Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Маңғыстау облыстық соты үш кубок иеленді

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының судьялары мен сот қызметкерлері Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы бастамасына қолдау көрсетуде.

Маңғыстау облыстық соты үш кубок иеленді

Маңғыстау облысының мемлекеттік мекемелері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жалпы қоғамда мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында өткен облыстық спартакиадаға аймақтағы барлық мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары, сот қызметкерлері қатысты. Олар шағын футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, теннис секілді спорттың 9 түрінен ойын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасындағы шағын футбол мен баскетболдан  және әйелдер арасындағы волейболдан Маңғыстау облыстық сотының командалары жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлап, үш бірдей кубокты жеңіп алды.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық сотының жетекші маманы Фариза Қазбекқызы волейболдан, Жаңаөзен қалалық сотының сот приставы Темірлан Зәкір мен Тергеу сотының бас маманы Олжас Демегенов баскетболдан облыс бойынша «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды.

Барлық жеңімпаздар спартакиаданың арнайы кубоктарымен, дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Ерлер арасындағы волейболдан үздік ойын көрсеткен сот қызметкерлері Темірлан Зәкір мен Дінмұхаммед Қуантаев Павлодарда өткен республикалық кезеңге қатысты.

Бүгінде Маңғыстау облыстық сотының 60-тан аса судьялары мен сот қызметкерлері жұмыстан бос уақытта тұрақты түрде арнайы спорт кешендерінде дене шынықтырумен айналысып, сот ұжымында өзара психологиялық түсіністік ахуалын қалыптастырып келеді.

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар