Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Қостанайда есірткі жарнамасына қарсы акция жалғасты

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысы полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіні жарнамалайтын жазуларды жоюға шақыратын акция өткізді. Оған жергілікті «Наша газета» басылымының журналистері де атсалысты, «Аула клубы» ұйымының жасөспірімдері көмекке келді. Бұл жөнінде Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қостанайда есірткі жарнамасына қарсы акция  жалғасты

Полиция қызметкерлері мен журналистер әр еріктіге «Есірткіге жол жоқ!» жейдесі мен бояулар үлестірді. Тәртіп сақшылары мен волонтерлерден, журналистерден құралған топ қаланың шағын аудандарын аралап, үйлердің қабырғасына жазылған есірткі жарнамасын өшірді. Акцияға қатысушылар жұмысын қала орталығындағы Майлин көшесіндегі 16 үйден бастады. Одан кейін 8-ші шағын тұрғын ауданында орналасқан № 16 және 17 үйлерді жарнамадан тазалады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция майоры Айгүл Ерәділова қала тұрғындарын осындай жазбаларды бояп, өшіріп тастауға шақырды.

«Көбінесе жастар әуесқойлықтан осы жазбаларға еріп кетеді, синтетикалық есірткілерге тапсырыс беруді ұсынатын күдікті мазмұны бар сайттарды табады. Біз осыған қарсы күресеміз, есірткі таратушыларды анықтау  жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, жақында ғана автобус аялдамасында графитти (есірткіні жарнамалау) салғаны үшін 2 жас жігіт ұсталды, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері бұл 30-шы акция» дейді Айгүл Ерәділова.

Мұндай жазбаларды тұрғын үйлерде, аялдама павильондарында, гараждарда кездестіруге болады. Бір күн ішінде қатысушылар осындай отыздан астам мекенжайды бояды.

«Біз есірткімен байланысты қандай да бір қылмыстың алдын алуға қатысқанымызға қуаныштымыз. Бұл біз үшін өте қызықты. Өйткені бұл жерде жастардың өмірін басқа арнаға бұрып жіберетін есірткіге қарсы өз еркімен күресіп жүрген жақсы адамдармен бірге жүретініңді түсінесің» деді Қостанай қаласындағы №16 мектептің оқушысы және «Жас сарбаз» аула клубының өкілі Елизавета Радионова.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары  синтетикалық есірткіні сату фактілерін байқаса оны жедел хабарлау керектігін БАҚ көмегі арқылы жұртшылықтың назарына салды. Полиция қызметкерлері хабарламаны алғаннан кейін оны тексереді және ол расталған жағдайда қылмыстық әрекеттің жолын кесу жөнінде қажетті шаралар жүргізеді.


Қостанай