалауды қа­перде ұстауы тиіс. Сонымен қатар ха­лық пен бизнес тарапынан баға саяса­тына транспаренттілік пен сенім қалып­тас­тыруды қолға алуы қажет.

Кеңейтілген отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың маңызына тоқталды. Бұл сала әзірге тұрғындардың нақты сұранысын қанағаттандырмай отырғанын сынға алды.

Бүгінде бюджеттік бағдарламаларды жаппай қайта құрылымдауды айтпаған­ның өзінде имидждік жобалардан бас тарту – болашақтың еншісінде қала береді.

– Жобалау сапасының проблемасы ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жеңіл рельсті көлік жобасын сөзімізге дәлел ретінде айтуға болады. Халыққа қолайлы әрі тиімді көлік түрін таңдаудың орнына қымбат және ұтымсыз жоба таңдалған. Бұл жерде мамандардың, архитекторлар қауымдастығының және жалпы қоғамның пікірлері ескерусіз қалған. Әкімдіктің мәліметтері бойынша жобаланған жолаушылар ағыны тәулігіне 146 мың адамға жетеді. Қазіргі уақытта осыған ұқсас әуежайдан жаңа вокзалға дейінгі бағыттағы жолаушылар ағыны бар-жоғы 2 мың адамға әзер жетеді. Сонда жолаушылар ағынын қалайша 70 есеге көтермексіздер? Бұл жоба ұдайы субсидия талап еткенімен қоймай, мемлекеттің мойнына ауыр жүк болып артылу қаупі бар. Сондықтан Үкіметке Нұр-Сұлтан қала­сы әкімдігімен бірлесе отырып, нақты ұсы­ныстар беріп, мәселеге нүкте қоюды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жұмсалған шы­ғындар мен халықаралық міндет­темелер есепке алынатындықтан, бұл жоба тоқтатылмайды, бірақ салдары ауыр болатынына мойынсыну керек. Оған қоса, осы тектес жобаларды ұсы­ну­шы­лар бақылаушы органдардың сауал­дарына жауап беруге дайын болулары қажет.

Президент келтірген деректерге қа­рағанда, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына байланысты әдетте мемлекеттік орган­ның қатардағы қызметкері ғана жауапты деп танылып, олардың жазасы кел­тірілген шығынды маңайламайды екен. Мәселен, 2018 жылы жауапқа тар­тыл­ған 155 қызметкердің тек 7 пайызы немесе 11-і ғана басшы қызметкер болған.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен Есеп комитетіне мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бюджет қаражатын жоспарлау және тиімді пайдалану жауапкершілігін арттыруды тапсырды.

– Бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешу қажет. Мен бұл бастаманы Парламенттің қолдайтынына сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Үкіметке мемлекет тарапынан салынған қаражаттың әлеуметтік және экономикалық қай­та­рымын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысы өз платфор­ма­сында уәде етілген бюджетті қалып­тас­тыруға тұрғындарды белсене араластыру тапсырмасын да еске салды. Осы­ған орай қоғамдық кеңестер мен мәс­лихаттар жергілікті бюджетті құрылым­дауға қатысуы тиіс, ал Nur Otan партия­сы белсенді әрекет етуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіруді тапсыр­ды. Бұл процедуралар бүгінге дейін сан мәрте өзгертілсе де, сатып алулар әлі де мөл­дірлігін және тиімділігін көрсете алған жоқ. Осы ретте техникалық құжаттарды әзір­леуді бір ізге салып, тәртіпке келтіру керек.

– Әлі күнге типтік жобалар, техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалық-сметалық құжаттар тек «үстелге қоя салу» үшін ғана жасалып келеді. Ол құжаттарға қойылатын талаптар отандық материалдарды қолдану, сондай-ақ бюджеттік тиімділігіне байланысты қатаңдатылуы қажет, – деді Мемлекет басшысы. 



Әлеуметтік салаға –  ерекше көзқарас


Мемлекет басшысы өнім сапасын арттыру саласына ел Президенті ретінде баса көңіл бөлетінін айта келе, халықтың, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жиынтығына да назар аударды. Айталық, елімізде 1 маусымнан бастап бюджет саласының жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көбейтілді. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің шарттары өзгеріп, оны алушылар саны 3 есеге дейін артты. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1,5 млн адамды немесе 291 мың отбасын құрайды. Ал осы көмекті төлеуге 202,4 млрд теңге қарастырылған.

