29 Наурыз, 2013

Экспорттық бағыттағы өнім

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экспорттық бағыттағы өнім

Жұма, 29 наурыз 2013 1:31

Экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорындар тоқтап, жаппай жекешелендіру  басталған кезде кешегі дүркіреп тұрған өндіріс орындары ұстағанның қолында, тістегенің аузында кеткенін қазір өкінішпен еске алудан басқа қайран жоқ. Дегенмен, сол талан-таражға түскен  кәсіп­орындардың арасында істің ұты­рын білетін кәсіпкердің қолына тап болғандары шаруасын түзеп, екінші тынысы ашылғанын да көріп жүрміз.  Хромтау ауданы орталығындағы Дөң астық қабылдау элеваторы да қолдан-қолға өтіп сыйымдылығы 75 мың тонна астық қабылдауға мүмкіндік беретін кәсіпорын да талан-таражға түсті, құр сұлбасы ғана қалды. 2004 жылы оны  ас­тық­ты экспортқа шығарумен ай­налысатын «СТК компани»  фирмасы сатып алып, дереу қал­пына келтіру жұмыстарына кірісті. «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» ЖШС болып қайта құрылған кәсіпорын тізгінін нарықтық қатынастарда жұмыс істеп ысылған тәжірибелі маман Абзал Жұбанышев ұстады.

 

Жұма, 29 наурыз 2013 1:31

Экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорындар тоқтап, жаппай жекешелендіру  басталған кезде кешегі дүркіреп тұрған өндіріс орындары ұстағанның қолында, тістегенің аузында кеткенін қазір өкінішпен еске алудан басқа қайран жоқ. Дегенмен, сол талан-таражға түскен  кәсіп­орындардың арасында істің ұты­рын білетін кәсіпкердің қолына тап болғандары шаруасын түзеп, екінші тынысы ашылғанын да көріп жүрміз.  Хромтау ауданы орталығындағы Дөң астық қабылдау элеваторы да қолдан-қолға өтіп сыйымдылығы 75 мың тонна астық қабылдауға мүмкіндік беретін кәсіпорын да талан-таражға түсті, құр сұлбасы ғана қалды. 2004 жылы оны  ас­тық­ты экспортқа шығарумен ай­налысатын «СТК компани»  фирмасы сатып алып, дереу қал­пына келтіру жұмыстарына кірісті. «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» ЖШС болып қайта құрылған кәсіпорын тізгінін нарықтық қатынастарда жұмыс істеп ысылған тәжірибелі маман Абзал Жұбанышев ұстады.

Ол кездегі элеватордың қаңы­ра­ған ғимаратына қараудың өзі жүрегіңді шайлықтырар еді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас екен. Іске бір кірісіп кеткен соң, шегінер жер қалмады, қайта жа­рақ­тандыруды бастап кеттік, деп еске алады кәсіпорын басшысы тәуекелмен шаруа жасаған сәтті қазір.

Фирмаға кәсіпорынды іс­ке қосу үшін қыруар қаржы инвес­тиция салуға тура келді.  Элеватордың ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Кәсіпорынға газ, электр жеткізілді, су құбыры және канализация тартылды. Тек қана технологиялық зерт­­ханаға немістің заманауи қон­дырғыларын орнату 100 мың еуроға түсті. Астық қабылдау және тиеу, өңдеу және сақтау учаскелері жаңғыртылды, 1,5 шақырым кірме жол,  лифт қалпына келтірілді. Бұрынғы механикалық таразы қалпына келтіріліп, компьютермен бас­қарылатын таразы пайдалануға берілді. Жаңадан әкімшілік ғимараты, асхана, қонақ үй салынды. Сөйтіп, элеватор іске қосылып, алыс-жақындағы шаруалардан астық қабылдай бастады.

