Аймақтар • 16 Шілде, 2019

Ахат Бекмәди: Ел газетін 80 жыл үзбей оқыдым

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ахат ақсақал биыл ғасырлық тойын атап өткелі отырған «Egemen Qazaqstan» газетінің ежелгі оқырманы екен. Қария 1923 жылы қазіргі Ақмола облысы Астрахань ауданы Қоскөл ауылында туыпты. 1939 жылы 16 жасында Қызылжар қаласындағы мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға барады. Осы жылдан бастап ел газетін үзбей оқып келеді. Міне, биыл 80 жыл. Тіпті қан майданда жүріп те арагідік қолына ілінген «Социалистік Қазақстанды» окопта жатып оқыған. Сол тұста басылым бетіне жарияланған майдан жайлы мақалалар еміс-еміс есінде.

Ахат Бекмәди: Ел газетін 80 жыл үзбей оқыдым

Ардагер-ақсақал Ахат Бекмәдиұлы білген жанға бір дәуірдің тірі куәгері. Соғыстан кейін орта мектепте ұстаз, мектеп директоры қатарлы қызмет атқарып, 1983 жылы зейнетке шыққан. 1998 жылы ел қатарлы елордаға қоныс аударған. 2005 жылы Ұлы жеңістің 60 жылдық мерекесіне орай бас қалаға бауыр басқан 25 соғыс ардагеріне бір үйдің бір кіреберісінен 25 пәтерді қатар берген екен, сол майдангер қариялардан қазір Ахат ақсақал ғана тірі.

Бір қызығы, 1923 жылы туған атамыз қазір Сәтбаев көшесіндегі 23-үйдің 23-пәтерінде тұрып жатыр. Қарияны кенже ұлы – алпысты алқымдаған Есілбек аға қамқорлығына алған. Үлкен қызы Сәбира 72 жаста Қарағанды қаласында тұрады.

Біз барғанда қария «Егеменнің» кезекті санын оқып отыр екен. Тіпті көзіне көзілдірік те салмайды. Сол күні басылым бетінде жарияланған Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың жазушы Роллан Сейсенбаев туралы «Адамзат тағдырын ойлайтын тұлға» атты эссесін сүйсіне оқығанын айтып, жылы ілтипат танытты. Онымен қоймай эссе кейіпкерінің абайтану жолында Еуропа әлеміне сіңірген еңбегі жайлы да ақтарыла айтып өтті.

– Бұрындары «Егеменнің» барлық санын жіпке тізгендей нөмірлеп тігіп қоюшы едім, қазір кәрілік жеңген бе, бұл ісім аяқсыз қалып барады, – дейді абзал қария өкінген кейіпте. Расында бұл адам етегіне сүрініп жүріп, 96-ға аяқ басқан қатардағы қарияның бірі емес. Көзі ашық, көкірегі ояу. Оң қолында газет, сол қолында кітап. «Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» кітабын («Егеменнің» кітапханасы» серия­сымен шыққан) бір айда оқып шықтым, осындай керемет дүниені жастар оқыса шіркін» деп, бір күрсініп қойды абыз қария. Рас-ау. Ғасырға жуық жасаған қарияның мына сөзін естіп, біз де бір күрсініп алып, абыз-атаға қош айтыстық.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше