Қоғам • 16 Шілде, 2019

Қой шаруашылығын қолдау керек

4318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қой шаруашылығы еліміздің мал шаруашылығының басты саласының бірі саналады. Шетелдердің қой өсіру индустриясына көз жүгіртсек, көбінесе тез семіретін етті, етті-жүнді тұқымды өсіруге басымдық беретінін байқаймыз. Соңғы бес жылдықта Қазақстанда да мал басын асылдандыру, өнімін шет мемлекеттерге экспорттау жолға қойылып келеді. Себебі бұл үрдіс ет шаруашылығымен қатар ел экономикасының дамуына да жол ашады.

Қой шаруашылығын қолдау керек

Қой тұқымын асылдандыру үдерісі нарықтағы сұранысқа тікелей тәуелді. Бүгінде Қазақстанда 3 миллионға жуық адам мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысады. Қойдың аса бір құнды қасиеті – өсімталдығы. Биязы жүнді қой тұқымдарының әрбір 100 саулығынан 140 басқа дейін қозы, ал қалың жүнді қойлардан 120-130 қозы алынады. Қой қозыны бес ай көтереді. Төлі тез же­ті­летіндіктен, 1,5 жасында-ақ ірі қой тобына қосылады. Осы қасиеттері мал басын тез көбейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда қой шаруашылығы мал шаруашылығының жетекші саласы болып келген, алдағы уақытта да солай болуы тиіс. Се­бебі біздің елдегі табиғи жағдай да, ша­руа­шылықтың ұзақ тарихы да соған ыңғай­лы. Қой негізінен жайылым малы. Ел­дегі 180 млн гектарға жуық табиғи жа­йылым осындай ұсақ мал жаюға тиімді пай­дала­нылады. Соның нәтижесінде салыс­­тырмалы түрде арзан әрі сапалы ет, жүн, тері, иә басқа өнімдер өндіруге болады.

Иә, еліміздің дарқан даласын қой түлігінсіз елестету қиын. Қылшықты қызыл жүнді қой тек қазақ даласында өсіріле­тін­дігімен құнды. Биязы жүнді қой өсіру Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында дамыған. Негіз­гі тұқым түрлері биязы жүнді, қазақ­тың арқар-меринос, оңтүстік қазақ мери­но­сы, солтүстік қазақ мериносы, етті-ме­ринос пен қазақстандық меринос. Батыс Қа­зақстан мен Шығыс Қазақстан об­лы­сында биязы жүнді қойдың аздаған басы бар.

2018 жылғы статистикалық дерекке жүгін­сек, кейінгі бірнеше жылда ауыл­шаруа­шылық өндірушілердің барлық санаттарындағы жыл­қы саны 6,9 %-ға, түйе 7,2%-ға, ірі қара мал 5,5%-ға, құс – 8,1%-ға, қой мен ешкі 0,8%-ға ұл­­ға­йып­ты. 

2016 жылмен салыстырғанда еттің барлық түрлерінің тірідей салмақтағы өндірісі 5,4%-ға ұлғайыпты. Соңғы үш жыл­дықты назарға алсақ, қой шаруа­шы­лығында едәуір өсім бар екенін көруге болады.

Биыл қаңтар айында Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған А.Евниев:

– Биыл жалпы көлемі 33 мың тонна, келер жылы 40 мың тонна мал өнімін экспорттауға мүмкіндік бар. Қой етін сыртқы нарыққа шығаруға да жол ашылды. Жалғыз «Актеп» компаниясы Иранмен арада 10 000 тонна ет жіберу туралы келісімге қол қойды. Сондықтан кідірудің қажеті жоқ, – деген болатын.

Ауылда  қой шаруашылығы едәуір қар­қын алып дамып келе жатыр. Қазақ­станда биязы жүнді қойды будандас­тыру 3 бағытта жүреді: ет өнімдерін арттыру; жоғары сападағы бия­зы жүнді қой өсіру, етті-майлы қой түрін асыл­­дандыру. Қой шаруашылығының аса маңыз­­ды басты өнімінің бірі – жүн. Қойдан басқа да жүн беретін мал, аң және жануарлар бар, бірақ барлық өндірілетін жүннің 
85-90%-ы қойдан өндіріледі. Сондықтан шұға-ма­­та жеңіл өнеркәсібі үшін қой жүнінің маңызы зор.

 Соңғы жылдары химия өндірісінің дамуына байланысты жасанды және син­тетикалық талшықтар көптеп өндіріліп, олардан тоқылатын кездеме маталар да көбейді. Бұл талшықтарды өндіру әрі арзан, әрі олардың кейбір қажеттері табиғи талшықтан артық та жағдайлары бар. Кейбір қой тұқымдарының жүнінен кілем, алаша, гобелен, қолғап, байпақ, фетр сияқты қажетті заттар тоқылып, жа­салады. Киіз басуға тек қой жүні ғана жарайды. Сондықтан қой жүні халық шаруашылығында кеңінен қолданылып, жоғары бағаланады.

Еліміздегі қой шаруашылығын зерттеу барысында жастардың қой шаруа­шылығымен айналысуға құлшынысы жақсы екені бай­қалуда. Мәселен, мал ша­руашылығымен айналысатындардың 60%-ға жуығы жас­тар санатындағы аза­маттар екен. Елдің экономикалық әлеуе­тінің артуы  мұнай мен шикізаттан кейін мал шаруашылығымен байланысты еке­нін ескерсек, бұл жақсы үрдіс екені түсінікті.

«Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» деген қазақ халқының Шо­пан ата төлімен тұрмыс-тіршілігі өте жақындығын байқауға болады. Қой өте төзімді келетіндіктен, ауа райы өте суық немесе аса ыстық жерлерде де жақсы көбейеді. Құлазыған шөл де, шыңы биік тау да қой жарықтықтың жайылымына жарай береді. Елімізде қой басының көбеюі, ел экономикасының іргелі дамуына жол ашып тұрғанын ғалымдар да растайды. Олай болса, Үкімет тарапынан осы қой шаруашылығын қолдауға көбірек көңіл бөлінгені дұрыс.

 Айдана ТІЛЕУҒАБЫЛОВА