2007 жылы диірмен құрылысын салу басталып, бір жылдан кейін түріктің озық технологиялық қондырғысы орнатылған ұн тарту зауыты іске қосылды. Бұл диірмен тәулігіне 200 тонна бидай ұнын өндіруге мүмкіндік берді.  Серіктестіктің «Рахат» және «Старт» маркалы ұндары ішкі рынокты ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа да шығарыла бастады.

Алайда, өнімді шикізат тү­рін­де өткізудің тиімсіздігін ес­кер­ген кәсіпорын басшыла­ры макарон цехын салуды қол­ға алып, ол үдемелі индус­трия­­лық-инновациялық да­му бағдарламасы аясында жү­зе­ге асырылды. Өндірісті осылай жаңғыртуға бағыт ұсталды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 750 миллион теңге қаржы салынды. Элеватор аумағында салынған фабрикаға италиялық Раvап фир­масының технологиялық желісі орнатылған. Оның қуаты сағатына 2 тонна қысқа макарон өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Қазір «Статус», «Бота» маркалы он түрлі макарон өндіріледі. Болашақта макарон түрлерін 20-ға жеткізу көзделуде. Сондай-ақ, екінші және үшінші желілерді іске қосып, спагетти, жайма шығару да алдағы күндердің еншісіндегі шаруалар. Мұнда 60 адам еңбекке тартылды. Жергілікті мамандарды шетелдік әріптестері оқытып, тәжірибе жинақтатты.

Серіктестіктің ұны мен макарон бұйымдарына облыс орталығындағы супермаркеттерде, ірі кәсіпорында, көтерме сауда базарларында сұраныс жоғары. Қазір кәсіпорынның өнімдерінің 70 пайызы Ауғанстан,  Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқ­ты алыс-жақын шетелдерге, қалғаны  еліміздің алты облыс­тарына өткізіледі. Ақтөбе нан өнімдері комбинатының өнім­дерінің сапалылығын  2011 жы­лы «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсында екінші орын иеленіп, ал, өткен жылы жеңімпазы болғанын, респуб­ликалық «Алтын сапа» конкур­с­ына қатысқанының өзі  дәлелдей түссе керек. Қазір серіктестікке қарасты барлық өндіріс буындарында 200 адам жұмыс істейді. Серіктестік директоры Абзал Жұбанышевтің айтуынша, бүгін-ертең тағы бір өндірістік желі – нан-бөлке жә­не кондитер бұйымдарын өн­діретін цех іске қосылмақ. Оның тәуліктік қуаты 15 мың дана нан өнімдерін шығаруға есептелген. Оған элеватордың бұрынғы кеңсесі ыңғайластырылып салынып, цехқа түріктің заманау­и қондырғысы орнатылды. Бұл жобаға 4 миллион АҚШ дол­лары жұмсалды. Наурыз айы­ның аяғына таман ашылатын бұл цехта өндірілген нан-бөлке, кондитер бұйымдары хром­таулықтардың сұранысын 60 пайызға қамтамасыз ететін болады.

Өз шикізатың болмай өн­ді­рістің өрге баспайтынын тү­сін­ген серіктестік басшылары Құдықсай селолық округі ау­мағынан  10 мың гектар егістікті 49 жылға пайдалануға жалға алып, дәнді дақылдар өсіруде. «Қазагроқаржы» АҚ арқылы өнімділігі жоғары үш Джон Дир егіс кешенін, осыншама комбайн сатып алды. Жергілікті тұр­ғындардың арасынан тәжірибелі механизаторларды жұмысқа тартып, оларды жаңа техникада жұмыс істеуге оқытылды.

Сөйтіп, алқап  – элеватор – диірмен жүйесін қалыптастырды. Қазір серіктестік көктемгі егіс­ке тиянақты дайындалуда. Тұ­қымдық астық бар, жер өңдеу, тұқым себу техникалары, тракторлар дайындық сапына қойылған. Көктем шығысымен алқапқа шығуға құлшынып отырған серіктестік егіншілері биыл мол өнімнен үмітті.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.