«Бекіре-2013» басталды
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:08
Жыл сайын осы мезгілде «Бекіре» акциясы басталады. Мақсат – Жайық-Каспий су бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтар қорына заңсыз қол сұғушылықты болдырмау. Бұл акция кеше тағы да бастау алды. Акцияның қамтитын аумағы өте ауқымды – Жайық-Каспий бассейнінің акваториясында өтеді. Яғни акция бастауын Батыс Қазақстан облысынан алатын Жайық өзені мен Маңғыстау өңірін қоса алғанда Каспий теңізінің өзге мемлекеттермен шектесетін аумағын қамтиды. Осыған орай Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы басқармасының бастығы Әлібек Бұхарбаевтың айтуынша, Атырау, Дамбы, Жылыой, Исатай, Махамбет, Индер, Құрманғазы балық инспекцияларының 86 инспекторы қатысады. Әрине, патрульдік қайықтардың 10 бірлігін, 21 шағын қайық пен 18 автокөлікті акцияның ойдағыдай өтуіне тарту көзделіп отыр.

Өңір аумағында 20 балық қорғау бекеті құрылады. Мұның 13-і тұрақты және 7-уі жылжымалы болады. Бекеттердің 12-сі Жайық өзенінің сағасында, ал 5-уі Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің сағасында орналаспақ, деп мәлім етті газет тілшісіне Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық қорғау басқармасының бөлім бастығы Олег Тушканов. Бұдан бөлек, Каспий теңізінен заңсыз балық аулаушылардың жолын кесу мақсатымен 3 жылжымалы бекет те жұмыс жасамақ. Сондай-ақ, заңсыз ауланған балықтарды тасымалдау фактілерінің алдын алу үшін Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы халықаралық және республикалық маңызы бар көлік жолдарында да жол полициясы басқармасымен бірлескен тосқауыл бекеттері қойылады.
Су маржанын заңсыз жолмен сүзушілер көлік құралдары оңайлықпен бара алмайтын тұстарды паналап, ең жүрдек су көліктерін пайдаланатыны жиі байқалып жүр. Сол себептен балық қорын қорғаушылар акция аясында авиация мүмкіндігін пайдалануды жоспарлап отыр. Бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу мекеніне жетуі үшін су айдыны браконьерлік ау құралдарынан күн сайын тазартылмақ. Бұл акцияның нәтижелі болуына өңірлердегі ішкі істер департаменті мен прокуратура, қаржы полициясы мен шекарашылар да мүдделілік танытуды көздеп отыр.
Браконьерлікпен бітіспес күрес бір акция аясымен шектелмейді. Өйткені, заңсыз балық аулаушылар қыста да, жазда да бекіре тұқымдас бағалы балықтарға қол сұғуын қоймайды. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы басқармасының инспекторлары жыл басынан бері браконьерлерден шамамен 21 тонна 163 кило балық түрлерін тәркілеген. Мұның ішінде 128 кило су маржаны бекіре тұқымдас бағалы балықтар тобына жатады. Сонымен қатар, балық қорғау заңдылығын бұзуға байланысты 834 факт анықталып, 33 іс құқық қорғау органдарына жолданыпты. Демек, браконьерлікке қатысты мұндай деректер әлі де молаятындығы дау тудырмас.
Айтпақшы, бұл акцияға «Нұр Отан» партиясы да қолдау білдірмек ниетін танытты. Партияның Атырау қалалық филиалы жанынан Бауыржан Бимурзин жетекшілік ететін бақылау бекеті құрылып, браконьерлікпен күресте сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қам жасап отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.