Экономика • 16 Шілде, 2019

Инфляция ырыққа көне ме?

479 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сарапшылардың айтуынша теңгенің өзіндік құнына геосаяси ахуал, халық­аралық сауда мен мұнай нарығы секілді сыртқы факторлардан гөрі халықтың жалақысы, әлеуметтік жағдай мен «қарапайым заттар экономикасы» көбірек ықпал етіп отыр.

Инфляция ырыққа көне ме?

Әлеуметтік реформалардың бастауы

Елбасының былтырғы Жол­дау­ында халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше мән берілді. Атап айтар болсақ, ең төменгі жа­лақыны 1,5 есе, яғни 28 мың­нан 42 мың теңгеге дейін өсіру тап­сырылды. Бұл елдегі 1,3 мил­лион адамның еңбекақысын көтерді. Бюджеттік мекемелер­де жұмыс істейтін 275 мың қыз­мет­кердің де еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35%-ға өсті. Осы мақсатта 2019-2021 жыл­дарда  республикалық бюджет­тен жыл сайын 96 мил­лиард теңге бөлінетін болды. Квази­мем­лекет­тік сектордағы компания­лар да қызметкерлерінің жала­қысын көтере бастады.

Бұдан бөлек, жыл басында Бақытжан Сағынтаевтың Үкі­метін отставкаға жібере отырып Нұрсұлтан Назарбаев келесі Үкі­мет әлеуметтік бағдарланған Үкі­мет болуы керегін айтқан. Мәсе­лен, көп балалы аналарға Үкімет қо­сымша 21 мың теңгеден көмек бере бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік реформа жүргізу керек екенін айтты. Бүгінде бұл бағытта бір­қатар бағдарлама қолға алынды. Ал қазіргі Үкімет пен Ұлттық банктің міндеті жалақы мен жоғарыда аталған әлеуметтік төлемдердің өсімі салдарынан теңге инфляциясының күшейіп кетпеуін қадағалау.

 

Тұтынушылық сұраныс және инфляция

Шикізат нарығына «бай­ланған» ұлттық валюта сыртқы фак­торларға төтеп бере алатын­дай деңгейде емес. Жылдық ин­фляцияны Ұлттық банк алдын ала бекітіп, соны сақтауға жұ­мыс істегенімен, геосаясат пен халықаралық саудадағы оқыс жағдайлар теңгені шайқап жі­бе­ріп тұр.

Оның үстіне, әлеу­меттік тө­лемдер мен жалақы мөлшерінің артуы тұтынушылық сұранысты арттырып, экономиканы мемлекеттік қолдау шараларының күшейтілуі мен фискалды ынталандыру да тауарлар мен қызметтер бағасын көтерді. Нәтижесінде наурыз 
айында халықтың нақты ақшалай табысы былтырғы наурызбен салыстырғанда 9,7%-ға өскені айтылған.

Нақты табысынан бөлек халық тұты­нушылық мақсатта несие алуды да көбейтіп, банктердің ұсынған «қысқа мерзімді байлығы» да тұтыну тауарларының құнын қымбаттатып отыр. Оның бір ғана мысалы, азық-түлік сата­тын кейбір ірі дүкендер желісінің несие картасымен сауда жасауға мүмкіндік беруі. Нақтырақ айтар болсақ, сәуір айының қорытындысы бо­йынша халықтың банктерден ал­ған тұтыну несиелерінің көлемі был­тыр­ғыдан 14,6%-ға ұлғайған екен.

Табыс пен қарыз

Мұның бәрі, әрине бірінші кезекте азық-түліктің қымбаттауына жол ашты. Өйткені азық-түлік нарығындағы баға негізінен ішкі жағдайларға байланыс­ты қалыптасады және оның тұты­ну­шылары да табысының көп бөлігін тамаққа жұм­сайтын орта тап. Халықтың төлем қабілетін көбейтуді мақсат тұтқан Ұлттық банк елдегі инфляцияны күшейтіп отыр. Мамыр айының қорытындысы бойынша, азық-түлік бағасы былтырғыдан 7,9%-ға қымбаттаған. Бұл жалпы инфляциядан 2,6%-ға артық екені белгілі. Соған қарағанда, теңгенің құнына геосаясат пен халықаралық сауда немесе мұнай бағасы секілді сыртқы факторлардан гөрі ішкі жағдай қаттырақ әсер етіп отырғанға ұқсайды.