Бірақ осы атаулы әлеуметтік көмекке келгенде бірнеше қыжылды мәселе айқындалған. Мәселен, әдейі ажырасу, жұмыстан шығу, мүлкін өзгелердің атына жазу арқылы табысын азайтып көрсету, тіпті қорасындағы малын сойып тастау жағдайлары да белең ала бастаған.

Көмек тағайындауға атүсті қараудың салдары халық арасында масылдық дертін туғыза бастаған. 

Бұл деректерді уысында ұстап отырған Президент Үкіметке нақты көмек алушыларды ғана қолдай отырып, көмек тағайындауға бақылауды күшейтіп, алаяқтық және жемқорлық деректері бойынша назарға іліккендерді қатаң жазалауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жұмыс орындарын ашумен қатар, мүгедектігі бар адамдарды қолдауды да қатаң тапсырды.

Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыс барысында Елбасының бастамасымен жарияланған Жастар жылында жастармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу өте маңызды міндет екенін атап өтті.

Президент азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

– Биыл Атырау қаласында бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп, шешуді тапсырамын. Егер инвесторлармен жасалған келісімшарттарға өзгертулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібінде ұстау қажет. Әрине бұл оңай шаруа емес, түсінемін. Дегенмен бұл мәселені шешу қажет. Себебі ұлттық мүдделерді қорғау – барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты! – деп нақтылады Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін тағы бір маңызды бағыт – тұрғын үй мәселесіне де назар аударды.

– Бұл мәселені шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 6 айында 5,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың осындай мерзімінің 98,1 пайызын құрайды. Сондықтан екінші жартыжылдықта кешігудің орнын толтырып, жоспарлы міндеттерге жетерімізге сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған қарамастан, аймақтардағы пәтер кезегінде тұрғандар саны 2012 жылдан бері 2 еседей өсіп, 487 мың адамнан асқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір өзекті мәселе ретінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын күшейте түсуді атады.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жағдайдың жақсарғанын, халықтың 50 пайызы медициналық қызмет сапасына көңілі толатынын атап өтті. Алайда, ауыл мен қаладағы меди­ци­на­лық қызмет сапасы мен нәрестелер өлімі көрсеткіштерінде алшақтықтар әлі бар.

Президент медициналық қызмет сапасын арттыру кадрлардың деңгейін көтеруге тікелей байланысты екенін және 1 маусымнан бастап сала қызмет­кер­лерінің жалақысы 30 пайызға көтеріл­генін айтты. Бұл үшін Үкіметтен 45 млрд теңге бөлінген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселелеріне де ерекше маңыз берді. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір ұлттық холдинг пен ұлттық компаниялар Қазақстан халқына тек пайдасын тигізіп, шығындары туралы қорқынышты түс тәрізді тезірек ұмытулары тиіс екенін қадап айтты.

– Елбасы оларды экономиканы, инфрақұрылымдарды және индустрияны дамытатын даму институттары ретінде құрды. Бір сөзбен айтқанда, олардың міндеті – халыққа қызмет ету! Мем­лекеттік холдингтер үшін құрылымдарын кеңейтіп, табыстарын арттыру – басты мақсат болмауы тиіс. Олардың көбі – монополистер, демек табыстарының дені – халық пен азаматтардың шығыны, – деді Мемлекет басшысы.  

Одан әрі Мемлекет басшысы аталған саланы жетілдірудің тың жолдары мен нақты ұсыныстарын ұсынды. Мәселен, енді министрлердің орынбасарларына «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алуға тыйым салынбақ. Қ.Тоқаев Вице-министрлер білімдерін өз қаражаттарына және бос уақыттарында жетілдірсін деген ұсыныс білдірді.
Отырыс соңында Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысының негізгі мақсаты – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын одан әрі жалғастыру екенін еске салды. 

– Жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар, ең алдымен, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан осындай аса жауапты міндетті жоғары деңгейде атқа­руы­мыз керек. Бұл ең алдымен егемен елі­міздің бүгіні үшін аянбаған ата-баба­лардың ісін жалғастыру деп түсінуіміз қажет. Асқар Ұзақбайұлы Мамин басқарып отырған Үкімет алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілетті. Кәсіби деңгейі жоғары, мүмкіндіктері мол. Біз бұл күрделі кезеңнен де абыроймен өтеміз. Оған мен кәміл сенемін, – деп ойын қорытты Мемлекет басшысы. 

Бауыржан МҰҚАН,
Серік ӘБДІБЕК,  
«Egemen Qazaqstan»