28 Наурыз, 2013

Көктемнің бір күні – жылға азық

1284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктемнің бір күні – жылға азық

Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:41

Егіншіліктің тәуекел аума­ғын­дағы ақтөбелік диқандар өткен жылғы қуаңшылық салдарын ұмыта қойған жоқ. Алайда, «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, қол қусырып қарап отырмағаны да анық. Алдағы көктемде егін алқабының құрылымында бұрынғы жыл­дар­ға қарағанда өзгеріс болады деп күтілуде. Жалпы, егін ал­қабындағы бидайдың үлес салмағын 88 пайыздан 77 пайызға дейін кеміту, оның орнына мал азығындық дақылдар, соның ішінде арпаның үлес салмағын арттыруға бағыт ұсталуда.

Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:41

Егіншіліктің тәуекел аума­ғын­дағы ақтөбелік диқандар өткен жылғы қуаңшылық салдарын ұмыта қойған жоқ. Алайда, «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, қол қусырып қарап отырмағаны да анық. Алдағы көктемде егін алқабының құрылымында бұрынғы жыл­дар­ға қарағанда өзгеріс болады деп күтілуде. Жалпы, егін ал­қабындағы бидайдың үлес салмағын 88 пайыздан 77 пайызға дейін кеміту, оның орнына мал азығындық дақылдар, соның ішінде арпаның үлес салмағын арттыруға бағыт ұсталуда. Бұ­ған ірі ауылшаруашылық құ­рылымдарындағы мал басының бұдан үш жыл бұрынғыға қара­ғанда 20 пайызға дейін көбеюі себеп болып отыр. Сондай-ақ, ал­дағы көктемде егіс салуды тек құнарлылығы жоғары жерлерде жүргізу көзделуде. Яғни негізінен баллбонитеті жоғары Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк және Қарғалы аудандарында егіс салуға басымдылық беріледі. Соның өзінде де егіс алқабын қыстарту көзделуде. Шаш-етектен шығынға батып, егіс салғанмен өнім алынбайтын жерлерде егіншілікпен айналысудан гөрі мал шаруашылығын дамытудың тиімділігі жоғары екенін өмірдің өзі алға тартуда. Сонымен, өткен жылы облыс бойынша 725 мың гектарға егіс салынып, оның 45 пайызы күйіп кетіп, есептен шығарылды. Әр гектардан небәрі 2,9 центнер астық жиналды. Биыл 669 мың гектарға тұқым себілетін болады. Мұнда арпа алқабының өзін былтырғыға қарағанда 31 мың гектарға, мал азығындық дақылдар 10 мың гектарға кеңейтіледі деп күтілуде. 42 мың гектарға майлы дақылдар тұқымы себіледі.

Қуаңшылық салдарынан тұ­қымдық астық жетімсіздеу болып тұр. Дегенмен, қазіргі таңда қажетті тұқымның 60-65 пайызы облыстың ішкі мүмкіндігі арқылы дайындалып қойылды. Сонымен бірге, аудандастырылған дәнді дақылдардың тұқымдық астығын өндірумен айналысатын «Степное» ЖШС-ден 4 мың тонна тұқымдық астық басқа шаруашылықтарға берілмек. Қаржылай жағдайы тұрақты шаруашылықтарға Үкімет те тұқымнан көмектеседі деп кү­тілуде. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясынан бір тоннасы 60 мың теңгеден тұқымдық астық алудың жолдары қарастырылуда. Шаруашылық құрылымдары мен шаруа қожалықтары өзара келісіп, тұқым дайындауды да қолға алып жатыр екен. Қолда бар тұқымдық дәнді дақылдардың барлығы зертханалық тексеруден өткен, шығымдылығы 1 және 2 класс деп бағаланған.

Алдағы көктемде егіс салу үшін жер дайындауға да көңіл бөлінген. Өткен жылы 218 мың га сүдігер жыртылған, 195 мың га пар көтерілген, сондай-ақ, 30 мың га пар химиялық жолмен дайындалған көрінеді. Қысқы кезеңде біразырақ алқапқа қар тоқтату жұмыстары жүргізілген.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының бастығы Мұхтар Жұмағазиевтің айтуынша, көктемгі егіске қажетті жанар-жағармайдан кідіріс болмайды. Үкімет көктемгі да­ла жұмыстарына қажетті же­­­ңіл­­де­тілген бағамен берілетін 10 мың тонна жанар-жағармайды бө­леді. Ал басқар­ма оларды ша­руа­шылық құрылым­дарының тапсырыстары бойынша төледі. Бұл бағытта ешқандай кідіріс болмайды, бұрыннан қа­лыптасқан тәжірибе соны көрсетіп жүр.

Көктемгі егіске пайдаланылатын техниканы дайындауда да ілкімділік бар. Тракторлардың 90 пайызы, егіс құралдарының және топырақ өңдеу техникасының 89 пайызы жөндеуден өткен. Биылғы көктемгі егіске 230 өнім­ділігі жоғары егіс кешендері қа­ты­сатын болады. Бұған қо­сым­ша өткен жылы жаңа 100 «Беларусь» тракторы сатып алыныпты, көктемде солардың да бірқатары далалық жұмыстарға пайдаланылады. Жалпы, биыл ылғал сақтау технологиясына айрықша көңіл бөлінгелі отыр. Сондықтан да көктемгі егіске дайындықты ертерек тиянақтап, науқандық жұмысты уақтылы жүргізудің барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Өткен жылы құрқол қалған ақтөбелік диқандар алдағы көктемнен үмітті. Ауа райының қолайлы мерзімін ұтымды пайдалану үшін тұқымдық астықтың қорын толықтырып, техникасы мен топырақ өңдеу және тұқым себу құралдарын сақадай-сай әзірлеуге жұмылған ақтөбелік диқандардың қазіргі құлшынысы осындай. Олар береке-байлықтың негізі қаланатын көктемнің есік қағып тұрғанын да бек түсінеді. Ал, мұның өзі «Көктемнің әр күні жылға азық» дегенді қаперге ұстайтын шаруа адамын алда қарбалас шаруа күтіп тұрғанын тағы бір еске салғандай.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.