Бұдан бөлек, азық-түлікке жатпайтын тауар­лардың да бағасы 6,1%-ға өссе, ақылы қыз­меттерге тарифтердің ин­фля­цияға айтарлықтай әсері бол­маған. Ал былтыр Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында коммуналды қызметтерге тарифтерді төмендету туралы монополистерге берген тапсырмасынан кейін су, жылу мен электр қуаты секіл­ді қызметтердің арзандауы өз кезегінде инфляцияны төмендетуі де мүмкін.

 

Ұлттық банк үмітті ақтаса...

Бас банк маусымның 4-і күні теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,00% деңгейінде сақтап қалды. Оның алдында сәуірдің 16-сы күні 9,25%-дан 9,00%-ға төмендеткен еді. Ұлттық банк басшысы Е.Досаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш жылдық инфляцияны биыл 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Дегенмен, биыл мамырға дейінгі инфляция жылдық 5,3% болғанын ескерсек және жыл соңына дейін тағы да қымбатшылықтың болу мүмкіндігін есепке алсақ, Ұлттық банктің инфляцияны тоқтатуы тым қиынға соқпақ.

Шамамен былтыр қарашадан бері халықтың инфляциялық күтулері нақты инфля­циядан төмен болып келеді. Яғни, Ұлттық банк елдің сенімінен шыға алмай жа­тыр. Мәселен, халық сәуір 
айында ин­фляция 4,5% деңгейінде болады деп күткен болса, нақты инфляция 4,9%-ды құраған. 
Ақпан айын санамағанда жыл басынан бері нақты инфляция халықтың күткенінен 2-3%-ға жоғары болған. Бұлай жалғаса беретін болса, халықтың Ұлттық банкке сенімі азайып, бұл өз кезегінде инфляцияны одан са­йын күшейтіп жіберетін жанама факторға айналмақ. Мысалы, былтыр қыркүйек-қазан айларында солай болған. Халықтың инфляциялық күтімі нақты инфляциядан көп болып, нәтижесінде инфляция деңгейі 6%-ға дейін жақындаған.  

 

Ресейден инфляция импорттап жүрміз

Негізінен «бәленің бәрі өз ішімізден» дегенмен, сыртқы факторлардың да теңгенің құнына кері әсер ететін кезі аз емес. Мұнайдың қымбаттамай қоюын былай қойғанда Ресейге қарсы санкциялардың рубльге кері әсер етіп, оның өз кезегінде ұлттық валютамызға зиянын тигізген кездері бірнеше рет байқалды.

Былтыр рубльдің инфляциясы 4 пайыздан асқан. Ал биыл Ресей Орталық банкінің өзі көрсеткіштің 4,7-5,2 па­йыз аралығында болатынын жорамалдады. Бұл былтырғыдан шамамен 0,5-1,0 пайызға көп. Мұның өзі теңгенің инфляциясын қосымша 2-3 пайызға ұлғайтуы ықтимал. Бұл тек ресми мәлімет қана. Кейбір сарапшылар биыл Ресейдегі рубль инфляциясы 10 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Жыл санап Ресеймен арадағы сауданың, соның ішінде импорттың көбейіп жатқанын ескерсек, теңгенің құны солтүстік көршінің экономикасына байланысты болып тұр. Және алдағы бірер жылда солтүстік көршіміздің валютасы оңала қоятынға ұқсамайды.

Қорыта айтар болсақ, Ұлттық банк теңгеге қолжетімділікті арттыру үшін базалық мөлшерлемені азайтпақ болып инфляцияны күшейтіп алды. Үкімет халықтың тұрмысын оңалтамын деп азық-түліктің қымбаттауына жол беріп қойды. Яғни, Ұлттық банк пен Үкіметтің «бір күндік» бағдарламалары валюта мен экономиканы құтқаруға қабілетсіз. Оның орнына инфляцияның жалғыз емі – отандық өндірісті арттыру. Соның ішінде Жолдауда да айтылғандай, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту. Халықтың ең көп ақша жұмсайтын азық-түлік пен өзге де күнделікті тұрмыстық заттардың импортын тоқтату.


 Бауыржан Мұқан,
«Egemen Qazaqstan»